Жаңалықтар

Қызмет көрсетуді электронды форматқа көшіру талқыланды

Әскери басқару органдары тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру,  қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін жетілдіру, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізілді.

Бұл шараға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

Қазіргі уақытта облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент тарапынан оннан астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

— Барлық қызметтердің 97 пайызы қағаз құжаттары бойынша көрсетіледі. Біздің мақсат — «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қызметтерді электронды түрде көрсетуге көшуге ықпал ету. Бұл тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алады, себебі қызмет көрсетуші мен қызмет алушы өзара кездеспейді, — дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысы Илья Пак.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мемлекеттік қызмет көрсету қызметінің бастығы Нұргүл Қарағұлованың айтуынша, қазіргі уақытта басқарма тарапынан көрсетілетін он қызметтің екеуі ғана электронды түрде рәсімделеді. Мәселен, былтыр «Әскери қызмет өткеруді растау туралы анықтамалар беру» бойынша көрсетілген 1250 қызметтің  264-і ғана электронды түрде рәсімделген.

Жиында мемлекеттік қызмет көрсету барысында туындайтын мәселелер туралы да айтылды.  Соның бірі — әскери билет алу кезінде кездесетін мәселелер.  Бұл құжатты алуға өтініш беру  «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы жүргізіледі. Алайда, оны алу барысында тапсырылатын құжаттардың түгел болмауы, не сәйкес болмауы тәрізді кедергілер көп кездеседі екен.  Осы мәселелерді болдырмау мақсатында қорғаныс істері жөніндегі басқарма мемлекеттік корпорация мамандарына арналған оқыту семинарын ұйымдастырмақ.

Елбасы Н.Назарбаев былтырғы халыққа Жолдауында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің кемінде 80%-ын  электрондық форматқа көшіру қажеттігін міндеттеген болатын. Жиын барысында қорғаныс істері жөніндегі департаментке электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің санын және сапасын арттыруға қатысты тиісті ұсынымдар берілді.

Мейрамгүл  РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button