Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Жастар жылында Елбасының тапсырмаларын толықтай жүзеге асыруымыз қажет

Бердібек САПАРБАЕВ: Жастар жылында Елбасының тапсырмаларын толықтай жүзеге асыруымыз қажет

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жастар жылының ашылуында сөйлеген сөзіне Ақтөбе дереу үн қосты. Жұма күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев белсенді жастармен кездесті.

Жас жігіттер мен қыздар өз жобалары мен жетістіктерін ортаға салып, аға буынның тәжірибесіне құлақ түрген, ресми отырыстан гөрі өзара қызу пікір алысу алаңына айналған бұл басқосуға облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық басқармалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ белсенді жастар қатысты. 

Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биылғы жылдың Жастар жылы болып жариялануы мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған маңызды қадам екенін айтып, биыл облыста жастарды қолдау мақсатында өткізілетін іс-шараларға тоқталды.

Мемлекетіміздің дамып, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына қосылуы үшін елімізде әр салаға жаңа технология, инновация, озық тәжірибелер енгізілуі керек. Ал олардың барлығын енгізетін, жүзеге асыратын — жастар. Сондықтан Мемлекет басшысы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. Салтанатты шарада Елбасы Жастар жылын салтанатты түрде ашып, биылғы жылы жүзеге асырылатын нақты шараларды айтып берді. Атап айтсақ, жастарды баспанамен қамту, жұмыспен қамтамасыз ету, жаңа сұранысқа ие мамандықтарды игеру, жастар кәсіпкерлігін қолдау, волонтерлық қызметті жандандыру, патриоттық ұйымдарды күшейту бағытында бірнеше өзекті мәселелерді қозғады.

Өткен жылы облыста «Жас барыс» атты жастар форумы өткізіліп, онда белсенді жастар өздерінің толғандырған мәселелері мен ұсыныстарын жеткізген болатын. Сол ұсыныстарды саралай келе, биыл облысымызда 300-ден астам іс-шара өтеді деп жоспарланып отыр. Аталған іс-шаралардан жастар өздеріне қажетті дүниені алып, биылғы жыл облыстағы әрбір жастың есінде қалуы керек. Жастар жылында Елбасының  тапсырмаларын толықтай жүзеге асыруымыз қажет, — деді облыс әкімі.

Өз сөзінде облыс басшысы өткен жылы облыста «Бақытты бала» жобасы сәтті жүзеге асырылғанын, аталған акция биылғы Жастар жылын тиімді жүзеге асыруға негіз болатынын атап өтті.

МЫҢНАН АСТАМ ЖАС БАСПАНАМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Кездесуде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жастар жылының салтанатты ашылуында Мемлекет басшысы айтқан жастарды қолдауға арналған бес негізгі тапсырмаға ерекше тоқталды.

— Елбасының берген ең бірінші тапсырмасы — жастарды баспанамен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда облыста 30 мыңға жуық жас тұрғын үй кезегінде тұр. Біздің міндетіміз — осы жастарды тұрғын үймен қамту. Жуырда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұсынысымен жаңа жоба басталды. Аталған жоба аясында алдағы уақытта ең кемінде 150 пәтер беріледі. Сондай-ақ облыста жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар бойынша жыл аяғына дейін Жастар жылы аясында жалпы көлемі 58,6 мың шаршы метр болатын 1187 пәтер пайдалануға беріледі. Жастарға арналған арендалық тұрғын үйлер жалпы көлемі 26 000 шаршы метр болатын 500-ден астам пәтерді қамтиды, — деді облыс басшысы.

22 МЫҢ ЖАС ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРЫЛАДЫ

Өз сөзінде облыс басшысы Елбасы айтқан тапсырманың бірі жастарды жұмыспен қамту екенін, бұл орайда биыл өңірімізде 22 мыңнан астам жас еңбекке орналастырылатынын айтты.

Атап айтсақ, биылғы жылы облыс бойынша 12 500 жас тұрақты жұмысқа орналастырылса, 2 840 адам жастар тәжірибесінен өтеді. Сондай-ақ 600 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілсе, 1 307 жас уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыстарға тартылады. Ал 1 500 жас «Жасыл ел» жасағына қабылданады. Бұл мақсатқа биыл облыстық бюджеттен 100,0 млн теңге бөлінеді. Сонымен қатар жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша 610 адам оқуға жолданса, 200 жас өз кәсіптерін ашу үшін шағын несие ала алады. 78 жас жүз айлық есептік көрсеткіш (252 500 теңге) көлеміндегі грантқа ие болып, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 2 890 жас кәсіби оқуға жіберіледі. Сондай-ақ 1 085 адам кәсіби мамандық алып шығады.

ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Жиында Бердібек Сапарбаев облыста жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдауға ерекше тоқталып өтті.

— Жастарды қоғамның сұранысына сәйкес кәсіпке баулу өте маңызды. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға алдағы уақытта қолайлы жағдай жасалуы керек.

Биылғы жылы жастардың стартап-жобаларына 40 миллион теңге қаржы бөлініп,

8 мыңнан астам жас кәсіпкерлік саласындағы түрлі шаралармен қамтылады. Сондай-ақ

300-ден астам жас шағын несие, грант алып, өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алады.  

