Ақтөбе — 95

Меншікті тілші біз едік

«Ақтөбе» газетінің алғашқы саны жарыққа шыққалы 95 жыл толғалы тұр. Аз уақыт емес. Ата-баба ежелден газет-журнал мен кітапты «Тасқа басылған сөз» деп әспеттеген. Уақыт ағымына қарай атауы әлденеше өзгерген облыстық басылым қаншама адамның ой-санасын байытты, журналистика мен әдебиетте жүздеген адамға қанат беріп, ұядан ұшырды. Осы қара шаңырақта еңбек етіп, ысылғанымызды Тәңірінің үлкен сыйы деп ұғынамыз.

Аға буынның үлгісімен мектепте оқып жүргеннен-ақ мерзімдік басылымдарды жібермей оқуға дағдыландық. Сол құмарлықпен алғашқы жазған хабар-ошарларымыз аудандық, облыстық басылымдарға жариялана бастады, мұның соңы журналистиканы қалауымызға әкелді. Өкінбейміз, азды-көпті танылғандай болсақ, ол — кәсібіміздің арқасы.

Сонау бір жылдары облыстық газеттер редакцияларының штатында меншікті тілші деп аталатын қызмет болды. Әрқайсысы облыстың шалғайдағы бірнеше ауданын қамтып жұмыс істеген оларда арнайы қызмет бөлмесі, автокөлік болмады. Компьютер, диктофон, ұялы телефон, факс, электронды пошта және басқа осы замандық игіліктер қолданысқа енбеген шақ. Қойындәптер мен қаламын жанынан тастамай бұйырған көлікке (жеңіл автокөліктің сондағы түрлері – «УАЗ-469», «Жигули», «Москвич» маркалы, оның өзі де әр аймақта саусақпен санарлықтай) отырып, ауылдарды шарлап жүргені.

Облыстық газет аптасына бес рет сол кезеңнің бетке ұстары – одақтық «Правда» газетінің көлеміндей төрт беттен шығарылады. Төркінінен қашықта жүрген қыздың кейпіне түскен меншікті тілшіге Ақтөбедегі редакциядан күн сайын телефон арқылы тапсырма жүктеліп жатады. Кезекті нөмірге салынуға тиіс материалды жазып, қолма-қол беріп жіберетін сенімді адам іздейсің. Ақиқатты айтқан жөн, осындай қысылтаяң шақтарда үлкен-кіші талай замандас сөзімізді жерге тастамай орындады, адамдар пейілінің кеңдігінен көлік, қоналқы орын, ауқаттану мәселелерінен таршылық көрген жоқпыз. Мұны ең алдымен өзіміз қызмет ететін газетке деген құрмет деп түсінген дұрыс.

Енді меншікті тілші қызметінде болған әріптестерді айтайын: Әбдіқани Аймағамбетов, Аманбай Көздібаев, Ибадулла Сұлтанов, Жолдымұрат Сегізбаев, Елеусіз Кенебаев, Манасбай Оралбаев – аталған бұл  ағалар бүгінде фәниден бақиға көшті. Талқанымыз таусылмай жер басып жүргендер екеу-ақпыз: Үбәйдулла Жаулыбаев және мен. Үбекең бұл қызметті көп атқарған жоқ. Мен он алты жылымды облыстық газет редакциясында өткізген екенмін. Оның ішінде меншікті тілшілікте екі мәрте (1981-1988 жылдар және 1996-1998 жылдар аралығында) болдым. Егер тізімге енбей қалған әріптестер болса алдын ала кешірім өтінемін.

Жоғарыда аталғандардың қайсысы да міндетті қызметін адал атқарды, бірқатары кейін басқа салаға ауысып кетті.

Әбдіқани Аймағамбетовпен алғаш сапарға шыққаным есімде. Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакциясында бөлім меңгерушісімін. Әбекең ара-тұра кеңсемізге соғып кетеді. Ұзын бойлы, қияқ мұртты, сымбатты жігіт. Абыз ақсақалымыз Тілеужан Шойғаринге сәлем береді, Маркен Асановқа, Ұмытқан Тұрлыбековаға айтқан жібектей әзілдеріне еріксіз езу тартасың.

