Жаңалықтар

Орталық зейнеткерлерді шақырады

Ақтөбеде зейнет жасындағы азаматтарға арналған Белсенді өмір сүру орталығы ашылды. «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қолға алынған орталық өз келушілерін Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында күтеді.

Аталған орталық 6 секция бойынша жұмыс жасайды. Мұнда кез келген зейнеткер бос уақытында келіп әңгімелесу және тіл үйрену, цифрлық сауаттылығын арттыруклубтарына қатысып, заңгер, психолог көмегін ала алады. Сондай-ақ орталықта арнайы дене шынықтыру бөлмелері жасақталған.

— Ардагерлердің белсенділігін арттыру мақсатында ашылған орталық әзірге облыс орталығында ғана жұмыс жасайды. Болашақта аудандарда да ашу жоспары бар. Бұл жерге зейнет жасындағы кез келген қала тұрғыны келіп, бос уақытын өткізе алады. Барлық клубтар олар үшін тегін қызмет атқаратын болады. Сондай-ақ орталық жанынан медиация орталығы құрылып, кесте бойынша жұмыс жасайтын болады, — дейді «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Ақылбек Сахиев.

— Зейнеткерлер үшін мұндай орталық өте қажет. Өйткені зейнет жасынан бастап адамның екінші өмірі басталады. Сондықтан Белсенді өмір сүру орталығы біз секілді зейнеткерлер үшін жаңа бір серпіліс алаңына айналады деген ойдамын. Мені орталықта тіл үйрену клубтары жұмыс жасайтындығы қуантып тастады. Алдағы уақытта осында қазақ тілін және ағылшын тілін дамыту үшін келетін боламын және өзімнің қатарластарымды шақырамын, — дейді зейнеткер Наталья Оглоблина.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button