Жаңалықтар

Балалар бақылаусыз қалмауы тиіс

Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі  облыстық комиссияның Ақтөбе политехникалық колледжінде өткен көшпелі  отырысына  қатысушылар  осындай қорытындыға келді.

Көшпелі отырыс тақырыбы — жасөспірімдер қылмысы мен оның себеп-салдары. Жиынды  ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов 11 қаңтарда  мектеп және колледж директорларымен кеңейтілген отырыс өткізіп, тәрбие жұмыстары туралы есептерін тыңдағанын жеткізді. Баяндамалар сенімді естілгенімен, істің шындығы басқаны көрсетті. Құқықбұзушылыққа барған мектеп оқушылары мен колледж студенттерін оқу орындары басшылығы мүмкін болғанша жасырып келген.

— Облыс әкімі қатысуымен өткен мәжілісте оқытушылардан сұрағанымызда, бәрі де тәртіпсіздік жасағандарға тамаша мінездеме берді: жақсы оқиды, спортпен айналысады, белсенді, т.с.с. Егер олай болса, онда неге тәртіпсіздікке барды?  Бұзақылықтарын жасыратын,  өздерін үнемі бүркемелейтін ересектердің іс-әрекетіне баланың да еті үйреніп кетті. Қанша жерден жақсы оқыса да, іс-әрекетіне  өз басымен жауап беретінін түсінгенде, бала  ойланар еді. Әуелі  өздеріңіз балаға теріс үлгі көрсеттіңіздер, — деді Марат Тоқжанов.

Жасөспірімдер қолымен жасалынатын қылмыс тақырыбын талқылай отырып, облыс әкімінің орынбасары мына дерекке ерекше тоқталды:

— Биылғы қаңтардың 20 күні ішінде жасөспірімдерден 77 пышақ тартып алынды. Бұрын-соңды мұндай деректі кездестірген жоқпыз. Ата-ана ең әуелі баламның сөмкесінде не қалтасында пышақ неге жүр деп ойлануы керек еді. Түзу  ортада өскен бала бірден пышаққа жүгірмейді. Осыны ойланыңыздар.

Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы  Жанна Макаревичтің  жасаған баяндамасы  мәжіліске қатысушыларға ерекше әсер етті.

— Өткен жылдың 12 айының қорытындысы жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыстың 8 пайызға азайғанын көрсетеді. Бұрын жасөспірімдер  ұрлық,  бұзақылық қылмыстарына көп баратын болса, қазірде ауыр қылмыстар, кісі өлтіру көбейді.  Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде  ішкі істер органдарына 4 мыңнан астам жасөспірім жеткізілді. Кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына 418 жасөспірім жеткізілді, олардың 45-і — ата-ананың қарауынан тыс қалған балалар, 366-сы — бақылаусыз және бетімен жүрген балалар. Кәмелетке толмағандарды бақылаусыз жіберген 3760 ата-ана мен заңды өкілдері жауапкершілікке тартылды. Түнгі уақытта жасөспірімдерді ойын-сауық мекемелеріне кіргізгені үшін  91 ойын-сауық орындарының басшылары, 159 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, бала тәрбиесінде өз міндеттерін дұрыс атқармайтын және балаларын бақылаусыз жіберген 138 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 56-сы ата-аналық құқығынан айрылды.

Жанна Макаревич  баяндама жасағанда, аты аталған құқықбұзушылыққа барған  балалар мен ата-аналары, оқытушылары орындарынан тұрғызылды. Комиссия мүшелері ата-ана, оқушы, ұстаздар пікірлерін мұқият тыңдады. Осы жерде жасалған қылмыс түрлеріне қарамастан, ересектер балаларды және өздерін қорғаштап бақты.

Марат Тоқжанов осы жерде нақты пікірін айтты:

— Сіздерді тыңдасақ, бәрі де тамаша, ешкім де кінәлі емес болып шығады. Алайда қылмыс жасалды. Полиция өте мұқият түрде барлық проццессуалды  шараларды өткізіп жатыр. Бірақ  сіздер мынаны түсінулеріңіз керек: кез келген істе  басқаларды қылмысқа әзірлеп итеріп шығаратын, бірақ та өздері тасада қалатын  от салушылар болады. Барлығыңыз да осы  жайтқа мұқият назар аударыңыздар. Араға от салушыларды анықтау керек. Алдағы уақытта да ондайлардан сақ болған жөн.

Мәжілістің екінші жартысында облыстық білім басқармасының басшысы  аймақтық мектеп олимпиадасы мен ғылыми жобалар конкурсы бағдарламаларын таныстырды.

 Инесса ФАДЕЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button