Жаңалықтар

Азық-түлік бағасын өсіргендер жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді

Мәслихат

Сәрсенбі күні облыстық мәслихаттың депутаты Гүлжанат Ерғазинаның төрағалық етуімен аграрлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, депутаттар, басқарма басшылары мен облыстағы ірі сауда орындарының  өкілдері қатысты.

Жақында Қоғамдық кеңестің мүшелері мен облыстық мәслихаттың депутаттары әлеуметтік маңызы бар  азық-түлік тауарларының 19 түріне мониторинг жүргізген болатын. Нәтижесінде отандық өнімдердің бағасы шекті баға мөлшерінен асып түскендігі белгілі болды. «Алтай» базары, «Табыс» коммуналдық базары, Орталық базар және «Дина», «Анвар» сауда желілерінде ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы өскен. Депутаттар облыста азық-түлік бағасының негізсіз өскеніне алаңдап, ұдайы бақылауда ұстау керектігін айтты.

Баға туралы баян еткен облыстық кәсіпкерлік басқармасының міндетін атқарушы Асқар Көкеевтің айтуынша, 2019 жылы 19 азық-түлік тауарларының шекті бағасы бекітілген.  Облыс бойынша 700-ден астам меморандумға қол қойылды. Бірақ соған қарамастан ірі базарларда ұн, тауық еті, сүт, қырыққабат, сәбіз, пияз, картоп секілді халық күнделікті тұтынатын тауарлардың өсуі алдымен депутаттардың наразылығын тудырды.

Бізге берілетін  мәлімет бойынша азық-түлік бағасы басқа, ал базарларда бір басқа.  Өзімізді де, халықты да алдамауымыз керек. Бір тәртіпке келтіру қажет. Егер баға тұрақты болмаса біздің жұмыстың да нәтижесі жоқ. Сондықтан бағаны бақылауда ұстап, келісімшартты бұзып, тауарларды шекті бағадан асырған  сауда қызметінің нысандарын әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салуымыз керек, — деді облыстық мәслихаттың депутаттары.

Әлеуметтік маңызы бар  азық-түлік тауарларының өсуі бақылаудың жоқтығынан болып отырғанын айтқан мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова сала басшыларына жұмысты жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

Одан кейін ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері туралы баяндама жасаған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қ.Қанатбаев облыста карантиндік фитосанитарлық жағдай тұрақты екенін айтты.

Жыл сайын химиялық өңдеулердің сапалы жүргізілуіне байланысты укекіре ошақтары анықталған жоқ. Биыл 192 370 га алаңда дала арамсояуларына, қызанақ күйесіне қарсы химиялық жұмыстар жүргізіледі. Шетел мен басқа облыстардан ауру түрлерінің енуіне жол бермес үшін карантиндік объектілер қатаң бақылауға алынады. Мәслихат депутаттары ветеринария саласында да өзекті мәселелер бар екенін айтып, ескертулер мен ұсыныстары бойынша комиссия тиісті қаулы қабылдады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button