Билік

Ақтөбе өткен жылы қаржы дағдарысын сезінген жоқ.

Биыл да қарқынды дамуды көріп отырмыз

Өткен аптада облысымызға іссапармен келген Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ осылай деді.

Бұл — 100 аурухананың бірі!

Өңірдің экономикалық, әлеуметтік дамуымен, үдемелі индустриялды-инновациялық бағдарламаның, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатында Ақтөбеге жұмыс сапарымен  келген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ең алдымен облыстық көпсалалы балалар ауруханасы құрылысымен танысты.

Премьер-Министрге «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынып жатқан аурухана құрылысының жүргізілуі, қаржыландырылуы және аурухананы жабдықтап, іске қосуға қатысты жоспарлар жөнінде Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев баяндады. Премьер-Министр аталмыш нысан құрылысын жүргізіп жатқан «Мастак» ЖШС-ның директоры Игорь Пикуринге ғимаратты белгіленген уақытта – үстіміздегі жылдың желтоқсан айында дайын етуді тапсырды.

Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы  — «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Ақтөбе өңірінде жоспарланған бес үлкен жобаның  бірі. Нысанның жобалық сметалық құны 4400,0 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ инженерлік желілер жеткізу мақсатында облыстық бюджеттен 117,39 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні құрылысты аяқтау үшін қосымша 1053,07 миллион теңге қаражат қажет.

Қазір облыстық балалар ауруханасы 1950-жылдары салынған ғимаратта орналасқан. Оның жалпы алаңы — 5300 шаршы метр.  Ал жаңа ғимараттың жалпы алаңы 25744 шаршы метр. Бүгінгі аурухана 160 орындық болса, жаңа аурухана — 200 кереуеттік. Әйткенмен, жаңа аурухана құрылысын қолға алғандағы басты мақсат — кереует санын  арттыру емес, медициналық  қызмет сапасын жаңа сатыға көтеру, халықаралық талаптарға сай  жоғары деңгейге жеткізу болып табылады. Жаңа аурухананың  гематология, кардиоревматология, пульмология, аллергология, офтальмология, эндокринология, жансақтау, сәулелік диагностика, т.б. бөлімдері — барлығы 12 бөлім — бүгінгі заманғы ең озық медициналық құралдармен жабдықталатын  болады.  Мұнда магниттік-серпіндік және компьютерлік томографтар орнатылатын болады. Науқастарға қажетті оттекті газ  бұрынғыдай баллон арқылы емес, орталық станса арқылы жеткізіледі. Емдеу процесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге негіз болатын басқа да көптеген жаңалықтар енгізіледі.

Ал маман мәселесіне келсек, бүгінгі күні олардың бір бөлігі шет елдерде,  өз елімізде оқып, жаңа техникамен жұмыс істеуді  игерген. Жалпы, облыстық денсаулық сақтау саласы басшылары жаңа ауруханада маман жағынан тапшылық болмайтынына сенімді. «Ақтөбелік мамандардың бедел-білігіне бүкіл ел сенеді», — дейді олар. Оған дәлел, облыстық балалар ауруханасына жыл басынан бері еліміздің басқа өңірлерінен 62 бала келіп емделіпті.  Ал балалар хирургиясы саласында кейбір күрделі ота түрлерін ақтөбелік дәрігерлер  Қазақстан, тіпті ТМД елдері арасында бірінші болып жүзеге асырған.

Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы құрылысына студенттік құрылыс жасақтары да көмек көрсетіп жүр. Мұнда Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің және С.Бәйішев атындағы университеттің студенттерінен құралған жасақтар еңбек етіп жатыр. Бүгінде ішкі жұмыстары жүргізіліп жатқан ғимарат алдында олар Үкімет басшысын сапқа тізіліп қарсы алды. Студенттік құрылыс жасағының комиссары Бибігүл Ақжігітова Премьер-Министрге өздерінің осы құрылысқа — Елбасы бастамасымен қолға алынған бағдарлама аясында салынып жатқан  құрылысқа қосқан үлестері жөнінде әңгімелей келіп, сөзін:

—    Біз әрдайым Елбасы саясатын қолдауға әзірміз, — деп аяқтады.

