Басты жаңалықтар

Хромтау көш соңында келеді

Өндірісті аудан 12 ауданның ішінде 11-орында келеді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Әйтеке би ауданынан кейін күннің екінші жартысында Хромтауға барып, ауданның тынысымен танысты. Мұнда ол бірқатар өндіріс орындарын, әлеуметтік нысандарды аралап көріп, аудан халқымен кездесті. Сондай-ақ тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, тиісті көмек көрсетілетінін айтты.

Шахта және шаруашылық

Алдымен облыс басшысы Хромтау қаласындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — Дөң кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасын аралап, жасалып жатқан жұмыстарға қатысты өз пікірін білдірді.

1982 жылдан бастап өнім өндіре бастаған шахтада қазір 767 адам еңбек етеді. Өткен жылы Дөң кен байыту комбинатында 5638,6 мың тонна кен өндірілсе, оның ішінде «Молодежная» шахтасында өндірілген кен көлемі — 2480,5 мың тонна. Биылғы жоспар бұдан да көп. Жалпы Дөң кен байыту комбинаты расталған қорлары бойынша әлемде 2-орын алады. Ал мұндағы өнімнің сапасына тең келетін әлемде кен орны жоқ.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Хромтау қаласындағы «Агрофирма ТАУ» ЖШС жұмысымен де жете танысты. Ол мұнда өндіріліп жатқан айран, май, сүзбе секілді сүт өнімдерінің сапасына байланысты өз ойын айтты. Аталған серіктестікке 5 шаруашылық өз өнімдерін тапсырады екен. Қаңтар, ақпан айларында 600 тонна өнім өндірілген. Жылдық жоспар — 7200 тонна сүт өнімдері. Серіктестік басшылығы жұмысты ілгері жылжыту мақсатында сүт-тауарлы ферма ашуды жоспарлап отыр.

Шағын ауданда кәріз жүйесі мүлде жоқ

Еліміздегі  моноқалалардың мәртебесін алған шаһарлардың бірі Хромтауда бүгінде халық саны артуда. Аудан орталығында жаңадан бой түзеп жатқан тұрғын үйлер көп. Әсіресе, 22-шағын ауданда тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сапар кезінде облыс әкімі аталған шағын аудандағы жанында 100 орындық интернаты бар 600 орынға арналған мектептің құрылысымен де танысты. Оңдасын Оразалин мердігер компания басшылығына білім шаңырағын сапалы әрі уақытында пайдалануға беруді тапсырды.

— Жаңа оқу жылы басталғанша бұл мектептің құрылысы толық аяқталуы тиіс. Сондай-ақ тиісті құрал-жабдықтармен, оқу кабинеттерімен толық қамтылуы керек, — деді облыс әкімі.

Құрылысқа жауапты мекеме басшылары құрылыстың сапалы салынып, білім ордасына қажетті жабдықтар толығымен қамтылады дегенмен, мұнда кезінде ескерілмей қалған мәселелер жоқ емес. Қазірдің өзінде бірнеше үйлер бой тіктеген жаңа шағын ауданда кәріз жүйесі мүлде жоқ.

— Сонда қалай болғаны? Мұнда үлкен шағын ауданның халқы қоныстануын жоспарладыңдар. Сонымен қатар бірнеше мекеме еңсе көтереді. Ал инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарын жүйелі түрде тарту жұмыстары неге ескерілмеді? — деді облыс басшысы.

Бұдан кейін облыс әкімі аталған шағын ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан балабақша құрылысымен де танысты.  320 орындық мектепке дейінгі ұйымның инвесторы — «Қазхром» ТҰК» АҚ. Жоба құны — 769 миллион теңге.

Сапар барысында Оңдасын Оразалин 22-шағын ауданда еңсе тіктеп жатқан аудандық әкімдіктің ғимаратын да арлап көрді. Жобаның құны — 280,3 миллион теңге. 2017 жылы басталған құрылысты биыл аяқтау жоспарланып отыр.

Аудандық әкімдік ғимаратында аудандағы ірі өндіріс мекемелерінің көрмесі ұйымдастырылды. Аталған кәсіпорындардың басшылары аймақ әкіміне өздерінің жобалары мен  жоспарларын жан-жақты баяндады. Олардың арасында Ақтөбе мыс компаниясы, «АҚМЭЗ май зауыты» ЖШС, «АкТеп» ЖШС, қыш тақтайшалар өндірісі, т.б. бар.

Орташа жалақы және талдау нәтижесі  

Сапар барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудандық Мәдениет үйінде хромтаулықтармен кездесті. Алдымен аудан әкімі Аманғали Бердалиннің қаңтар-ақпан айларындағы жұмыс қорытындылары мен биылғы жылға арналған жоспарлары туралы есебі тыңдалды.

