Басты жаңалықтар

Әйтекебиліктер мемлекеттік бағдарламалардың игілігін неге көрмей отыр?

Наурыздың 21-і күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Әйтеке би мен Хромтау аудандарын аралап, астықты және өндірісті өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, халықтың тыныс-тірлігімен танысты. Сондай-ақ, азаматтарды жеке қабылдап, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, тиісті көмек көрсетілетінін айтты.

Құрылыс жұмыстарының қарқыны қалай?

Өңір басшысы алдымен облыс орталығынан шалғайда орналасқан Әйтеке би ауданына барды. Комсомол ауылындағы іссапарын аудандық әкімдіктің ғимаратының құрылысымен танысудан бастады. Мұнда аудандық сот пен аудандық прокуратура да орналасады деп жоспарланып отыр. Ғимараттың жалпы алаңы — 1,1 мың шаршы метр.

— 100 миллион теңге игерілді. Биылғы жылға 70 миллион теңге қарастырылды. 54 миллион теңге жетпейді. Тиісті құжаттарды уақытында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бердік, — деді Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашов.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мәселенің мән-жайын білді. 2017 жылы қолға алынған жұмыстың 2019 жылға дейін аяқталмауына қаржы жеткіліксіздігі қолбайлау болыпты. Құрылысты биыл аяқтау үшін де қаржы толық қарастырылмаған.

— Ойыл ауданына іссапарым кезінде де айттым, басталған іс аяқталуы тиіс. Бұл  ғимараттың құрылысы соншалықты үлкен емес. Бір жылда бітетін жұмыс. Сол себепті, құрылысты созуға болмайды, — деді облыс әкімі.

Құрылысқа жауапты мердігерлер құрылыс жұмыстарын биыл аяқтауға уәде берді.

Тамыз айында аудан орталығында заман талабына сай жабдықталған дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Екі қабатты ғимаратта спорттық және жаттығу залдары жұмыс жасайтын болады. Орталық залдағы  көрермендерге арналған орын саны — 160. Жобаның жалпы құны — 289 миллион теңгеге жуық.

— Құрылыс жұмыстарының сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс. Бұл талаптың орындалуына баса мән беріңіздер, — деп облыс әкімі аудан әкімі мен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысына нақты тапсырма берді.

Оңдасын Оразалин өз сөзінде аудан халқының спортқа қызығушылығын сұрады. Ол Тұңғыш Президенттің тапсырмасына байланысты бұқаралық спортты дамытуға көбірек ден қою керектігін айтты. М.Ибрашовтың айтуынша, спорттық ойындарға әсіресе жасөспірімдер мен жастардың белсенділігі жоғары. Ауданның спорттан көрсеткіштері жақсы. Мысалы, қазақ күресі, қол күрес, дзюдо бойынша ел чемпионы атағын иеленгендер бар. Ал аудан орталығындағы мемлекеттік қызметшілер  футбол ойнау үшін кешкі сағат 21.00-ден кейін Комсомолдан 12 шақырым қашықтықтықтағы Талдысай ауылына барады екен. Өйткені, орталықтағы ойын алаңдары жастардан босамайды. Ал Талдысайдағы ойын алаңы кешкілік қана бос болады.

Облыс әкімі қолдаған жоба

Бұдан кейін облыс әкімі аудандық орталық ауруханаға барып, әлеуметтік нысанның барлық бөлімдерін аралап көріп, материалдық-техникалық жағдайымен танысты. Науқастар жатқан бөлмелерге кіріп, емделушілермен әңгімелесті. Олардың денсаулықтарын, дәрігерлердің қызметінің сапасын сұрады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев Әйтеке би ауданындағы денсаулық сақтау саласының дамуы туралы баяндады. Аудандық ауруханаға невропатолог, кардиолог мамандар жетіспейді. Сондай-ақ, бұл мекемеге хирургиялық ота жасау кезінде науқастарды тасу үшін жүк жеделсатысы қажет.

1993 жылы салынған аудандық аурухана жанында аудандық емхана да бар. Мұнда барлығы 338 адам еңбек етеді. Ауруханадағы кереует саны — 61. Ал емхана тәулігіне 130 адамды қабылдайды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, облыста жыл сайын 1100-1200 адамның қатерлі ісікке шалдыққаны анықталады. Әсіресе, сүт безінің, өкпенің, асқазанның қатерлі ісігі көп. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин денсаулық сақтау басқармасының басшысына аурудың алдын алу үшін тұрғындарға жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін, оларға аурудың пайда болу себебі сақтандыру шараларын күшейту керектігін айтты.

