Жаңалықтар

Меморандум маңызды мәселені шешеді

Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың қатысуымен «Қазіргі заманғы сот төрелігі жүйесіндегі отбасылық сот»  тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Шараға Ақтөбе қалалық және қаладағы №3 соттың судьялары, құқық қорғау органдары мен жастар саясаты мәселелері, білім беру, денсаулық сақтау басқармаларының, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жәбірленушілерін қорғау орталығының өкілдері,  сондай-ақ медиаторлар мен адвокаттар, партияның, облыстағы іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері, жеке сот орындаушылар мен заң кеңесшілері қатысқан дөңгелек үстел отырысында «Отбасылық сот» пилоттық жобасының маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді.

Өз сөзінде Ілияс Испанов кәмелетке толмағандарға қатысты әкімшілік және қылмыстық істерді мейлінше азайту үшін алдын алу шараларын көбейтуді, отбасыларға тегін бастапқы психологиялық көмек көрсету, оларды сақтау және отбасылық өмірдің құндылықтарын насихаттау бойынша іс-шараларды жүзеге асыру үшін мектептегі медиацияны дамыту қажеттілігін айтты.

Дөңгелек үстел барысында Ақтөбе қаласындағы №3 соттың судьясы Амангүл Сұлтанғалиеваның айтуынша, статистикалық мәліметтер бойынша Ақтөбе қаласы мен қаладағы №3 сотқа 2017 жылы  неке бұзу туралы 2633 талап-арыз түскен. Ал бұл көрсеткіш өткен жылы бұдан да өскен.

Былтыр неке бұзу туралы 2727 талап-арыз түсті. Бұл — дабыл қағатын жағдай. Қалалық соттың судьяларымен істі қарау барысында барынша ерлі-зайыптыларды татуластыру мақсатында үлкен шаралар жүзеге асырылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, статистика көрсеткендей, әрбір жетінші жұпты татуластыруға қол жеткізіппіз, — деген ол ерлі-зайыптылардың ажырасу себебін айтып, нақты мысалдар да келтіріп өтті.

Дөңгелек үстел барысында сот мамандары көпшілік назарын некені бұзу туралы азаматтық істердің көбеюіне аударды және осыған  байланысты отбасылық мәселелерді зерделеу бойынша мемлекеттік және қоғамдық іс-шараларды өткізу мен отбасын нығайтудың жаңа тетіктері, соның ішінде заңнамалық деңгейдегі актілердің қажеттілігін атап өтті.Кездесу соңында соттар мен мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар арасындағы мемлекеттік отбасылық саясатты дамыту, отбасы институтын нығайту, отбасы, неке мен құқықтық мәдениет мәселелері бойынша халықты ақпараттандыру үшін бірлескен ынтымақтастықтың негізін қалайтын меморандумға қол қойылды. Тараптар Жоғарғы Соттың «Отбасылық сот» жобасын қолдап, отбасылық соттармен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button