Жаңалықтар

Сіз «қарғысқа ұшырағандар» қатарында емессіз бе?..

Бүгінгі сөз

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

«Ақтөбе»

… Мектеп-интернатта оқыған кезде тұратын бөлмемізді, сынып бөлмесін айнадай қылып жарқыратып жуып, қысқа қарай терезелердің жиектерін сылап бітеп, ол аз болса, интернатқа қарасты бау-бақшада өзіміз жейтін көкөністердің арамшөбін жұлып, айналасын тазартып, көкөніс піскен кезде теріп алып, арнайы қоймаға жинастырып қоятын едік. «Бұл сіздерді еңбексүйгіштікке, тазалыққа баулиды», — дейтін еді тәрбиеші ұстаздарымыз.

Қазір мектептерде балалар мұндай жұмыс істемейді. Оның барлығын тазалаушы қызметкерлер атқарады. Ал алда-жалда баламыздың мектепте еден жуғанын көріп қалсақ, аттандап шығамыз. Иә, бір жағынан бұл жұмысты атқаратын арнайы қызметкер бар екендігін әрі баланың мектепке тек білім алу үшін баратынын ескерсек, аттандауымыз да дұрыс шығар. Десек те, мұның екінші жағы да бар: біз баланы өзі білім алатын жерді таза ұстауға қалай үйретіп жүрміз? Бала дейміз, ересектер, өзіміз тұратын үйімізді, көшемізді, қаламызды, ауылымызды таза ұстауға тырысамыз ба? Иә, дейін десем, дей алмаймын. Себебі күн сайын көріп жүрген көріністер бұлай деуіме мүмкіндік бермейді…

Таңертең үйден шығасың, подъезд темекінің иісіне бөгіп тұрады, бұрышта темекінің тұқылдары жатады. Одан әрі өте бересің, даладағы қоқыс жәшігіне «жете алмай қалған» пакет жатады. Үйдің іргесінде тұрған қоқыс жәшігіне бару үшін бірер минут жеткілікті екенін білмейді емес, біледі, бірақ ерінеді. Жәшікке жетуін жеткенімен, қоқысты жәшіктің ішіне салуға ерінетін де сабаздар бар екен…

Мұндай көріністер толып жатыр. Сырты әдемі көліктер терезені ашып, кез келген жерге баклашка сияқты заттарды оп-оңай лақтырып кете салады. Олар кезінде шоколадтың, балмұздақтың, шемішкенің қабығын далаға тастамауды үйренбеген балалар шығар деген ой болады…

Қазір күн лайсаң, жер балшық. Ертең-ақ жер кеуіп, күн жылынып, суға түсетін маусым басталады. Сонда жағажай тазалығы деген мәселе тағы алдымыздан шығады. Иә, жекеменшік жағажайлар жабайы жағажайларға қарағанда тазалау болады, себебі ол жерде қадағалаушылар бар. Ал иесіз жатқан су жағалары нағыз қоқыс алаңына айналады: ол жерлерде жатпайтын нәрсе жоқ — пайдаланылған щприцтерге дейін тауып алуға болады. Баклашка, полиэтилен пакеттер екібастан. Бәрін бір жерге жинасаң, тауға айналады. Бір полиэтилен пакетті далаға тастаған адам қоршаған ортаға қаншалықты зиянын тигізетінін ойламайды.

Білесіз бе, кейбір мұхиттарда полиэтилен пакеттерден құралған аралдар бар көрінеді… Білесіз бе, жыл сайын теңіздер мен мұхиттарға тасталатын 7 миллион тоннаға жуық пакетті жұтып қойғандығы салдарынан жүз мыңдай теңіз жануары қынадай қырылып қалады екен…

Еуропа мен АҚШ-та XVIII-XIX ғасырлар аралығында антисанитария «патшалық» құрып алғандықтан, миссионерлер «тазалық доктринасын» уағыздап, тазалықты «құдайға жақындау», ал салақтықты күнәға теңеген.  Ал қазақ тазалықтың пайдасын ежелден айтып кеткен. Исламда тазалық басты шарттардың бірі ретінде қаралады: «тазалық — иманның жартысы».  Ал салауатты өмір тұрғысынан алғанда «тазалық — денсаулық кепілі».

Сыртқы тазалық — ішкі тазалықтың, ішкі мәдениеттің көрінісі, жеке адамның адамгершілігіне, тәрбиесіне байланысты этикалық түсінік. Сыртқы тазалық рухани тазалыққа, ой, тән тазалығына байланысты нәрсе. Жаратылыс, яки қоршаған орта, Жер өзін-өзі ешқашан ластамайды, керісінше табиғи тұрғыда өзін-өзі тазартып отырады. Оны ластайтын біз, адамдар. Қоршаған ортаны ластамау туралы хадистерде «Абайлаңыздар, қарғысқа ұшырағандардан болмаңыздар!»  деген сөз бар. Ойланыңыз, сіз «қарғысқа ұшырағандар» қатарында емессіз бе?..

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button