Жаңалықтар

Екі басқармаға жаңа басшы тағайындалды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аппарат жиынында екі басқарманың жаңа басшыларын таныстырды.

Облыс әкімінің өкімімен индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып Дархан Ермағанбетов тағайындалды.

Дархан Жанысханұлы Ермағанбетов 2008 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласына келіп, білім және кәсіпкерлік басқармаларында түрлі  қызметтер атқарды. 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі  уақытқа дейін индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Сондай-ақ, облыс басшысы облыстық кәсіпкерлік басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Жаңа лауазымға Ерлан Назаров тағайындалды.

Ерлан Асылбекұлы Назаров 1983 жылы туған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясын, Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі, Дьюка университеті сынды оқу орындарын  (АҚШ) бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы Қызылорда облысындағы статистика басқармасында маман болып  бастаған.

Сонымен қатар, жиында облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева өз еркімен  қызметтен босады.

Жиын барысында  жылу беру маусымының нәтижелері талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов маусымның қалыпты өткенін мәлімдеді. Қатты және сұйық отынмен толық қамтамасыз етіліп, үздіксіз жылу берілген.

Облыс әкімі 2019-2020 жылдары жылыту маусымына дайындықты бастауды және бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Ағымдағы жылы коммуналдық инфрақұрылым нысандарын дайындау үшін 9,4 миллиард теңге бөлінген. Ағымдағы жылдың қазан айына дейін 635 қазандық, 274,5 шақырым жылу желілері, 61,3 шақырым су және кәріз желілері, 173,9 км электр желілері жөндеуден өтіп,  1553 әлеуметтік нысан және 2460 тұрғын үй жылу маусымына дайындалуы тиіс.

Жиын соңында облыс әкімі Ақтөбе қаласындағы бау-бақша ұжымдарының, сонымен қатар Шұбарши және Кеңқияқ  ауылдарының тұрмысына қатысты тапсырма берді.

«Жазғы бау-бақша маусымы басталды. Бау-бақша ұжымдарының тұрғындарына сумен қамтамасыз етуде  тікелей көмек көрсету жолдарын қарастырыңыздар. Шұбарши мен Кеңқияқта да суға қатысты мәселе туындап отыр, бұл бірінші жыл емес. Тез арада  оларды шешу керек», — деді Оңдасын Оразалин

Облыс басшысы өңірде бірде-бір елді мекен тұрғындары  су мәселесінен таршылық көрмеуі қажеттігін, егер қандай да бір  мәселе туындаған жағдайда  мүмкіндігінше тезірек шешу керектігін  атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button