Жаңалықтар

Жаңа талап тұрғысынан

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин аудан әкімдерімен кездесуінде өзінің басшылық қызметтердегі жұмыс тәжірибесімен бөлісті және тұрғындармен қалай дұрыс жұмыс істеу жөнінде кеңес берді.

Жергілікті әкімдермен кездесу Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында өтті және аудан әкімдері үшін ұйымдастырылған үш күндік оқу курсының қорытындысы іспетті болды.

4-6 сәуір аралығында басшы қызметкерлер «Өңірлерді дамытуды түрлендіру» тақырыбына лекциялар тыңдады, практикалық сабақтарға қатысып, онда көшбасшылық қабілетті дамыту, аппаратты басқару, дау-жанжалды ахуалда басшылық тізгініне ие болу дағдысын қалыптастыру жолдары үйретілді. Сондай-ақ ауданды дамыту үшін жаңа әдістемелер жасау және әлеуметтік желілерде өз ұстанымын орнықтыру бағыттары көрсетілді. Мұндай ауқымдағы семинарлар елімізде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  бастамасы бойынша жүргізіледі. Олар аудан әкімдерінің құзіреттілігін көтеруге бағытталған.

— Нақ аудан әкімдері халықпен тікелей жұмыс істейді және мемлекет қазіргі уақытта белгілеген саясатты жүргізеді. Ауданның ғана емес, осы аймақтың да әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша нақты міндеттер сіздерге жүктелген. Сіздер аудандағы саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, мәдени және рухани жаңғыртуда жүзеге асыру үшін жауап бересіздер.

Арыз-шағымдарды, өтініштерді қарау сіздердің құзіреттеріңізде, азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды да сіздер қабылдайсыздар. Өздеріңізге жүктелген міндеттер мен қызметтердің орындалуы үшін дербес жауапкершілік көтересіздер,— деп облыс басшысы аудан әкімдеріне нақтылы нұсқауын жеткізді.

Оңдасын Оразалин әкімдерге Мұғалжар ауданының басқарған кезі туралы айтып, бірінші кезекте не нәрсеге назар аударғанын әңгімеледі. Әкімдер басшы және ауданның бірінші тұлғасы ретінде сол өңірдегі ахуалды қадағалап отыруға міндетті. Халықтың көңіл күйін сезіне білуі тиіс, бұл ретте қазіргі уақытта пайдаланушылар әртүрлі мәселелер бойынша өз пікірлерін белсенді түрде айтатын әлеуметтік желілер көп көмегін тигізеді.

Облыс әкімі тыңдаушылардың назарын тұрғындардың әлеуметтік категорияларына олардың қатаң есебін жүргізе отырып, көмек көрсетуге, сондай-ақ жергілікті әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға ықпал ету қажеттігіне аударды.

Басшы қызметкерлер арасындағы әңгіме өзара сенімділік жағдайында өрбіді. Аудан әкімдері инновациялық идеялар мен технологияны енгізу жолымен селолық мекендерде тіршілік жағдайын жақсарту бойынша өз ұстанымдары мен атқару қызметтері бойынша жұмыстарымен бөлісті. Негізінен тұрғын үй мәселесін шешу, селоға кадрларды тарту, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша ұсыныстар ортаға салынды.

Шараның аяқталуы барысында әрбір аудан әкімі курстан өткені туралы сертификатқа ие болды. Әкімдер игерген жаңа білімдерін енді өздерінің жұмыс барысында қолдана алады.

Нұр ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button