Өндірісті өлкенің экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған осындағы ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындары. Өткен жылы аудандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемінің  303 789,1 теңге болып, бұл жөнінен аудандар арасында Хромтаудың 3-орынды иеленуі де, қаңтар, ақпан айларындағы көрсеткіш бойынша орташа айлық жалақының 173 567 теңге болып, аудандар арасында көш бастап тұруы да осы өндіріс орындары мен ірі кәсіпорындардың моноқалада көптеп шоғырлануына тікелей байланысты. Аудандағы орташа айлықты республикалық орташа көрсеткішпен тең етіп отырған да осы  ірі өнеркәсіптер. Бұдан шығатын қорытынды: қарапайым жұрттың әл-ауқаты артып, тұрмыс-тіршілігі жақсарды деген сөз емес. Бұл туралы Оңдасын Оразалин былай деді:

Хромтау ауданының әлеуеті өте жоғары. Мұнда облыстағы ірі-ірі өндіріс орындары орналасқан. Сол себепті бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру жөнінен де бұл ауданның көрсеткіші басқа аудандармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Салықтан жиналған қаржының есебінен көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге толық мүмкіндігі бар. Әрине, бұл қуантарлық жағдай.   Қазіргі таңда аймақтағы ірі кәсіпорындар жергілікті атқарушы органдардың, әкімдіктердің қолдауымен жұмыс жасап өз нәтижелерін көрсетіп жатыр.

Ауданда орташа айлық көлемі — 173 мың теңге, ол республикалық көрсеткішпен бірдей. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Бірақ талдау жасасақ, ірі кәсіпорындарда жұмыс істеп жүргендер жоғары еңбекақы алады. Ал ауылдағылардың айлығы аз. Тіпті мүлде жалақы алмайтындар  да бар. Яғни аудандағы орташа еңбекақыны республикалық көрсеткішпен теңестіріп тұрған осы ірі кәсіпорындарда жұмыс жасайтындардың айлығы. 

Өз сөзінде облыс әкімі Тұңғыш Президенттің тапсырмасымен бекітілген бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша рейтинг туралы да айтты. Жалпы ауданда кәсіпкерлік деңгейі тым төмен.

— Республика бойынша 197  аудан мен қала бар. Соның ішінде Хромтау  ауданы 156-орында тұр. Аталған рейтингтің көрсеткіші бойынша Хромтау ауданы облыстағы 12 ауданның ішінде 11-орында, яғни мұнда да көш соңында қалып қойған. Мұның бәрі атқарушы органдардың шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы, тиісті жағдай жасамауының салдарынан болып отыр.  Былтыр ауданда 35 нысан пайдалануға берілсе, олардың арасында бірде-бір өнеркәсіп саласындағы нысан жоқ. Дегенмен, жасалып жатқан игі жұмыстарды жоққа шығармаймын. Ірі кәсіпорындар өз бизнесін дамыта береді. Ал бұл мекемелерде жұмыс жасамайтын қарапайым халық  қолдаусыз қалмауы керек, олар мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын сезінуі тиіс, — деді Оңдасын Оразалин.

Ол аудан әкіміне Хромтаудың экономикасын дамытуды және жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеру жолында тынбай еңбек етуді нықтап тапсырды.

— Үкімет мұқтаж адамдарға атаулы көмек береді. Алайда  әрбір адам табысты өз еңбегімен табуы қажет. Үкіметке қол жайып, қарай бермей, өз беттерімен тірлік етіп, масылдық пиғылдан арылуы керек. Халық ауылдық жерде мал шаруашылығымен және ауыл шаруашылығының басқа да түрлерімен айналысуы тиіс. Оларға атқарушы билік тарапынан қолдау көрсетілуі керек. Сонда көмекке мұқтаж адамдардың саны анағұрлым азаяды, — деді облыс әкімі.

Жиын барысында аймақ басшысы тұрғындардың сұрақтарына тиянақты жауап берді. Бұдан соң Оңдасын Оразалин аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлердің мұрындық болуымен ұйымдастырылған «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық акциясына қатысып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 10-нан астам отбасыға газ қондыру және үй сатып алу үшін 250 мыңнан 3,5 млн теңге көлеміндегі қаржылай сертификаттарды тапсырды. Өңір басшысы акцияда белсенділік танытып, тұрғындарға қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге ризашылығын  білдірді. Жиында Тұңғыш Президенттің тапсырмасы аясында қолға алынған игі шарада пәтер алуға 2 500 000 теңге қаржылай сертификат алған көпбалалы ана Ақмарал Тілеубаева сөз алып, Тұңғыш Президенттің қамқорлығына, атқарушы билік өкілдерінің қолдауына, кәсіпкерлердің қайырымдылығына алғысын айтып, ақ тілегін жеткізді.

Сапар қорытындысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин хромтаулықтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Сауалдардың басым көпшілігі газ орнату мәселесіне байланысты болды. Облыс әкімі жеке қабылдауда тұрғындар көтерген мәселелердің бәрі шешілетінін айтып, дереу аудан басшысына міндеттер жүктеді.

   Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button