Редакторымыз Тауман Төрехановтан мені сұрап алып, үш күн сапарда жүрдік. Жерге алақанаттанып, қар түскен күз айы. Пойызбен Бершүгір стансасына түссек, бортты «ЗИЛ-130» автокөлігі күтіп тұр екен, кабинаға отырдық. Бағыт – Алабас ауылы. Көлік бір үйдің жанына келіп тоқтады.

Есіктің алдында тон киген шағын денелі азамат ағаш жарып жатыр. Әбекең мені бүйірімнен түртіп:

— Мынаны дардай зауыт директоры деп кім айтады?! — дегені. Сылқ-сылқ күлкі. Сөйтсем, әлгі кісі кейін белгілі өндіріс ұйымдастырушысы, үлкен кәсіпкер ретінде танылған Бөген Жақыпов болып шықты. Сапарласым екеуінің арасында әдемі сыйластық бар, тіпті нағашылы-жиен тұрғысынан қатысады екен. Құнарлы дастарқан жанында жүрекке тимейтін әзілдерін тыңдап, таңды ұйқысыз атырғанбыз.

Әбекеңмен аға-іні тұрғысында қатысып, араласқанда түйгенім – қазақуар, ауылда өсіп, қазына-қарттар әңгімесін санаға сіңірген, бір әңгімені майын ағызып айтады да, алдымен өзі күледі, бұған айналасындағы тыңдаушы еріксіз мойынсынады. Өзі француз тілінің оқытушысы болса да қазақша материалдарды көсілте жазатын. Уытты сын мақалалары талай атқамінерді тәубасына келтіргеніне куә болдық. Екі азаматтың арасындағы мал дауына орай мақаласы «Коммунизм жолында» «Түйенің басы қайда?» деп жарияланған соң Шалқар ауданында құқық қорғау органдарының бірқатар лауазымды қызметкері ішін тартып еді.

Ағамыз табан астында сөз тауып айтатын. Бірде редакцияның бірнеше қызметкеріне ұшырасып қалыпты. Әлгі інілері тездетіп сәлемдеседі. Арасында біреуі:

— Әбеке, көрінбейсіз ғой, — депті.

Сонда:

— Е, сендер көреді деп, бес этажды үйдің төбесіне шығып отырайын ба? – десе керек.

Әбдіқани Аймағамбетов облыстық газеттің меншікті тілшілігінен республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілші болып ауысып, біршама жылдар істеді.

Аманбай Көздібаев журналистиканың нағыз еңбекторысы еді. Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» редакциясының меншігіндегі ескі «Москвич» көлігімен мойнына фотоаппарат асынған балаң  жігіт ауылдарды тынбай аралап, газет бетінде мазмұнды мақалалар, тартымды фотоэтюдтер жариялады. Фототілші, әдеби қызметкер, жауапты хатшы болды, көрші Мұғаджар ауданында (орталығы – Ембі қаласы) «Еңбек таңы»-«Коммунист» газеттеріне редактордың орынбасарлығына бекітілгенде 25 жаста екен. Екі жылдан кейін облыстық «Коммунизм жолы» газетіне Мұғаджар, Шалқар, Ырғыз аудандары бойынша меншікті тілші болып келді. Жүріс-тұрысы орнықты, ұсақ әңгімеге жоқ, орынсыз шашылуға жаны қас, сөздік қоры бай әріптесіміз сын материалдар жазуды дағды қылмады. Арада көп уақыт өткізбей Мұғаджар аудандық партия комитеті өз органына редакторлыққа шақырып, бұл қызметті аудан таратылған 1997 жылға дейін мінсіз атқарды. Отбасымен облыс орталығына көшіп келген соң «Ақтөбе» газетінің редакциясында аз ғана уақыт жұмыс істегені және бар.

