Жаңалықтар

Жігермен өрілген өмір

Елдің еңсесі биік марқасқа азаматтарына деген құрмет — қазақы дәстүрдің атадан балаға жалғасып келе жатқан алтын арқауының бір тіні. Бүкіл ғұмыры Ырғыздың Торғаймен шектесіп жатқан, шашылып түскен моншақтай көлдерімен, қыздың қос бұрымындай қатар аққан өзендерімен өзгеше Нұра дейтін ғажайып өңірде қой соңында өткізген Сәрсенбай ақсақал тұңғыш перзентті болғанда есімін қоюға көп толқымаған болар. «Перзентінен даналық күтетін» әке мен ана дүние есігін ашқан шақалаққа Нұрқасым деген ат беріпті.

Сол кездегі Ырғыз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, атқарған істері бүгінде аңызға айналған, Ырғыз елінің тізгінін ұстаған жеті жыл ішінде осы өңірдің 23 азаматы кеуделеріне алтын жұлдыз тағып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған Нұрқасым Бердіқұловтың құрметіне. Сол сәби, бүгінгі Нұрекең — Нұрқасым Сәрсенбайұлы ата-анасы «елге елеулі азамат болар» деп ырымдап қойған есіміне кір жұқтырмай, жетпісінші белесіне биік абыроймен жетіп отыр.

Мектеп бітіргеннен кейін малсақ бала Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтқа талап қылды, бірақ жолы болмады. Мектепте әдебиет, тарих секілді пәндерді үздік оқыған, келесі жылы еліміздегі жоғары білім ордаларының қарашаңырағы Абай атындағы ҚазПИ-ге оқуға түсті. Институтта үздік оқыды, курстың старостасы болды. Диплом алғаннан кейін туған жер, жастары ұлғайған әке мен шеше алдындағы перзенттік парыз елге тартты да тұрды. Ұлы Абай елінің өзі әнші, өзі көркем қызы, оқуды бірге бітірген Сәулесін ертіп, Ырғызға келді. Еңбек жолын аудандық білім бөлімінің мектеп инспекторынан бастады. Осында бірер жыл қызмет жасағаннан кейін сол дәуірдің жас кадрларға көрсетілетін ең үлкен сенімі коммунистік партия қатарына қабылданды және алдымен «Білім» қоғамына, ұзамай аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне тартылды.

1980 жылы отыздан енді асқанда аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Жігерлі жас кадр өз міндетін мінсіз атқарып көзге ілінді.

Сол жылдары республиканың аға газеті «Социалистік Қазақстанда» белгілі жазушы Үмбетбай Уайдиннің «Ырғызда музей неге жоқ?» деген мақаласы жарияланды. Облыстық, аудандық партия комитеттері, кеңес органдары мақалаға үн қатып, мәселе дұрыс көтерілгенін, тарихы бай Ырғызда музей ашу шаралары алынатынын мәлімдеді. Қолға алынған бұл жұмыстың бүкіл ауыртпалығы мен жауапкершілігі аудандық мәдениет бөліміне жүктелді.

Сол кездегі кеңшар директоры, үлкен қайраткер азамат Лайық Шоқпаров музей ғимаратын салып беруді өз мойнына алды және бұл жұмысты жедел бітіріп берді. Ендігі шаруаға Нұрекең белсене кірісті, ішкі әрлеу, безендіру жұмыстарына інілері, сурет өнерінің жоғары білімді мамандары Құдаш Жүсіпов пен Шәміл Махановты тартты. Музей меңгерушісі болуға аудан тұрғындарына сыйлы, қарт ұстаз Бердібай Баудияровқа ұсыныс жасады. Ондағы ойы аудандағы кеңшар директорлары мен партком хатшыларының көбі бір кезде осы кісінің алдынан шыққан шәкірттері еді. Музейге экспонат жинауға елге қадірлі қарияның беделін осылай пайдаланды.

Ауданда фольклорлық ансамбль ұйымдастыруы  мәдениет саласына басшылық жасаған жылдары  атқарған тағы бір көрнекті ісі еді. Сол жылдары Шымкент мәдениет институтын бітірген Ерболат Жүсіпов зайыбы Аққызбен және Даража, Орынтай есімді жас кадрлар Ырғыз музыка мектебінде қызмет жасайтын. Осындай жас өнерпаздардан құралған «Ырғыз» фольклорлық ансамблі аз уақытта ауданда ғана емес, көршілес аймақтарға кең танымал бола бастағаннан кейін «халық ансамблі» атағын алуға үміт оянды. Ол үшін жас өнер ұжымының шеберлігін шыңдай түсу мақсатында Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің мұғалімі Ахметжан Бақдәулетовті ансамбльді дайындауға алдырды. 1985 жылы ақпан  айында Алматыдан келген комиссия ансамбль өнерін жоғары бағалап, «халықтық фольклорлық ансамбль» атағын берді.