—    Ең бастысы да  — осы, — деп, бұл сөзге ризашылығын білдірген Премьер-Министр бір кезде өзінің де студенттік құрылыс отрядының комиссары болғанын жеткізді. Ол студенттерге табыс тілеп,  жылы қоштасты.

Жаңа өндіріс іске қосылды

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Ақтөбенің металл емес құбырлар зауыты» акционерлік қоғамына  барды.

Бұл зауыт еліміздің индустриялды-инновациялық даму стратегиясының аясында 2005 жылы іске қосылған болатын. Қазіргі күні өнімнің бірнеше түрін шығарады. Үкімет басшысы зауыттың ыстық сумен жабдықтау жүйесіне арналған  шыны талшықты құбыр өндірісін іске қосты. Зауыттың бас директоры Ян Тампаевтың айтуынша, бұл — ТМД елдерінің арасында алғаш рет қолға алынып отырған жоба. Яғни, зауыттың  жылына 320 шақырым шыны талшықты құбыр шығаруға мүмкіндігі бар.

Қазіргі күні еліміздің және Ресейдің жылу жүйелеріне полиэтилен, шойын, бетон құбырлар пайдаланылып келеді. Бұндай құбырлардың іші  тез тоттанып кетсе, сырты тез тозуға бейім. Сыртқы қорғаныс қаптамасы болғанның өзінде ұзақ жылдарға шыдамайды. Ал шыны талшықты құбырлардың олардан артықшылықтары өте көп. Біріншіден, тот баспайды, яғни  құбырға ыстық су әсер етпейтіндіктен, сол күйінде сақталып, 30-50 жылға дейін сыр бермейді. Екіншіден,  оны құрылыс кезінде орналастыру оңай. Сондықтан қаланың жылу жүйелері осы құбырға ауыстырылуы керек. Алдағы уақытта арнайы келісім бойынша қаланың белгілі бір аумағына тәжірибе жүргізіп көрмекпіз, — деді зауыт директоры.

Зауыт  екі түрлі технология бойынша жұмыс жүргізеді. Біріншісі, құбырды тікелей орау арқылы шығарса, екіншісі, көлденең түрде жүзеге асады. Соңғы технология жоғары қысымға негізделген. Келешекте әр түрлі қоспаларды алуға байланысты суға, мұнай мен газға қажет құбырларды да шығару жоспарланып отыр. Жалпы, өнімнің 70 пайызы Ресейге жөнелтіледі.

Үкімет басшысы мен ресми өкілдерге зауыт жұмысымен қатар облыста индустриялды-инновациялық бағдарламаның аясында жүзеге асып жатқан жобалар да таныстырылды. Оның ішінде «Ақтөбе рентген» зауыты, «Көктас-Ақтөбе», «Компания Текше Тас», «Ситал-2», «Мұғалжар Нефтестрой», «Теміржол құрылыс Атырау», «Қазақтүрікмұнай» секілді ірі серіктестіктер бар. Жалпы, биылғы жылы облыста аталған бағдарламаның аясында  инвестициялық құны 109,3 миллиард теңгені құрайтын 24 жоба пайдалануға берілмек.

Үкімет басшысының бұдан кейінгі сапары Мәртөк ауданында жалғасты.

Жоба межесі —  жылына 7,2 мың тонна сүт өндіру

Премьер-министр Кәрім Мәсімов бастаған делегация Мәртөк ауданының Саржансай ауылының шет жағында орналасқан «Айс» ЖШС сүт-тауар фермасына барды.

Серіктестік қаладағы сүт нарығының 70 пайызын қамтып, тіпті көрші Маңғыстау, Атырау облыстарының кей қалаларына да өз өнімдерін жеткізіп отыр.

