Жаңалықтар

Жалға алу жайы талқыланды

Мәслихат

Дүйсенбі күні облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

№1 Жамбыл сайлау округінен депутат Аркадий Нидің төрағалық етуімен өткен жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық мәслихаттың депутаттары мен басқарма басшылары қатысты.

Басқосуда алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев «Ақтөбе қаласында жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясын салу және пайдалану» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттеме қабылдау туралы» хабарлама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, 2016 жылы «Ақтөбе қаласының медициналық жедел жәрдем станциясын салу және пайдалану»мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы шеңберінде келісімшарт жасалған. Жеке әріптес — «ZHANA TOBE» ЖШС.

Аталған жобаның стратегиялық мақсаты — облыс тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетуді дамыту.

Келісімшарт мерзімі – 7 жыл, ал жобаның жалпы құны — 3 201 564,4 мың теңге.

Ал комиссия отырысында екінші болып сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева «Ақбөбек» сауықтыру орталығының ғимаратын физика-математика мектеп-интернатына жалға алу» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттеме қабылдау туралы» мәселеге тоқтады.

Сонымен қатар комиссия отырысында облыстық мәслихаттың «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған  мамандандырылған балабақшаны орналастыру үшін Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданындағы 9/2 үйдегі мектепке дейінгі білім беру мекемесін коммуналдық меншікке беру және технкалық қызмет көрсету» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттеме қабылдау туралы» 2018 жылғы 22 ақпандағы №249 шешіміне және «Ақтөбе қаласында теннис корттарын салу және пайдалану» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттеме қабылдау туралы» 2018 жылғы 10 маусымдағы №311 шешіміне  өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.

Сондай-ақ тұрақты комиссия отырысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов «Ақтөбе қаласында жалпы ауданы 1300 шаршы метр спорттық үй-жайды жалға алу» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттеме қабылдау туралы» және «Ақтөбе қаласында жалпы ауданы 1281,5 шаршы метр спорттық үй-жайды жалға алу» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттеме қабылдау туралы» мәселелері бойынша баяндама жасады.

Басқарма басшысы айтып өткендей, басқарма мен «ДиИнтер» ЖШС  арасында 2016 жылы № 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне арналған «Ақтөбе қаласында 1 281,5 шаршы метр спорт кешенін жалға алу» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша шарт жасалған.

Аталған объект Ақтөбе қаласы, Қонаев көшесінде орналасқан. Жалпы ауданы 1281,5 шаршы метрді  құрайды,оның ішінде жалға алынатыны — 824,23 шаршы метр. Шарт мерзімі — 7 жыл, жалпы сомасы — 48 543,0 мың теңге.

Қысқы уақыт кезеңінде тәрбиеленушілер спорт залында жаттығу сабақтарын және жаттығу залында жалпы физикалық дайындықты өткізеді.

Сонымен қатар мектепте стандартты футбол алаңы бар, онда тәрбиеленушілер жазғы уақытта әйелдер футболы бойынша оқу-жаттығу сабақтарын өткізеді. Осыған байланысты 15 мамыр мен 15 қыркүйек аралығында спорт кешенін жалға алу талап етілмейді, — деді ол.

Аталған мәселелерді талқылау барысында облыстық мәслихаттың депутаттары сұрақтар қойып, өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын айтты.

Жиын соңында комиссия аталған мәселелерді облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына енгізу туралы қаулы қабылдады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button