Нұрқасым Сәрсенбайұлы аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болғанда да білім мен біліктілігін көрсетіп, әр істің ретін таба білетін. Тәжірибелі азамат 1990 жылы аудандық кеңес төрағасының орынбасары, ал бір жылдан соң төрағасы болып сайланды.

1991 жылы мемлекет қайраткері, Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы болған, Ырғыз топырағының төл перзенті Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына 100 жыл толуын кіндік қаны тамған елінде атап өту белгіленді. Мерейтойды өткізу жөніндегі комиссия төрағасы Нұрқасым Сәрсенбайұлының біліктілігі мен іскерлігі сынға түскен шара еді ол.  Уақыт қанша қиын болғанмен, белгіленген мереке өтуі керек, «тас түскен жеріне ауыр». Ұстараның жүзіне іліккендей қиналып жүрген сол бір күндердің бірінде кабинетіне елдік істердің үлкен жанашыры Лайық Шоқпаров келді.

— Нұрқасым, бұл — көптің шаруасы. Сен көп қиналма, бізге тапсырманы бөліп бер, кешегі күні қазақ үшін қыруар іс атқарып, өзі қиянаттың құрбаны болған ағамыздың рухына бір қызмет жасай алмасақ, несіне жер басып жүрміз? — деген-ді Лайық ағамыз. Сол шараға Алматыдан Ұзақбайдың ұрпақтары Кәбира, Орынша, Болат және Мардан Байділдаев, Өтебай Канахин, Үмбетбай Уайдин секілді исі қазаққа есімдері белгілі тұлғалар келді.

Сонда ұлт руханиятының үлкен қайраткері Мардан ағамыз: «Алаштың талай аймаңдай ұлдарының кіндігі кесілген топырақтың намысы сөнбеген, елдік іске белсеніп кірісетін азаматтары бар екен», — деп ризашылық сөз айтқан-ды. Көзі жұмылғанша «қазағым» деп өткен тұлғаның бұл пікірі сол мерейтойды уақыттың қиындығын елеттірмей, белгіленген шараларды ізденімпаздықпен ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізген Нұрқасым мен Лайық ағаларымызға арналғанына куә болғанбыз.

1994-2007 жылдар аралығында аудан әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болды. Бұл жылдар ел басындағы ауыртпалықтың тұманы әлі сейілмей тұрған кез еді.  Қиындыққа езілмей, одан шығатын жол іздеу намысты, жігерлі жандарға тән қасиет десек, сол бір «ел ерге қараған»  шақта да ел еңсесін түсірмеу үшін ойы онға бөлінген сәттері аз болған жоқ. Ауданның сол кездегі әкімі Жеткерген Оралмағамбетовпен бір әңгіме барысында «халықтың, әсіресе жастардың рухын көтеру үшін аудан өнерпаздарының басын қосып, бір мәдени шара өткізейік» деп ұсыныс айтқан-ды. Әкім бұл ұсынысты бірден қолдап, «ендеше оның ауқымын кеңейтіп, аймақтық етіп ұйымдастырайық, сен осы істі қолға ал, керек қаржыны мен тауып беремін» деп жігерлендірген. «Аймақты әнмен тербетіп…» атты өнер мерекесі өмірге осылай келген. Нұрекеңнің «елдің рухын көтерейік» деген бірауыз сөзінен бастау алған, алғашқы жылдары көршілес Торғай, Арал, Қазалы, Шалқар, Әйтеке би аудандарының өнерпаздары шақырылса, кейін облыстың барлық аудандары, ал былтырдан бері еліміздің барлық өңірінің өнерпаздары қатыса бастаған сол фестиваль бүгінде республикалық деңгейдегі өнер мерекесі мәртебесін иеленіп отыр. Елімізге есімдері танымал көптеген әнші-жыршылардың өнердегі тұсауын кескен де осы фестиваль еді. Азамат атқарған ізгі істер осылай шапағатын көпке тигізіп, қанатын кең жайып келеді.