«Айс» ЖШС директорының орынбасары Смағұл Бейсембаев Үкімет басшысы бастаған топқа шаруа жайын таныстырды:

— Облыста түрлі бағыттағы 5 кластер құрылды. Оның бірі — сүт-тауар шаруашылығына арналған кластер. Ал «Айс» серіктестігі —  нарыққа сүт өнімдерін ұсынып отырған ірі кәсіпорын. Кәсіпорын өз өнімдерімен нарықты толық қамту үшін құрғақ сүт те шығарады. Толық айтқанда, 40 шақты сүт өнімдерін, 20 түрлі балмұздақ өндіреді. Мұндай мол өнімге голландиялық сүтті сиырларды күтіп баптаудың арқасында қол жеткізіледі. Бір сауын сиыр жылына шамамен 7 мың литр сүт береді. Алғашқы жартыжылдықта үдемелі индустриялды-инновациялық бағдарлама аясында сүт өнімдерін экспорттауға бағытталған жобаны іске қостық. Жобаны жүзеге асырудағы инвестиция көлемі — 31116,8 млн. теңге. Қаржы көзі негізінен «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан және жеке құрылтайшы есебінен тартылды. Жаңа жоба бойынша жылына 7,2 мың тонна сүт өндіру жоспарланып отыр.

Басшылар фермадағы сиыр қораның жағдайын көрді: құлақтарында «төлқұжаттары» бар сиырлар күйіс қайырып тұр. Қора төбесі күн райына қарай ашып-жабуға қолайлы жасалған. Бір бұрышы —  мал қасынуға арналған орын. Жоғарыда бірнеше жерде желдеткіштер орнатылған. Бұл жердің жұмысы автоматтандырылғандықтан, сонша көп шаруаны бес-ақ адам жасап жүр.

Негізі, фермада 550 бас ірі қараға арналған 2 мал қора, 1200 бұзауға арналған 3 қора, тәулігіне 23,6 тонна сүт сауылатын зал, 1000 тонналық 2 астық қоймасы, қоспа жем цехы мен өзге де көмекші нысандар бар. Сүт-тауар фермасын іске қосу арқылы 73 жаңа жұмыс орны ашылыпты.

Нысан басында шаруа жайымен таныстыра келе «Айс» ЖШС директорының орынбасары Смағұл Бейсембаев Үкімет басшысына қазір жепшөп жайы қиындық келтіріп тұрғанын айтып, осы жағдайда жемшөпті тасымалдауға кететін шығынның  50 пайызына субсидия бөлуді сұрады. Премьер-министр ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевқа бұл ұсынысты аяқсыз қалдырмауды тапсырды. Ал ауыл шаруашылығы министрі облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа: «Бар мүмкіндікті қарастырыңдар!» — деді.

Сондай-ақ «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдинг» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Берік Бисенғалиев те агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруда акционерлік қоғам атқарып жатқан жұмыстарды қысқаша баяндады.

«Казкоммерцбанктегі» әңгіме

Сапар барысында Астанадан келген қонақтар «Казкоммерцбанк» АҚ Ақтөбе филиалының жаңа ғимаратының ашылуына да қатысты. Қазір «Казкоммерцбанк» АҚ филиалының орталық офис пен 5 операциялық бөлімшелерін қосқанда клиенттерге қызмет көрсететін 6 нүктесі бар. Орталық офистің жалпы аумағы — 4007 шаршы метр. Бірінші қабатта заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ осы жерде тұсаукесерлер мен кездесулер, сұхбат жүргізуге арналған мәжіліс залы орналасқан.

Ғимараттың үшінші қабатында орналасқан мәжіліс залында өткен үкіметтік делегацияның облыстың іскер ортасымен кездесуінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының Ақтөбеде қалай жүзеге асырылып жатқандығы мен жергілікті атқарушы биліктің екінші деңгейлі банктермен бірлесе жасап жатқан жұмыстары сөз болды.

Облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова бұл мәселелерге кеңінен тоқталды.

— Аталған бағдарлама аясында үдемелі индустрияландыру, аймақтық кәсіпкерлік пен экономиканың шикізаттық емес секторының тұрақты түрде өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар жұмыс орындарын сақтау мен жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Экономиканың басым бағыттары анықталды, олар —   ауылшаруашылығы кешені, жеңіл өнеркәсіп пен жиһаз шығару, машина құрылысы, құрылыс бұйымдарын шығару мен денсаулық сақтау және білім салалары, басқа да халыққа қызмет көрсету салалары. Келісімге сай облыс кәсіпкерлері 630,0 млн. теңге шамасында қаржылық қолдауға ие болады, — деді Р.Кемалова.

