Жаңалықтар

Қала көшелері неге шұрқ тесік?

Мәслихат

Ақтөбе қаласының көлік жүргізушілері «былтырғы төселген асфальт қармен бірге кетті» деп қынжылады. Расында да, бұрынғы көшелерді былай қойғанда, өткен жылы асфальт жайылған жолдардың өзі шұрық тесік. Қарап отырсаң, қалада сау көше жоқ. Жағдай неге осылай? Жұма күні Ақтөбе қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясы отырысында осы бір қиын сауалдың жауабы ізделді.

Қаланың автокөлік жолдарының жай-күйін талқылаған жиынға қалалық  мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова, қала әкімінің орынбасары Ибраим Көзбаев, Астана және Алматы аудандарының әкімдері, қоғамдық кеңес мүшелері,  жолдарды техникалық қадағалау мамандары, мердігер ұйымдардың басшылары қатысты.

Жол техникалық инспекциясы тобының мемлекеттік аға инспекторы Нұрлан Көбенов пен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторының басшысы Жұлдызбек Бисенбиннің есептері қала көшелері мен жолдарының мүшкіл жағдайын көзбен көріп келген депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерін қанағаттандырмады. Қаланың кез келген көшесіндегі тас-талқаны шыққан жолдарды алға тартып, олар баяндамашыларды арадай талады.

Жыл сайын қала көшелерін жөндеуге және реттеуге қыруар қаржы жұмсалады. Тек өткен жылы осы бағыттағы 19 жобаға бюджеттен 3 миллиард 150 миллион теңге бөлінген. Қазынадан осынша қаржы шығарып, біраз жұмыстар тындырылған сияқты болғанмен, сапасы жоқ. Қардың кетуімен сапасыз жолдар жалаңаштанып қалды. Көлік жүргізушілері қаланың бір шетінен екінші шетіне доңғалағы жарылмай, не бір бөлшегі қирамай жете алмайды. Реніш білдіргендердің пікірлері  әлеуметтік желілерде қаптап жүр.

«Ақ жол» партиясы Ақтөбе филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Садықов қалада жамаусыз басы бүтін көше жоғын айтып, мердігерлердің жұмысын қатты сынға алды. Тапсырыс берушілердің өз ісіне жауапсыз қарайтынын қозғап, бұл мәселеге билік өкілдерінің назарын аударды.

Депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері асфальт төсеу жұмысымен айналысатын мамандардың бұл істі жақсарта алмай жүргенін, соның салдарынан аталған кемшіліктердің жыл сайын қайталанатынын айтты. Олардың айтуынша, бізбен көрші Атырау, Ақтау, Орал қалаларында жамау түскен көше көрмейсің. Бізде қаланың орталық көшелерінің өзі жыл сайын жамалады. Бүгінде Есет батыр, М.Арынов, Кобозев, Т.Рысқұлов атындағы көше жолдарының сау-тамтығы жоқ.

Мердігер компаниялармен атқарған жұмыстарын үш жылға дейін күтімге алып қарауға шарт жасалған, бірақ олар өз міндеттерін дәл солай жүзеге асыра бермейді. Биыл да бүлінген көше жолдарын жамауды, қазан шұқырларын тегістеуді күн жылына қолға

аламыз деген құр уәдемен кіріспей отыр. Мұның азабын жүргізушілер, қала тұрғындары тартуда.  Бүлінген көшелерден айналып өтемін деп жүргізушілер қала көшелерінде көлік кептелісін ұлғайтуда.

Бұл мәселелерге депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері жергілікті биліктің атүсті қарамай, тереңірек үңілуін талап етті.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button