Нұрекеңнің өзіміз қызығатын бір қасиеті — тоқмейілсу деген нәрсе бұл кісіге жат. Қазақ әдебиетінің көрнекті шығармаларын түгел оқып тауысқан ағамыз жаңа шыққан кітаптарды іздеп жүргені. Нұрекеңнің тағы бір қыры — ақындығы. Ертеректе, жоғарыдағы өнер мерекесін өткізер тұста болса керек, аудандағы қолға қалам ұстап жүрген, әдебиетке жақын іні-қарындастарын жинап «Ырғыздың өз әнұранын жазыңдар» деп тапсырма берген. Бірақ елгезектігінен ертеңі алда жүретін кішілер ешнәрсе бітірмеген болуы керек, қалам-қағазын қолға алып, сол ән мәтінін өзі жазды. Әуенін ол кезде әуесқой жас сазгер Нұрталап Жүсіпов жазған «Ырғызым — ырысым» әні бүгінде осы өңірдің әнұранына айналды. Ал құрдасы Мырзалыға арнаған әзіл өлеңдері пародия жанрының нағыз көркем үлгісі.

Нұрекең қай қызметке барса да сол қызметтің бағын жандырып, берекесін кіргізді, халықпен тіл табысып жұмыс істеді, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. 2007 жылы Ырғыз өңірінің жан-жануарларын, негізінен киіктерді қорғауға арналған «Ырғыз – Торғай табиғи резерваты» мекемесі құрылды. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын мекеменің директорлығына бірнеше үміткер ұсынылып, лауазымды комиссияның ұйғарымымен Нұрқасым Сәрсенбайұлы бекітілді. Бұл жерде үміткердің резерват аумағын жақсы білетіндігі ғана емес, іскерлігі, адалдығы, ұйымдастырушылық қабілеті ескерілгендігі анық. Осы мекемені аяғынан қаз тұрғызып, бүгінде киіктерді қорғайтын республикалық маңызы бар үлкен ұжымға айналдыруға Нұрекең зор еңбек сіңіргені барша жұртқа аян.

Ел мүддесі таразыға түсер кездерде Нұрекеңнің тартынып қалған жері жоқ, қайта намысына қанат бітіріп алға ұмтылады. Нұра, Тәуіп өңірлеріндегі өзен-көлдерге су түсуі тікелей тәуелді болатын Қыл мен Қожа дейтін бөгеттерді салу үшін министрліктерге дейін хат жолдап, депутаттар алдында мәселе көтергені — осы сөзіміздің айғағы. Осындай өрелі істері ағамыздың тұлғалық бейнесін биіктете түседі.

Нұрекең — жар таңдауда да бағы жанған азамат. Зайыбы Сәуле — қазанын оттан, отағасын аттан түсірмей, шаңырағының жылуын ортайтпаған, ұзақ жылдар бойғы ұстаздық қызметінде де мерейі биік болып, жұмысынан да қалмай, Нұрекеңнің таусылмайтын қонақтарын да күтіп, өз балаларына да жақсы тәрбие беріп өсірген абзал ана. Сәуле жеңгеміздің айтпай кетуге болмайтын бір қыры — әншілігі. Абай әндерін шырқағанда талғамы биік талай тыңдарманды мойындатқан. Тіпті атақты профессор Темірбек Қожакеев сатирик-жазушы Үмбетбай Уайдиннің туған жеріндегі 60 жасқа толу тойына келгенде әніне риза болғаны сондай — өзіне аудан мінгізген атты «мынадай ғажап әнші қарындасыма сарқытым, маған атағы жетеді» деп Сәулеге сыйлап кеткен. Осынау бірін-бірі толықтырып тұратын жарасты жұптың балалары мен немерелері де білімді, тәрбиелі. Олардың үлкені Әбілғазы біраз жылдан бері аудандық кірістер басқармасының басшысы, мінсіз еңбегі үшін өткен жылы «Республика салық саласының үздік қызметкері» белгісіне ие болды. Құралайы мен Ерболы да жоғары білімді, өз кәсіптерінің абыройлы мамандары. Мектепті үздік бітірген Ердәулет пен Дәурен жоғары оқу орындарында грантпен оқып жүр.

Нұрекең бүгінде 70 деген бедерлі белеске көтеріліп отыр. Артында  өмір жолдарының жігермен, намыспен, ақылмен, біліммен өрнектелген іздері жатыр. Бүгінде облыс әкімінің Ырғыз ауданы бойынша көмекшісі.  Cол ұзақ жылдар бойғы елге жасаған еңбегінің бағасындай «Ырғыз ауданының құрметті азаматы», «Облысқа ерекше еңбегі сіңген» атақтарының иегері.

Нұра өңірінен шыққан ақын Серік Сатанов «өзендері оркестр құрап аққан» деп жырлаған ғажайып өлкеде Нұрекең дүниеге келген. Бойына сол әсем табиғаттың қасиеттері дарыған азаматқа қазіргі ұрпақ сізден кісілік пен кішілікті, туып-өскен жерін қадірлей білуді және елге қызмет ету сабақтарын үйренсін дегіміз келеді.

Рахымжан ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button