Бұл қаржы пайыздық ставкаларды субсидиялауға, кепілді несие беруге, экспортқа бағытталған өндірісті қолдауға, индустриялды инфрақұрылымды дамытуға жұмсалмақ. Бағдарламаны нәтижелі атқару жолында бизнес пен мемлекет, қаржы институттары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға мүдделі. Бағдарламаға екінші деңгейлі банктердің 11 филиалы қатысып жатыр.

Облыс әкімдігі өңірдегі екінші деңгейлі банктердің филиалдарымен және кәсіпкерлермен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту  қорымен бірлесіп жобаларды іріктеу жұмыстарын жүргізді. Қазір екінші деңгейлі банктерге жалпы несиелік құны 9,8 млрд. теңге болатын 69 кәсіпорыннан ұсыныс келіп түскен. Әзірге 6,1 млрд. теңгенің 25 жобасы банктердің бас кеңселерінде қаралып жатыр. Ал мақұлданған бес жоба үшін бастапқы сома ретінде 74,0 млн. теңге бөлінген.

Р.Кемалованың айтуынша, бизнесмендерді «Жол картасының» сервистік қолдау бағыты қызықтырып отыр. Аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында экономикалық даму және сауда министрлігі жалпы сомасы 25,0 млн. теңге болатын бизнесті жүргізуді сервистік қолдау бойынша 28 тапсырысты мақұлдады. «Жол картасының» өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 15107 млн. теңгенің 5 жобасы қолдау тауып отыр.

— Кез келген жобаның инфрақұрылымдық мәселесі — газдандыру екені белгілі. Өкінішке қарай, бұл нормативтік құжаттарда көрсетілмеген, соның салдарынан инфрақұрылымдық қолдау шектеулі болып отыр. Сондықтан біз жол, канализация, жылумен, сумен және электрмен қамтамасыз ету, телефондандыру секілді құрылдымдар кірген тізімге газдандыруды да енгізуді ұсынамыз. Бұл экономика мен облыс халқы үшін маңызды боп отырған нысандар үшін мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау болар еді, — деді Р.Кемалова.

«Бұны ескеру керек, бұл — өте маңызды мәселе!» — деді Премьер-Министр осы тұста сөзге араласып.

Р.Кемалова сондай-ақ экономикалық даму және сауда министрлігімен кәсіпкерлікті кедергісіз дамыту бағытында аймақ үшін маңызды жобаларға қатысты құжаттарды әзірлеу барысында қазіргіден де гөрі тығыз жұмыс жасау қажеттігін айтты.

Бұлай болатын реті де бар. Өйткені, «Кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Болат Мұқышевтің айтқанындай, Ақтөбе облысы ұсынып отырған жобалардың жартысы дерлік жаңа бағыттағы жобалар. Оның айтуынша, осы жылдың 1 маусымындағы дерек бойынша, біздің облыста 28 млрд. теңгенің 639 жобасы қаржыландырылған. Бұл бағытта БТА банкі, Халық және Жинақ банктері белсенділік танытқан.

Осы банктердің бірі — «БТА Банк» АҚ облыстағы филиалының директоры Дания Еспаева кәсіпкерлікті, соның ішінде ауылдық тауар өндірушілерін несиелендіру бағытында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтты:

— Біздің диқандарға соңғы үш жыл тым ауыр тиді. Оның үстіне «Жол картасы» аясында ауыл шаруашылығы саласының тек қана өсімдік шаруашылығын несиелендіру бағыты жоқ. «Жол картасы» бойынша жол құрылысы да несиелендірілмейді. Ал аумағынан «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» трансұлттық дәлізі өтіп жатқан біздің өңір үшін бұл өте маңызды бағыт, — дей келе Д.Еспаева, әсіресе, ауылшаруашылығына осы қиын кезде қолдау қажеттігін айтты.

