Ақтөбе — 150

Көрме атауы: «Ақтөбе — құтты мекен»

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай облыстық өнер музейінде «Ақтөбе — құтты мекен» көрмесі өтіп жатыр. Оған балалар және жасөспірімдер шығармашылық үйі тәрбиеленушілері мен қосымша білім беру педагогтарының 130-ға тарта жұмысы қойылды.

Көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары ұсынылған көрме «Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Мақсат — балалардың бойындағы патриоттық сезімді одан әрі арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін күшейту, сондай-ақ, олардың өнерге деген ықыласы арқылы Ақтөбенің 150 жылдық тойының маңыздылығын жете түсіндіру.

— Көрмеге қойылған жұмыстардың ішінде жас суретшілердің акварель, гуашь, сия, майлы бояу сияқты түрлі техникада орындалған жұмыстары бар. Сонымен қатар, темір мен ағашты өңдеу, лентамен кестелеу, қағаз пластика, фелтинг, батик секілді қазіргі таңда көптеп кездесетін қолөнердің барлық түрлерін дерлік көруге болады. Өнерлі балалар лентамен кестелеу арқылы да ерекше бұйымдар жасауға болатынын көрсетіп отыр. Бұл техниканы қолдана отырып, олар түрлі тігілген, тоқылған бұйымдарды безендіріп, сәндік панно жасады.

Көрмеде көркемсурет пен сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының алуан түрлерімен танысуға болады,— дейді облыстық өнер музейінің ғылыми қызметкері Іңкәр Әлібекова.

Балалар және жасөспірімдер шығармашылық үйінде көркемсурет пен сәндік-қолданбалы өнер бағытындағы үйірмелерден басқа, «Хореография», «Жас шахматшы», «Тоғызқұмалақ», «Этнодомбыра», «Ән әуез», «Синтезатор», ағылшын тілі, «Speakers’ Club» дебат клубы, баланы ерте жастан дамыту мектептері, инклюзивті білім беру үйірмесі жұмыс жасайды. Орталыққа баратын ұл-қыздар түрлі халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық байқаулардың жеңімпаздары екенін айта кету керек.

Көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары көрмесі 30 қаңтарға дейін жалғаспақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button