Жаңалықтар

Бұқаралық спортқа көңіл бөлу күн тәртібінен түспейді

Сәрсенбі күні Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек спорт сарайында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өткен жылғы атқарылған жұмыстарының қорытындысы мен биылғы жылға арналған жоспарлары туралы кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.
Есеп беру кездесуіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жанынан құрылған Ардагерлер кеңесінің мүшелері, балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің директорлары қатысты.
Кездесу барысында басқарма басшысы Мейрамбек Махамбетов баяндама жасады.

Баяндамада айтылғандай, облыста соңғы 3 жылда 70-тен астам спорт ғимараты салынып, қолданысқа берілген. Бүгінде облыс аудандарындағы спорт саласына және спорттық инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінуде.

Елбасының 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу тапсырмасын орындау мақсатында, биыл облыстың 4 ауданында (Әйтеке би, Қарғалы, Ырғыз, Мәртөк) спорт кешендерінің құрылыс жұмыстары аяқталмақ. Сондай-ақ, биыл облыста жеңіл атлетика манежі, 3 каратэ орталығы және иппотерапия манежі қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.

Облыс халқының 31,4 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады. Еліміз бойынша үздік үштіктеміз. Десек те, облыс басшысының айтуынша, әлі де өсімді өсіру қажет. Спортшылар үшін барлық жағдай жасалынып жатса да, топ жарып жүргендер саусақпен санарлықтай.

— Әрбір мемлекеттің болашағы, дамуы, денсаулығы мықты, білімді азаматтарына байланысты. Спорт — әрбір ұлтқа, елге үлкен абырой. Мемлекет басшысы бұқаралық спортпен айналысушылардың санын ең кем дегенде 30 пайызға жеткізу туралы тапсырма берген. Қазір бұл тапсырманы толығымен орындадық. Облыс тұрғындарының 31,4 пайызы бұқаралық спортпен айналысады. Әрине, бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен бұдан да жоғары көрсеткішке жетуге барлық мүмкіндіктер қарастырылған.  

Соңғы жылдары көптеген спорттық нысандар салынып жатыр. Осы бағытта арнайы 12 мамандандырылған спорт мектебі бар. Ауылдың балаларын осы спорт мектептеріне барынша тарту қажет. Ендігі мақсат — алдағы уақытта өтетін олимпиадаға лицензия алуға тырысу.

Сондай-ақ спорт басқармасы өңірдегі барлық спорт федерацияларымен жұмыс жасауы керек. Өкінішке қарай, әлі де болса бұл жұмыс дұрыс жолға қойылған жоқ. Жаттықтырушылардың жұмысы да нашар деуге болады. Мен үш жылдан бері спорт басқармасына тапсырма беріп келемін. Өзге өңірлерде жүрген ақтөбелік жаттықтырушыларды шақыруымыз керек. Ең негізгісі — спортшыларымыз дүниежүзілік жарыстардан жоғары нәтижеге қол жеткізуі керек. Өткен жыл жаман болған жоқ. Дүниежүзілік, Азиялық чемпионаттарда спортшыларымыз спорттың еркін күрес, дзюдо,грек-рим, жүзу түрлерінен жүлдегер атанды. Қалған спорт түрлері қайда? Басқа да спорт түрлерін дамыту керек, — деді облыс басшысы өз сөзінде.

Биыл Жастар жылына және Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай облыста 150-ден астам ауқымды спорттық іс-шара өтеді. Атап айтқанда, әр спорт түрінен 103 облыстық, 8 ҚР чемпионаты, 7 республикалық турнир, 7 халықаралық, 3 кешенді спорттық шаралар ұйымдастырылмақ.

Айта кетейік, биыл ақтөбелік спортшылар қысқы спорт түрлерінен бірқатар жетістіктерге қол жеткізді.

Ақпан айында өткен І қысқы Азия балалары халықаралық ойындарында биатлоншылар Влада Васильченко мен Владимир Конивец және шаңғымен жүгіруші Демеужан Батыржан алтын медальдарға қол жеткізді. Хоккейшілеріміз республикалық қысқы спартакиаданың күміс жүлдесіне қол жеткізіп, құрамындағы 6 спортшымыз 2-12 наурыз аралығында Ресей Федерациясының Красноярск қаласында өтетін 29-шы халықаралық қысқы Универсиадаға қатысуға жолдама алды. Ал 2020 жылы Токиода өтетін жазғы олимпиадаға 4 спортшы лицензия алуға үміткер.
Облыс әкімі спорт мекмелерінің басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарларына  салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды барынша пысықтап, күнделікті бақылауға алу жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Шара соңында облыс әкімі спорт саласына еңбегі сіңген қызметкерлерге ҚР Мәдениет және спорт министрінің төсбелгісін табыстап, Алғыс хаттармен марапаттады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button