Облыс шаруаларының атынан сөйлеген «Құмқұдық» ЖШС директоры А.Чемоданов қазір ауыл шаруашылығы саласын қолдау бағытында облыс әкімі Елеусін Сағындықов үлкен жұмыстар атқарып жатқанын тілге тиек етті.

— Десек те, жалғыз әкім барлық мәселені шеше алмайды, бізге Ауыл шаруашылығы министрлігінің көмегі ауадай қажет. Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, сізден келесі мәселелерге қатысты көмек сұраймын: біріншіден, шаруалардың алған қарыздарын өтеу уақытын үш жылға созу керек, екіншіден, нан бағасын тұрақты ұстап тұру үшін тиісті шаралар қабылдауды сұраймыз және келесі жылға қажетті тұқым жеткізіп беру мәселесін шешіп берсеңіз… — деп Чемоданов К.Мәсімовке қарады. Мәсімов Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевқа қарады:

— Құрғақшылық салдарынан мал түгел пышаққа түспеуі керек. Бұл — саяси тапсырма. Осылай деп барлық фермерге жеткізіңіз.

Ақылбек Қажығұлұлы, мен сізге бір апта уақыт беремін. Келесі жұма күні осы қиын жағдайдан қалай шығу керектігі жөнінде ұсыныстар әзірлеңіз, — деп қатаң тапсырма берді.

А.Күрішбаев Ақтөбеге қажетті астық солтүстік өңірлерден жеткізілетінін айтты. «Елімізге жылына 3,5 млн. тонна астық керек. Былтырдан қалған астықтың көлемі — 3,6 млн. тонна. Бұл нан бағасын тұрақты ұстап тұра аламыз деген сөз. Қазір Ақтөбе облысында «Азық-түлік» корпорациясы арзан бағамен сатып алған 28 мың тонна астық бар. Осы астық облыста қалдырылады. Астықты экспортқа шығармаймыз. Осы 28 мың тоннаға солтүстіктен қосымша 20 мың тонна астық әкелінеді, — деді министр.

Кездесу барысында сөз алған облыс әкімі Елеусін Сағындықов облыста үдемелі индустрияны дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстар, әлеуметтік саланың дамуы, т.б. мәселелер жөнінде  сөз қозғады. Оралмандар үшін салынып жатқан Көктау қалашығын, ондағы тұрғызылып жатқан әлеуметтік нысандарды тілге тиек етті. Облыс әкімінің айтуынша, оралмандарға арналған 200 тұрғын үй салынады, мектеп құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Е.Сағындықов облыста «Балапан» бағдарламасының қарқынды жүргізіліп жатқанын да айтты. Қаланың жедел өсіп келе жатқаны да әңгіме болды. Қазір Ақтөбеде 420 мың халық бар екен. Соңғы жарты жылдың өзінде 15 мың адам көшіп келіпті.

— Жалпы алғанда Ақтөбе облысында жағдай жаман емес. Дегенмен, белсенділікті арттыра түсу керек. Нарықтық экономика кезеңінде қандай да болмасын мүмкіндіктерді пайдаланып қалу қажет. Өмір қашанда біздің жоспарымызға өз түзетулерін енгізеді. Мемлекет Басшысының Үкіметтің облыс әкімдерінің алдына қойған тапсырмалары орындалуға міндетті. Жаңа жобалардың барлығын Экономикалық даму және сауда министрлігі дереу қарап, комиссия қарауына енгізсін. Биыл еліміздегі жобаларды жүзеге асыруға бөлінген қаржы аяғына дейін игерілмесе, өте өкінішті болады. Бұл келесі жылға бөлінетін қаржының негізі болатынын ұмытпаңыздар. Депутаттарға қаржының қажеттігін дәлелдеуіміз керек. Сондықтан, банкирлер, кәсіпкерлер, ұлттық компаниялар, т.б. жүйелі түрде жұмыс жасауға тиіс, — деп сөзін түйді К.Мәсімов.

«Ақтөбеде қарқынды жұмыс бар!»

