Жаңалықтар

Тұрғындарды қабылдау жалғасуда

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен азаматтарды қабылдауға арналған қалалық штабтың алғашқы отырысы өтті.

Оған қалалық мәслихаттың депутаттары, қалалық бөлім басшылары, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Отырыста қала әкімі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес қалалық штаб құрылғанын, бүгінде көмекке мұқтаж отбасылар мен тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында мобильдік топтар жұмыс жасап жатқанын жеткізді.

Өздеріңіз білесіздер, 8 ақпаннан бастап қаламызда Ашық есік күні өткізіліп, бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар мен бірқатар азаматтардың өтініштеріне сәйкес 8 ақпаннан бастап қаламыздың 4 жерінде азаматтарды қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін біз жеке қабылдаулар да өткіздік. Алайда ел болған соң әр түрлі жағдайлар болады. Сондықтан біздің басты мақсатымыз — көмекке мұқтаж тұрғындарға жағдай жасау. Алайда айта кету керек, тұрғындардың өтініштерін, сондай-ақ бірқатар мәселелерді біз бір мезгілде шеше алмаймыз. Дегенмен бірлесіп жұмыс жасасақ, бұл мәселелер шешіледі деп ойлаймын, — деді қала әкімі.

Оның айтуынша, азаматтарға қабылдау жүргізілген 4 пунктке 8-12 ақпан аралығында 2267 сауал түскен. Атап айтсақ, оның 1127-сі — тұрғын үй, 598-і — арнайы көмек көрсету, 287-сі — білім, денсаулық сақтау, еңбек дауы, 177-сі — жер теліміне қатысты сауалдар болса, 108 адам инженерлік желілерге байланысты өз өтініштерін жеткізген.

— Ашық есік күні аясында жауапты мамандар мен мемлекеттік мекеме өкілдері 11 адамның тұрғын үйге байланысты мәселелеріне сол жерде көмек көрсетсе, 68 тұрғынға арнайы көмек көрсетілді. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша өтініш білдірген 287 адамның 21-іне, жер теліміне байланысты түскен 177 сауалдың 77-сіне мамандар дереу жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жалпы 3 күн ішінде көптеген тұрғынның мәселесі оңтайлы шешілді деуге болады, — деді І.Испанов.

Отырыс барысында белгілі болғандай,  тұрғындарды қабылдау жұмыстары 15 ақпанға дейін жалғасады. Қала тұрғындары өз өтініштерімен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында, «Халықтың кеңсе» ғимаратында, Астана және Алматы аудандары әкімдіктерінде орналасқан қабылдау пунктеріне бара алады. Қабылдау таңертеңгі 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жүргізіледі.

Айта кету керек, қазіргі таңда қаламызда көмекке мұқтаж отбасылармен нақты жұмыстар жүргізу үшін қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері және мемлекеттік құрылымдардың өкілдерінен құрылған мобильдік топтар жұмыс жасауда. Олар алдағы уақытта азаматтардың өтініштеріне сәйкес мекенжайларды аралап, жағдайы төмен, көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетеді.

Отырыс соңында қала әкімі бастаған штаб мүшелері тұрғындардың сауалдары мен өтініштері бойынша жұмыстарды саралап, мұқтаж жандарға қол ұшын беру мақсатында алдағы уақытта атқарылатын іс-шараларды нақтылады. Қала әкімі отырысқа қатысқан бірқатар кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерін әлеуметтік жағдайы төмен, баспанасыз жүрген отбасыларға көмектесіп, қолдау білдіруге шақырды.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button