— «Халық түсінбейді» деп жүре беруге болмайды. Дәрігерлер аурудың қауіптілігін түсіндіре білуі тиіс. Денсаулықтан асқан байлық жоқтығын ел-жұрттың бәрі біледі. Төзімділік, шыдамдылық қазақтың қанында бар қасиет.  Ауруға шыдап жүре беретіндер бар. Дегенмен, асқынған дерттің салдарын байыппен түсіндіру, науқасты емдеу — медицина қызметкерлерінің басты міндеті, — деді Оңдасын Оразалин.

Аурухананың ауласында ескі екі қабатты ғимарат бар. Әсет Әскерұлы ауданға келген дәрігерлерді баспанамен қамту үшін осы ескі ғимаратты қалпына келтіруге қаржылай көмек керектігін де айтты. Соның арқасында екі мәселе шешіледі. Біріншісі — дәрігерлер жұмыс орнына жақын жерге қоныстанады, екіншісі апатты жағдайдағы пәтерлердің тұрғындары да баспаналы болады. Яғни, жоспар жүзеге асса, дәрігерлерге 16 пәтер беріледі.  Сол кезде қазір медицина саласының қызметкерлері тұрып жатқан коммуналдық үйлер босатылып, онда Комсомолдағы апатты жағдайдағы екі қабатты көппәтерлі үйдегі 8 отбасы көшіп келеді. Жобаның құны — 123 млн теңге. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аталған жоба қолдау табатынына сендірді.

Тұңғыш мектептің жағдайы сын көтермейді

Аудан орталығындағы Комсомол орта мектебінің жағдайы мәз емес. Ғимарат ескі. Спорт залы да талапқа сай келмейді. 1962 жылы  бой көтерген бұл білім шаңырағы — аудандағы тұңғыш мектеп.

Жалпы ауданда 3 мектеп бар. Үшеуінде де орын тапшы. Т.Жүргенов атындағы мектепте 585 бала, ал М.Жұмабаев атындағы мектепте 780 оқушы оқиды. Сыйымдылығы 150 орындық Комсомол орта мектебінде қазір 250 бала білім алуда. Соның салдарынан 4-оқу тоқсанынан бастап балалар үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Әбден тозығы жеткен Комсомол мектебінің орнына жаңа ғимарат салу туралы ұсынысты облыс әкімі қолдап, ол құзырлы орган басшыларына тиісті құжаттарды әзірлеуді тапсырды.

Аудан халқының орташа табысы республикалық көрсеткіштен екі есе төмен

Бұдан соң облыс басшысы Оңдасын Оразалин аудан халқымен кездесті. Жиында Мәлімбет Ибрашов ауданның қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен биылғы жылға арналған жоспар туралы баяндады.

Шара барысында  Оңдасын Оразалин ауданда халықтың әл-ауқатын көтеру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

— Ауданда орташа жалақы — 85 мың теңге. Ал республикадағы орташа еңбекақы көлемі — 170 мың теңгеден көп. Демек, Әйтеке би ауданындағы орташа айлық республикалық орташа деңгейден екі есе аз. Тұғындардың өмір сапасын арттыру, азаматтардың табысын көбейту — Тұңғыш Президенттің тапсырмасы. Бұл инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне салғырт қарамай, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуді талап етеді, — деді ол.

Ауданда ірі өндіріс орындары жоқ. Халықтың негізгі табыс көзі — ауыл шаруашылығы. Дегенмен, ауданның бұл саладағы көрсеткіші де мәз емес. Бұл туралы Оңдасын Оразалин былай деді:

— Халық саны 24,9 мың адам.  Ал мұндағы ірі қара — 40 мың бас, қой —

80 мың  бас, жылқы — 11 мың бас. Сонда бір тұрғынға көп дегенде 1,5 бас ірі қарадан келеді екен. Қой небары 3 бастан жетеді.  Жылқы халықтың жартысына бір-бір бастан бөлсе де жетпейді, жартысына бөлгеннің өзінде аздық етеді.  Бұл — ең төмен көрсеткіш. Өйткені, ауылда тұрып, әр отбасы 3-4 малдан ғана өсірсе, бұл — өлместің қамы. Әйтпесе, қарапайым халық 3-4 малмен тұрмысын түзеп, әл-ауқатын арттыра алмайды. Қаладағы баласын оқытуға да шамасы жетпейді.

