Басты жаңалықтарМереке

Мерекелік шаралар 8 алаңда ұйымдастырылады

Биыл 1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесі облыста кең көлемде атап өтілмек.

Атап айтсақ, биыл мереке күнгі салтанатты шаралар «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында, «Ақтөбе Арбаты» алаңында, «Керуен сити» ойын-сауық сауда орталығында, «Ретро» және А.С.Пушкин атындағы демалыс саябақтарында, сондай-ақ Астана ауданындағы Шығармашылық академиясы ғимараты мен Алматы ауданында орналасқан №60 жалпы білім беретін орта мектеп алаңында өткізіледі.

Мерекелік шаралар 1 мамыр күні «Қазақ халқына мың алғыс!» стелласы алаңында «Татулығымыз бір шаңырақ астында» атты салтанатты шарамен басталады. Оған облыс әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері, этномәдени орталықтардың мүшелері, қала тұрғындары қатысады. Шарада өзге ұлт өкілдері өз өнерлерін ортаға салып, театрландырылған қойылым қояды. Ал ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында өтетін мерекелік шарада спорттық сайыстар ұйымдастырылып, қолөнер шеберлерінің көрмесі, өзге ұлт өкілдерінің ұлттық- мерекелік тағамдарының көрме-жәрмеңкесі өткізіледі.

Сонымен қатар бұл күні «Ұлттық биім — елге сыйым» атты би ұжымдары фестивалінің жабылуы мен гала-концерті өтеді.

  • Бұл мереке жыл сайын облысымызда ерекше дайындықпен, сән-салтанатпен атап өтіледі. Халықтар достығы, ұлттар арасындағы ауызбіршілік — біздің еліміздің басты байлығы. Биылғы мерекелік бағдарламаның бір ерекшелігі, шаралар қала бойынша 8 алаңда өткізіледі. Алаңдарда мерекелік концерттер, көрмелер ұйымдастырылып, ойын-сауық бағдарламалары жүргізіліп, тұрғындарға викториналық сұрақтар қойылады. Сондықтан Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шараларға барлық қала тұрғындары мен қонақтарын шақырамыз, — дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова.

Д.ТАУАНОВА.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button