Жаңалықтар

Сарапшылар сайлауды талқылады

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде алдағы Президент сайлауына қатысты «2019 жылғы электоралды компанияның ерекшеліктері» тақырыбында сараптамалық талқылау өтті. Басқосуға отандық сарапшылар мен ғалымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен үкіметтік емес ұйымдардан өкілдер, білім, мәдениет саласы мекемелерінің басшылары қатысты.

Кездесуде алғашқылардың бірі болып сөз алған саясаттанушы Ерлан Саиров: «Әрбір сайлау қоғамның саяси мәдениетін өсірудің құралы. Осындай саяси циклдер елімізге демократиялық негізгі құндылықтарды алып келеді. Бүгінгі таңда  азаматтар сайлауға өз қызығушылығын туғызып жатыр. Қоғамда әртүрлі пікір бар. Сондықтан осындай талқылаудың өзі халықтың қоғамдық, оның ішінде сайлау процестеріне қызығушылығының бар екендігін аңғартады», — деді.

Сайлау тақырыбындағы талқылауды тыңдағандардың дені — студент жастар. Саясаттанушы мұны былайша түсіндірді: «Жастар — біздің болашағымыз. Жастардың әлеуметтік, қоғамдық, рухани, саяси белсенділігі күннен-күнге артып келеді. Міне, осы тұрғыда жастарға саяси белсенділікті дамытып, оларға қол ұшын беру мәселесі өте өзекті».

Сараптамалық талқылауға қатысушылар алдағы сайлау науқанының негізгі ерекшеліктерін айтты. Нақтырақ айтсақ, науқан барлық қажетті стандарттарды сақтай отырып, ашық және қарқынды өтетіндігі атап өтілді. Сарапшылар Марат Шибұтов, Андрей Чеботаревтар да осы тақырыпта өз ойларымен бөлісті. Профессор, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы «2019 жылғы сайлау және Қазақстан қоғамы» тақырыбында баяндаса, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, профессор Алтай Тайжанов та өзіндік пікірін ортаға салды.

Сарапшылар басқосуда президенттік сайлаудың нәтижесі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ететініне сенім білдірді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button