Қала іргесіндегі Кеңес Нокин ауылында «Izet Greenhouse» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Өңірдегі ірі құрылыстың бірі болып саналатын бұл аталған жылыжай кешенінің жалпы аумағы 3 гектарды құрайды.  Бұл — облыс орталығында азық-түлік қауіпсіздік белдеуін құру мақсатында қолға алынған  шаралардың жалғасы. Мұнда бірыңғай қызанақ өсіріледі. Жылыжай кешені толық қуатында іске қосылғанда, жылына 1500 тонна өнім береді. Ал мамандардың алдын ала зерттеулеріне қарағанда, осы жылыжай кешені облыс тұрғындарының қызанақ, томат  өнімдеріне деген жылдық қажеттілігін 80 пайыз жабады. Бізге бұған дейін қызанақ, томат өнімдері, әсіресе, қыс айларында еліміздің оңтүстік облыстарынан, өзге де шет аймақтардан тасымалданып келгені белгілі. Демек, мына құрылыс аяқталғаннан кейін, көкөністің бұл түрін сырттан тасу тыйылады.

Жылыжайдың құрылысы ерекше. Мамандардың айтуынша, мұндай жылыжай Қазақстанның оңтүстік облыстарында ғана бар. Оның өзі де санаулы ғана. Өндірісте голландық «DaIsem» фирмасының құрал-жабдығы пайдаланылады. Көкөніс өндіруде де осы елдің озық технологиясы қолданылады.

Қазір белгіленген  3 гектар аумаққа жылыжай кешенінің құрылысы толық орнатылып болған. Ішкі қондырғыларын, жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылыжай кешені осы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі. Құрылыс «КазАгроФинанс» акционерлік қоғамының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жылыжайдың жобалық-сметалық құны 1230,0 млн. теңге болса, аталған акционерлік қоғам арқылы 994,9 млн. теңге бөлініп игерілген. Бұл көзделген қаржының 80,9 пайызын құрайды.

Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осы нысанның құрылысымен және жабық жағдайда өсірілетін көкөніс технологиясымен танысты. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов, Ауылшаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дулат Айтжанов әңгімеге араласты. «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдинг» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Берік Бисенғалиев ауыл шаруашылығының осы саласын қаржыландыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Қала сыртындағы бұл жылыжай кешені Премьер-Министрдің соңғы аялдаған нысаны болды. Сондықтан болар, мәртебелі қонақ осы құрылыс басында  бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне келіп, қысқаша сұхбат берді. Ақтөбе облысында өткен жұмыс сапары жөнінде ризашылықпен айта келіп, Батыс Қазақстанда, оның ішінде Ақтөбе облысында да биыл қуаңшылықтың қатты белең алғанына тоқталды.

—Қазақстанның батыс аймағының, оның ішінде Ақтөбе облысының тауар өндірушілеріне де жәрдем көрсетіледі. Бірқатар жағдайлар ескеріліп, қалыпқа түсіп жатыр. Алдағы аптада Солтүстік аймақтардың астығын Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарындағы астық қоймаларына жіберу жөніндегі қаулыға қол қоямын. Бұл аталған осы өңірлердегі астық мәселесін шешуге жәрдемдеседі. Жалпы, астықтан ешқандай тапшылық болмайды. Аймақ тұрғындары астық проблемасын сезінбейтін болады. Сонымен бірге аймақтарға жемшөптен жәрдем беру мәселелерін де екшеп қарастырамыз. Бұл бағыттағы бірқатар мәселелер көтерілді. Ауылшаруашылығы министрі бұл мәселелерді кешенді түрде зерделеп, қарайды. Соған байланысты тиісті шешім қабылдаймыз. Тұтастай алғанда жергілікті жерге жәрдем көрсетіледі.

Сондай-ақ «Жол картасы» бағдарламасы бойынша да жасалып жатқан жұмыстарды қарадық. Ақтөбе облысы бұл мәселені шешуде алдыңғы қатарда. Жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Жалпы, Ақтөбе өткен жылы қаржы дағдарысын сезінген жоқ. Барлық салада жұмыс мейлінше қарқынды жүрді. Биыл да сол жұмыстардың жалғасып отырғанын, қарқынды дамуды көріп отырмыз, — деп қорытындылады сөзін Премьер-Министр.

И.ӨТЕМІС.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button