Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ұлы даланың ұсталары

Ұлы даланың жеті қыры

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі — айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті», — делінген.

Көшпенділердің жауынгерлік үстемдігі туралы деректер Еділ патша, Шыңғыс қаған жорықтары, т.б. арқылы тарих беттерінде өшпестей болып, сақталып қалды. Жер жүзіне көшпенділердің атақ-даңқы ешқашан жеңілмейтін әскери күш ретінде тарағаны белгілі. Орыс тарихшысы Вадим Трепавлов «Ресейдегі түркі ақсүйектері (патша қызметіндегі ноғайлар)» атты мақаласында орыс билеушілерінің Еуропа жұрттарымен қақтығыстар кезінде ноғайлардан әскери көмек сұрағанын айта келіп, былай дейді: «Орыстар әдетте ноғайлардан екі-үш мың салт атты жауынгер сұрайтын, алайда ноғай билігі Ресейге ешқашан бір жібергенде, екі мың адамнан артық әскер жіберіп көрген емес… Дегенмен, біздіңше, саны жағынан мардымсыз (яғни,халықтан өте көп жасақ жиналғанын ескергенде) ноғай отрядтары батыс майдандарға әскери көмек ретінде ғана емес, одан гөрі моральдық фактор ретінде қажет болған секілді… Мәскеу армиясының қатарында көшпенділердің болуы және көшпенділердің бар екені туралы сыбыс тарату қарсылас жаққа психологиялық тұрғыдансоққы болатын, олардыуайымға салып, абыржу тудыратын. Ресей жағыбатыстағы мемлекеттермен келіссөздер кезінде, іске ноғайларды тартудың тиімділігін арттыру үшін олардың санын әлденеше есе көбейтіп айтатын».

Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы музейіндегі ұстахана көрінісі (tobyl-torgai.kz сайтынан алынды)

Ал кеңестік дәуірдегі орыс жазушысы Дмитрий Балашов өзінің «Марфа-посадница» атты романында Мәскеудің билеуші князі ІІІ Иванның толғаныстары арасына: «Орда жақ әлі де қаһарлы, әлі де қауіпті, алайда таққа талас жолындағы ішкі қақтығыстар, мәскеуліктердің бірнеше сәтті жорықтары бұл күнде далалық салт аттылардың ешқашан жеңілмейтіні жөніндегі аңыздарды жоққа шығарған», — деген сөйлемді тектен-тек қоспағаны анық.

Ата-бабаларымыздың әлем тарихында жеңілмейтін атты әскер бейнесінде қалғанына дәлел мұндай мағлұматтар мен мысалдар ғалымдар еңбектерінен де, әдеби шығармалардан да, көбіне тіпті өңі айналдырылған түрде болса да, ұшырасып отырады.Бұлатақ-даңқ тек атқа міну мәдениетімен немесе далалық жауынгерлердің жаужүректілігі, әскери өнерге бейімділігімен ғана емес, сондай-ақ, металл өндірумен де тікелей байланысты еді. Ұлы даланың ұсталары соққан қару-жарақтар өз заманында әлемдегі ең жетілдірілген соғыс құралы болды. Кеңестік идеология біздің бабаларымыздың өткенін мүлде жоққа шығарған кездің өзінде жазушы Ілияс Есенберлиннің ұлт тарихына арналған шығармасына «Алмас қылыш» деп ат қоюы сол алыс замандардың бір жаңғырығы сынды әсер етіп, қазақ оқырмандары оны толқи қабылдаған еді.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы қазақ жерінің әлемдегі металлургия пайда болған алғашқы орталықтардыңбірі екенін айтакеліп, былай тұжырымдайды: «Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді».

Мамандардың айтуынша, Ақтөбе жеріндегі Мұғалжар тауы баурайындакөне замандарда даметалл өндірілген. Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Аслан Мәмедовтің деректері бойынша, Солтүстік Кавказ бен Украина жеріндегі скиф қорғандарын зерттеген ғалымдардың бірі табылған қола бұйымдардың төрттен бірінің Мұғалжарда өндірілген шикізаттан жасалғанынайтқан. Ал өз жерімізде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде көне қорымдардан қола, темір мен алтыннан жасалған бұйымдар табылады. Мысалы, көне зираттардың бірінен шыққан қоладан жасалған жебе ұштарының саны жүзден асқан. Ал күміс бұйымдар өте сирек кездеседі.

Қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдар

Біздің жеріміздегі көне қорғандардан табылған, яғни ежелгі дәуірдегі ұсталар мен зергерлердің қолынан шыққан бұйымдардың бір бөлігі облыстық тарихи-өлкетану музейіндесақтаулы.Кеңестік кезеңде облыс аумағында қазба жұмыстарын, негізінен, Алматыдағы Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан атындағы институттардың мамандары жүргізген. Ол кезде зерттеушілер, жоғарыдан түскен нұсқаулар бойынша, табылған жәдігерлерді республика астанасына әкетіп отырған.

Облыстық тарихи-өлкетану музейініңархеология және этнография бөлімінің меңгерушісі Айнұр Мақсатқызы:

— Кеңес кезінде Алматыдан келген мамандардың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстарына біздің музейдің қызметкерлері де атсалысқан. Олардың жазып қалдырған құжаттарында Алматыға әкетілген алтын бұйымдардың суреттері сақталған. Енді алдағы уақытта музей қорын сол жәдігерлердің көшірмелерімен толықтыру жоспарланып отыр, — дейді.

Айнұр Мақсатқызының айтуынша, Ақтөбе жерінен табылған көне алтын бұйымдардың сынамалары жоғары екені анықталған. Музей қорында алтыннан жасалған белдік қапсырмалары, Орқаш қорымынан табылған алтын тостаған, Тәңірберген-2 қорымынан табылған арқар бейнесіндегі жапсырма, түрлі металдардан жасалған басқа да көптеген жәдігерлер сақталған.

Салмағы 8 келі болатын Есет батырдың (Есет Көкіұлы) кіреуке сауыты да  музейдегі ең қастерлі жәдігерлердің бірі.

Әрине, мұздай темір құрсанған батырлардың, алмастай жарқылдаған өткір жүзді қылыштың заманы әлдеқашан өткенімен, ежелгі дала өркениетінің бір бөлшегі сынды ұсталық өнер біздің жерімізде жаппай тараған қалпында тіпті күні кешеге дейін жетті.

Сағи ақын, Сағи Жиенбаев «Ұста» атты туындысында:

«Лапылдап ұшқан жалынның

Жарығы түнді тіледі.

Сол бір үй біздің ауылдың,

Секілді соққан жүрегі», — деп жырлағанындай, ауыл-ауылдардағы ұстаханалар мен көрік үйлерде ұсталардың қызу еңбегіне куә болған жандар қазір де арамызда жүр.

Ұлы дала үшін ұсталық — қасиетті өнер болған. Күні кешеге дейін қазақтың ұсталары көрік үйге келгеннен кейін, жұмысын міндетті түрде: «Менің қолым емес, Тәңірдің қолы», — деген сөздермен бастаған. Ұсталық өнердің түп бастауында ежелгі пайғамбарлар тұрған деп сенген. Атақты ұсталардың көрік үйлерінің есігі алдында былайғы жұртқа білінбей, тек қасиетті жандардың көзіне көрінетін айбарлы арыстандардың отыратыны, т.б. осы мазмұндас аңыздар да бір төбе. Мұның бәрі халықтың ұсталық өнерді қандай да бір тылсым күштермен, бізге сыры беймәлім әлеммен байланыстырғанын көрсетеді.

— Ұлы даланың ұсталары жұртшылықты күнделікті тұрмысқа қажетті барлық дерлік бұйымдармен қамтамасыз еткен. Әр ауылдың өз ұстасы болған. Жылма-жылғы экспедициялар барысында біз көне ұсталардың соңғы тұяғы — Кеңес дәуірінде өмір сүрген ұсталар туралы мәліметтер жинап, олардан қалған бұйымдарды іздестіріп келеміз. Музей қорында ұсталардың қолынан шыққан бұйымдар, олар пайдаланған құрал-жабдықтар, қалыптар, мысалы, Якуда Жолмырзаұлы, Баймағамбет Оразымбетұлы сынды ұсталардан қалған дүниелер бар. Қазақтың ұғымында ұстаның көрігі өте қастерлі бұйым саналған. Біздің музейде екі көрік тұр, — дейді Айнұр Мақсатқызы.

Оның айтуынша, бұл жәдігерлералдағы уақытта ұсталарға арналған диорамаға қойылмақ, демек, енді облыстық музейден Ұлы дала жұртының күнделікті тыныс-тіршілігінің «жүрегі» саналған көрік үйлердің көріністерін таба алатын боламыз.

 И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Суреттерге: 1. Қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдар;

  1. Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы музейіндегі ұстахана көрінісі (tobyl-torgai.kz сайтынан алынды)

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button