Экономика

«Әйелдер микробизнесте» жобасы қанат қақты

Ақтөбе қаласындағы «Дастан» қонақүйінің мәжіліс залында «Әйелдер микробизнесте» жобасы аясында семинар-тренинг өтті. Шараға Ақтөбе қаласының және облыс аудандарынан келген кәсіпкер әйелдер қатысып, өз кәсіптерін одан әрі дамыту бағытында кеңес алды.

Аталған жобаны Ақтөбе қаласы әкімдігі мен «Диалог» тренинг және консалтинг компаниясы жүзеге асырып отыр. Жобаға қатысуға еліміздің 14 облысынан 350 кәсіпкер әйел қатысуға жолдама алған.

Бизнес бастаған кез келген кәсіпкерге қосымша кеңес керек. Бүгінгі шараға облыстан 25 қатысушы іріктеліп алынды. Олар екі күн бойы тегін білім беру жобасының бағдарламаларымен танысады. Оның ішінде «Маркетинг және сату құралдары», «ІТ шағын бизнес үшін», «Қаржы және олардың микробизнестегі есебі», «Персонал және кәсіпкердің жеке дамуы» секілді тақырыптар қамтылады. Семинар аяқталғаннан кейін қатысушылар өз бизнесіне зерттелген тақырыптарды енгізу үшін тегін коучинг қолдау алады. Бір ай бойы алған білімдерін өз тәжірибелерінде жүзеге асырып, толғандырған сауалдарын онлайн түрде жолдауға мүмкіндік бар, — дейді «Диалог» тренинг және консалтинг компаниясының директоры Айжан Дүйсебаева.

Семинар-тренингке қатысушылардың бірі — Бақытгүл Өтебаева. Кәсіпкер алты жылдан бері тігінмен айналысады. Бүгінде Қандыағаш қаласынан тігін шеберханасын ашып, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

— Тігіншілік ісі бала кезімнен жаныма жақын. Бастапқы кезде үйден көрпелер тігіп жүрдім. Қазір қыз жасауын, перделер мен киімдер тігеміз. Ақтөбе қаласынан, өзге облыстардан да тапсырыстар түсіп жатады.

Бүгінгі шарадан интернет арқылы қалай жұмыс істеу керек екендігін, тауарларды сату жолдарын кеңірек түсіндім. Кәсіпкерлердің көпшілігіне кәсіпті әрі қарай саудаға шығару, сату жағы қиындық туғызып жатады.

Әрбір әйел адамның қолынан көп нәрсе келеді. Сол жақсы көріп жасайтын ісін әрі қарай дамытып, бизнес көзіне айналдыруға болады. Біліктілігімді арттыру үшін түрлі курс, семинарлардан, қолөнер шеберлерінің сабақтарынан қалмауға тырысамын. Өйткені бизнесті әрі қарай дамыту үшін білім керек, — дейді Бақытгүл Өтебаева.

Айта кетейік, «Әйелдер микробизнесте» жобасы Ақтөбе қаласынан бастау алып отыр. Алдағы уақытта еліміздің әр өңірлерінде жалғасып, қорытынды конференция Алматы қаласында ұйымдастырылмақ.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button