Ауданда жайылым және шабындық жерлер жеткілікті. Сонда мал басы неге аз?

Облыс әкімі елімізде бизнесті, ауыл шаруашылығын дамытуды мақсат еткен  мемлекеттік бағдарламалардың көптігін, дегенмен, аудан халқы бұл мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көріп жатпағанын тілге тиек етті.

— «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында небары 7 кәсіпкерге қолдау көрсетілген. Бұл да төмен көрсеткіш. Ал грант беру бойынша бірдебір кәсіпкерге көмек көрсетілмеген. Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша рейтинг бар. Бұл — Тұңғыш Президенттің тікелей тапсырмасымен енгізілді. Аталған рейтинг негізінде кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті адамдарға атқарушы органдардың қалай көмек көрсеткені анықталады. Өкінішке қарай, Әйтеке би ауданы облыс бойынша 9-орында тұр. Яғни, мұнда шаруашылықпен, кәсіпкерлікпен айналсуға ықыласты адамдарға тиісті қолдау көрсетілмейді, бұл бағыттағы жұмыс жүйесіз, — деді Оңдасын Оразалин.

Мемлекет тарапынан аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға тиісті көмек көрсетіледі. Сәуірдің 1-інен бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік жәрдемақы, әлеуметтік көмектің басқа да түрлері беріле бастайды.

— Сырттан келіп, бізді ешкім асырамайды. Біреу күні-түні тынбай еңбек етеді. Адал еңбегімен табыс табады. Енді біреулер тал түске дейін ұйықтап, «Мемлекет аштан өлтірмес, жәрдемақы бар ғой» деп балаларының санасына да масылдық психологияны  қалыптастырады.

Атаулы әлеуметтік жәрдемақыны облыста 25 мың адам алатын болады. Соның 2,5 мыңы — осы ауданның тұрғындары. Бұл — халық саны 24 мыңнан асатын аудан үшін жоғары көрсеткіш.

Көмекке мұқтаж адамдарға табыстың еңбекпен келетінін түсіндіруіміз керек. Әрине, мемлекет тарапынан аз қамтылған отбасыларға тиісті көмек көрсетіледі. Дегенмен, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы жан-жақты түсіндірген жөн. Өз кәсібін ашуға тырысқан адамдарға кедергі келтірмей, мүмкіндігінше қолдау көрсетілуі керек, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс басшысы елді мекендерді абаттандыру және суармалы жерлер көлемін ұлғайту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Жиын барысында аудан тұрғындары облыс әкіміне қордаланған мәселелерін жеткізді. Олар ұялы байланыспен қамту, жолдарды жөндеу, Комсомол ауылына орталықтандырылған кәріз жүйесін салу, Т.Жүргенов пен Әйтеке би ескерткіштерін орнату және т.б. мәселелерді айтты.

Жамбыл ауылының тұрғыны Төлебай Мұхамбетқалиев ауылдастарының атынан облыс әкімінен ауылдың бес жыл бойы күтіп отырған газдандыру жобасын аяқтауға жәрдемдесуін сұрады.

— Басталған іс аяқсыз қалмайды. Бұл — анық. Тек сәл уақыт, аздап шыдам керек. Келесі жылы жобаны аяқтаймыз, газ құбыры тартылатын болады, — деді Оңдасын Оразалин.

Сапар  барысында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауға арналған қайырымдылық акциясы өтті. Шарада 2 отбасыға баспана сатып алуға сертификат берілді. Сондай-ақ 8  отбасыға өз кәсіптерін ашып, құс пен мал сатып алу үшін 100 мың – 250 мың теңге көлеміндегі сертификат табыс етілді. Бұл — пайызсыз тауар несиесі.

Оңдасын Оразалин акцияны өткізуге қолдау көрсеткен демеушілерге алғысын білдірді.

Қайырымдылық шарасынан соң  облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке қабылдады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button