Менің меншікті тілшілікте жүріп, айтарлықтай араласқан адамдарымның бірі – Ибадулла Сұлтанов. Әкеден ерте көз жазыпты, анасы мен қарындасына салмақ түсірмеуді ойлап, шаңырақ көтерген, жеңгеміз Ұрқия екеуі сегіз бала сүйіпті. Ауылда тракторшы болған, автокөлік жүргізген. Бұл әңгімелерді «Ақтөбе» қонақүйінде өз аузынан естіген едім. Осы тұрғыда оқырман есіне салған артық болмас, жылына үш-төрт рет Ақтөбедегі редакциямыз аудандардағы біз сияқты тілшілерін шақырып, лездеме өткізеді. Іссапар шығыны төленеді, қонақүйде орын дайын, газетте жарияланған дүниелеріңе қаламақы аласың. Лездеме алдында редакция бөлімдеріне, секретариатқа кіріп шығып, жолдаған материалдарың, олардың ішінде газетке шыққаны, қоржында сақтаулы тұрғаны, басқа да деректерді дәйектейсің.

Ол кезде аппарат құрамы негізінен ер адамдардан құралған, атағынан ат үркеді дейтіндей. Есебімізді тыңдайды да, сұрақтың астына алады. Мағынасы: «сын материалды сирек жазады», «бәлен бөлімге қатысы бәсең», «ауданында газет таралымын көбейтуге ықпалы аз» деген әңгімелер маңайында. Сын ести беру кімге оңай, ұнжырғаң түсе бастайды.

Бөлмемізге келген соң Ибадулла ағам көшелілік жасап, шәй дастарқанын қамдайды, арасында «ғасырдың дәмінен» ауыз тие қоямыз.

— Ой, Жәке, абыржыма, ағаларың айтады да қояды, шамалыдан соң мүлде айтпайды, — дейді. Әріптесімнің әзіл-шыны аралас әңгімесі ренішті сейілтіп-ақ жібереді. Өзара сыйластығымыз сәтімен жалғасты.

Айналасына шуағын құйып жүретін осындай азаматқа Алла небәрі 53 жас бұйыртты. Дәтке қуат қыларымыз – Байғанин ауданы әкімдігінің қаржылай қолдауымен Ибадулла Сұлтановтың повестері мен әңгімелері, журналистік жазбалары жинақталып, 2014 жылы «NOBEL» баспаханасынан «Таң қараңғысы» деген атаумен кітап болып шығарылды.

Тағы бір әріптес — Елеусіз Кенебаев киіміне қылау жұқтырмайтын, сыпайы, көп ішін бермейтін қалпында жадымызда сақталып қалды. Естуімізше домбырашылығы, әншілік өнері болған, жоғарыда баяндалған лездемелерден соң аялдамастан Қандыағашқа қайтып кететін.

Шалқардың аудандық газетінде қызмет атқарып жүргенімде ауданымызға «Коммунизм жолы» газетінен Сексенбай Күлімбетов пен Жолдымұрат Сегізбаев келе қалды. Бірі – жауапты хатшы, екіншісі – меншікті тілші. «Аудандық тұтынушылар қоғамында лауазымды қызметкерлер кеңестік сауда ережесіне қиғаш әрекетке жол берді» деген мағынада домалақ арызды тексеруге келген. Сырттай білетін әріптестермен қасымда Мұқамбетәли Есмағамбетов бар, дастарқан жанында тоқайластық. Секең Жолдымұратқа біраз кінә тағып, кейіңкіреп алды. Жөкең болса сыр берместен үндемей құтылды. Сапар нәтижесінде облыстық басылымда жан-жақты сараптамалық мақала жарық көрді. Зерделі оқырман бұл жолы да Жолдымұраттың жазу шеберлігін аңғарғаны сөзсіз. Сегізбаев өмірінің соңғы кезеңінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты Жаңажол вахталық поселкесінде еңбек етті.

Манасбай Оралбаев алуан тақырыпта тым тәуір мақалалар жариялаумен бірге, қатар қоныстанған Арал, Шалқар аудандарының тарихы, өңірде тіршілік кешкен бірқатар белгілі тұлғалар туралы зерттеулерін мерзімдік баспасөзде жариялады, кітаптар құрастырып шығарды.

