Жаңалықтар

Былтыр депутаттар 258 кездесу өткізіп, 1132 адамды жеке қабылдады

Сессия

№24 Ембі сайлау округінен депутат Такталифум Есенғұловтың төрағалығымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті жиырма тоғызыншы сессиясының жалпы отырысына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасарлары мен облыстық басқармалар мен департамент басшылары, аудан және Ақтөбе қалалық мәслихаттарының хатшылары қатысты.

Сессияның күн тәртібінде облыстық мәслихат хатшысының өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалды.  С.Қалдығұлованың баяндауынша, былтыр 9 сессия өткізілген, оның ішінде алтауы — кезекті және  қалғандары —  кезектен тыс сессиялар.

Облыстық мәслихат сессияларында 124 шешім қабылданып, бекітілді, соның ішінде 31 нормативтік-құқықтық актілер мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, облыстық газеттерде және облыстық мәслихаттың сайтында жарияланды. Бүгінгі күні облыстық мәслихатта 5 тұрақты комиссия жұмыс атқарады, барлық отырыстары кеңейтілген форматта өткізіледі. Есепті кезең ішінде облыстық қоғамдық кеңес пен «Nur Otan» партиясы филиалы, азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп 54 отырыс өткізіліп, онда 98 мәселе қаралды. Облыстық мәслихаттың жұмыс тәжірибесіне көпшілік тыңдаулар өткізу енгізілді. Депутаттар үшін құқықтық оқу жүргізіледі, — деді С.Қалдығұлова.

Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекет саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» және «Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияны іске асыру барысы туралы» мәселелер бойынша «Депутат күндері» де өткізілді. «Өткен жылы депутаттар 258  кездесу өткізіп, 1132 адамды жеке қабылдады. Негізінен халықтан түсетін өтініштердің дені — материалдық көмек көрсету, жұмысқа орналастыру, жолдарды жөндеу және сумен қамтамасыз ету мәселелері. Бұл мәселелерді шешу үшін тиісті ұйымдарға депутаттық сауалдар, өтініштер, хаттар жіберіледі. Былтыр депутаттар тарапынан атқарушы органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің басшыларына 203 өтініш жолданды», — деді облыстық мәслихаттың хатшысы.

С.Қалдығұлова өз сөзінде депутаттардың мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде әртүрлі шараларға қатысатынын, сайлау округтерінде белсенді жұмыстар атқарып, жыл сайын қайырымдылық акцияларға, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсететінін атап өтті. Былтырдың өзінде депутаттардың ықпалымен қайырымдылыққа 385 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Бір ғана мысал, былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында депутат Аркадий Ни Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданында жалпы сомасы 1 млрд 150 млн теңгеге Теннис орталығын салған.

Ол есепті мерзім ішінде жоспарланған жұмыстардың барлығы орындалып, 2019 жылға бекітілген жоспар бойынша жұмыс жасауға кіріскендерін айтты.

Сол сияқты, сессия жұмысында облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов аймақта өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының іске асырылу барысын баяндады. Оның айтуынша, аталған бағдарлама бойынша жылдық жоспар 870,0 мың шаршы метрді құраса, 2018 жылдың  қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 908,6 мың шарша метр тұрғын үй, яғни 7875 пәтер пайдалануға берілген. Өсім — 14,7 пайыз.

Сонымен қатар, сессия жұмысында «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 10 желтоқсандағы №347 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселесі бойынша облыстың экономика және  бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева хабарлама жасады. Ол облыстық бюджеттің нақтылануына ұсынылған шығындар тізімін ұсынды. Шығындардың жалпы сомасы — 3 млрд 947 млн 488,8 мың теңге.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аталған қаражаттың 420 миллион теңгесі аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталады. 200 миллион теңге — көпбалалы, толық емес және кірісі төмен, яғни отбасында мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге қарастырылмақ. Осындай санаттағы азаматтар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 2-3 пайызбен  тұрғын үй несиелерін беру механизімдері іске асырылатын болады. Сондай-ақ, қаражаттың бір бөлігі  көпбалалы отбасындағы балалардың шығындарын ішінара өтеу мақсатына қарастырылып отыр. Бұл өз кезегінде 2 мың балаға ата-ана қалтасынан жұмсалатын қаражатты 70 пайызға азайтуға ықпал етпек, — деді Г.Сүйінтаева.

Сондай-ақ, сессияда Ақтөбе қаласында қалалық жедел шұғыл медициналық көмек станциясын салу және пайдалану, облыс орталығында  спорттық үй-жайларды  жалға алу, «Ақбөбек» оңалту орталығының ғимаратын физика-математика мектеп-интернаты етіп жалдау сияқты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылданды.

Депутаттар Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ұшқын Мыңбаевтың Ақтөбе қаласының ауылдарын тұрғын үй алаптарына қайта құру туралы ұсынысын қолдап, облыстық қоғамдық кеңестің құрамын бекітті. Сонымен қатар, ведомствоаралық сипаттағы комиссия құрамына, облыстық мәслихаттың шешімдеріне және басқа да құжаттарға өзгерістер енгізілді.

Сессия жұмысы кезінде депутат Д.Довматенко, Н.Сағыналин, Г.Ерғазиналар  депутаттық сауалдарын жария етті.

Депутат Светлана Айтбаева жақын аралықта 20 көпбалалы анамен кездескенін, олардың басты мәселесі — баспана екенін айта келе, С.Төленбергеновтан осы орайда мұндай санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін облыста қандай жұмыстардың қолға алынғанын сұрады. Ол биыл Ақтөбе қаласы мен Мәртөк, Хромтау аудандарында осындай санаттағы азаматтар үшін жалпы ауданы 22,9 мың шаршы метрлік 302 пәтер пайдалануға берілетінін айтты.

Облыстық мәслихаттың кезекті жиырма тоғызыншы сессиясында депутаттар 35 мәселе қарап, тиісті шешімдер қабылдады.

Сессия жұмысын қорытындылаған сөзінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин депутаттарға бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдардың жұмысын қолдап, көптеген өзгерістерге шешімдер қабылдап жатқаны үшін алғысын білдірді.

Біздің облыс — республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың бірі. Алайда, өмір болғасын, тиісті проблемалар да болады. Күнделікті жағдайлардан туындайтын мәселелер шығады. Оның барлығын келешекте өздеріңізбен бірлесіп, шешеміз деген ойдамын. Бұл біздің сіздермен бірінші кездесуіміз. Қысқа мерзімде бір нәрсені болжау өте қиын.  Бердібек Машбекұлы сіздермен бірге облысты жоғары деңгейге көтерді. Енді біз осыны қолдап, дамытуымыз керек. Сіздер аз ғана уақыт кездесудің өзінде облыс халқы атынан  көптеген ескертулер мен ұсыныстар айтып жатырсыздар.  Оның ішінде көпбалалы аналарды баспанамен қамту жайын да айттыңыздар. Бұл — өте маңызды жайт, мұқият ойластыруды  қажет етеді.  Бұл орайда біз тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту қажет деп таптық. Осы мақсатқа облыстық және қалалық бюджеттерден 200 миллион теңгеден қаражат қарастырылмақ. Бұл — Мемлекет басшысының «Nur Otan» партиясының съезінде алдымызға қойған нақты тапсырмасы. Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың мәселесін шешу Елбасы Жолдауында да айтылды. Сол тапсырмаларды орындау — біздің міндетіміз, —  деген Оңдасын Оразалин өңір экономикасының дамуы үшін Елбасы жүктеген барлық міндеттер атқарушы және билік өкілдерінің бірлескен күшімен шешілетінін айтты.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button