Журналистикадағы алғашқы ұстаздарымның бірі Үбәйдулла Жаулыбаевтың меншікті тілшілік қызметі бәлендей ұзаққа созылмады. Пендеге қылдай қиянаты жоқ Үбекеңнің жасы бүгінде 90-ға таяп қалды, Ақтөбе қаласында тұрып жатыр.

Меншікті тілші кезіндегі менің олжам – редакцияның ықпалымен Шалқар ауданының басшылығы арнайы қызметтік бөлме берді, телефон қондырды. Бұл кеңселік тәртіпті сақтап, ширақ жүруіме мүмкіндік жасады. Журналистік кәсіптің ерекшелігі – талай тағдырмен қауышасың, әрқилы ортада боласың.

Шалқар қаласынан оңтүстікке қарай екі жүз жиырма шақырым жерде Бозой деген ауыл бар. Кеңестік кезеңде ондаған ұлттың өкілдері шоғырланды. Бұхара-Урал газ құбырының әлеуетті кәсіпорындары жұмыс істеді, оты-суы ішінде екі-үш қабатты тұрғын үйлер. Сондай үйлердің бірінде босаған үш бөлмелі пәтерге он үш баласы бар бір апамыз заңды рұқсатын алмастан баса-көктеп кіріп алады ғой. Арал тораптық-өндірістік басқармасының басшылығындағы өзге ағайындар бұл әрекетке төзбей комиссия құрады да, әлгі пәтердегі үйішілік дүние-мүлікті қоймаға өткізіп, бала-шағаны шығарып жібереді. Апамыздың бұдан бұрын бір пәтері бар екен. Басшылық соны бетке ұстаған. Содан апамыз көпбалалы болғаны үшін берілген алқаларын тағып, Ақтөбеден ұшаққа отырып, Мәскеуден бір-ақ шығады. Кеңес Одағы бойынша Әйелдер комитетінің төрайымы, Кеңес Одағының Батыры, тұңғыш ғарышкер әйел Валентина Терешковаға маңдай тірейді. Лауазымды кеңседен Ақтөбе облыстық партия комитетіне қоңырау түседі. Арызды тексеріп, нәтижесін жариялау облыстық газетке тапсырылған.

Бозойға бет аларымда басшылар жағдайдың тым күрделілігін ұғындырды. Хаттағы: «Дүние-мүлкім қоймада дұрыс сақталмай залал шекті, көрпе-төсек арасында он үш мың сом ақшам бар еді» деген жайлар еріксіз көңіл бөлгізетін. Автор балаларын мектептегі сабағына жібермей қойған. Ауылдағы үлкен-кіші оқиғаның соңы не боларына құлағын түрулі.

Іссапарым бір аптаға созылды. Шақырған үйлерге бармай қонақүйде орналасуыма, асханадан ауқаттануыма, кестені қатаң сақтауыма тура келді. Сол кезеңде бюджет қаржысының игерілуін тексеру жөніндегі облыстық басқарма инспекторы Жалғасбай Бекбергенов, аудандық халықтық бақылау комитетінің инспекторы Мейірхан Сартов өздерінің қызметтік тапсырмасымен келіп жатыр екен, қонақүйде бірге болды. Ондаған адаммен әңгімелесілді, жазбаша түсініктемелері алынды, заңдық құжаттар жинақталды.

Қорытындысында «Коммунизм жолында» «Өктемдік өкінішке ұрындырады» деген тақырыпта көлемді мақалам жарияланды. Шүкіршілік етерім – үлкен дау сәтті түйінделді, соңында ешқандай әңгіме-қауға болған жоқ. Мен сол кезде өзіме ақыл-кеңес берген, қолұшын созған замандастарды ризашылық пейілмен еске аламын. Бір жағынан қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде қарапайым қазақ әйелінің Мәскеуге арнайы барып жүгінуін ерлік деуге тұрарлық.

Бұл – меншікті тілшілік қызметімде кезіккен бір ғана жай.

 Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

ҚР Ақпарат саласының үздігі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button