Өткен жылы Дүниежүзілік даму банкінің қолдауымен осал топтағы жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Zhas Project» жобасы жақсы нәтиже берді. Аталған жоба аясында 165 жастың жобасы қаржыландырылды. Сондықтан алдағы уақытта осындай өңірлік жобаны қолға алып, екінші деңгейдегі банктер мен қаржылай қолдау қорлары арқылы жеңілдетілген арнайы несиелік бағдарламаларды жүзеге асыруымыз керек, — деді ол.

8 ЖАҢА МАМАНДЫҚ АШЫЛАДЫ

Облыс басшысы тоқталған мәселелердің бірі — сұранысқа ие сапалы мамандар даярлау мәселесі.

Биыл облыста Елбасының елімізде сапалы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту тапсырмасына орай мемлекеттік тапсырыс аясында колледждерде 8 жаңа мамандық бойынша жас мамандар даярланады.

Айта кету керек, бүгінгі күні өңірімізде денсаулық сақтау саласында 29 жасқа дейінгі

3 мыңнан астам жас маман еңбек етсе, биыл 200-ден астам жас дәрігер жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар 1000 жас дәрігер республиканың озық клиникаларында және 20 жас маман шетелдік клиникаларда өз кәсіби деңгейлерін көтеруге мүмкіндік алады.

Сондай-ақ биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері мен WorldSkills чемпионатының жеңімпаздары халықаралық тағылымдамадан өтіп, облыста 23 ІТ класс ашылады.

Өкінішке қарай, бүгінгі күні облыста 14 мыңға жуық жас жұмыспен де, кәсіби оқумен де қамтылмай отыр. Алдағы уақытта облыстық білім және жұмыспен қамту басқармалары осы бағыттағы жұмыстарды зерттеп, нақты ұсыныстар дайындауы қажет. Ал өндірістегі жастарға тоқталсақ, қазіргі таңда 9 мыңнан астам жас осы салада жұмыс жасап жатыр.

Айта кету керек, бүгінде өңірдегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Қазақойл», «Қазхром» компанияларында жұмысшы жастарға қолайлы жағдай жасалған, әлеуметтік пакеттер, жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, «Қазақойл» компаниясы өткен жылы 6 жетім баланың есепшотына 3 миллион теңге қаржы аударып, пәтер алуға көмектесті. Сондықтан биылғы жылы өндіріс саласында жүрген жастармен тығыз байланыс орнатып, олардың әлеуметтік қорғалуына, кәсіби өсуіне жағдай жасауымыз керек, — деді Б.Сапарбаев.

ОБЛЫСТА ПАТРИОТТЫҚ КЛУБ ҚҰРЫЛАДЫ

Жиында облыс басшысы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстарына да тоқталып өтті.

Бүгінде облыс жастары арасында ұлтжанды, өз пікірін ашық айтатын, азаматтық позициясы жоғары жастарымыз көп. Дегенмен жастардың арасында патриоттық, әлеуметтік жауапкершілік сезімдерін одан әрі қалыптастыруымыз қажет. Бұл бағытта бүгінде өңірімізде «Ер бақыт», «Жас сарбаз» сияқты әскери-патриоттық клубтар жұмыс жасап жатыр. Биылғы жылы облысымызда «Ер бақыт» әскери-патриоттық клубының негізінде облыстық патриоттық клуб құруымыз керек. Сондай-ақ ата-аналар мен жастардың жауапкершілігін күшейтіп, қоғамдағы қылмыс, тәртіп бұзушылықпен бірігіп күресуіміз қажет. Жастармен, олардың білімі және тәрбиесімен тікелей айналысатын басқармалар мен ұйымдар өзара бірлесіп, жұмыла жұмыс жасауы тиіс. Ел болашағы — жастар, әсіресе, биылғы Жастар жылында өздерінің жан-жақты, білімді, бәсекеге қабілетті кәсіпке ынталы екендігін өз істерімен көрсетуі керек, — деді облыс басшысы.

Айта кету керек, бүгінгі күні облыстағы білім беру ұйымдарында 194 әскери-патриоттық клуб жұмыс жасайды. Олардың құрамында 9 мыңнан астам оқушы бар. Сондай-ақ өңірде 20-ға жуық волонтерлық ұйым жұмыс жасайды.

Облыстағы ерікті жастардың басын біріктіріп, тиімді жұмыс жүргізу үшін алдағы уақытта өңірлік волонтерлар корпусын құру қажет. Елбасының волонтерлықпен айналысатын студенттердің стипендиясын 30 пайызға көтеру туралы тапсырмасын орындап, белсенді, қоғамға өз үлесін қосып жүрген жастарды қолдауымыз керек. Өңірдегі жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары бұл тапсырманы бақылауға алып, ерікті жастарды қамқорлыққа алуы қажет, — деді Б.Сапарбаев.

Өз сөзінде облыс әкімі облыста спортпен, өнермен айналысатын жастарға барлық жағдай жасалып жатқанын, кез келген жастың өзін дамытып, жақсы жетістіктерге қол жеткізуіне мүмкіндігі зор екенін жеткізді.

Айта кету керек, өткен жылы облыс орталығында Мұз айдыны, теннис орталығы, сондай-ақ 30-дан астам workout спорт алаңы салынса, биылғы жылы Ақтөбе қаласында жеңіл атлетика манежі мен 4 шығыс жекпе-жек орталығы салынады.

Сонымен қатар облыс бойынша 40-тан астам спорт алаңы салынып, Әйтеке би, Қарғалы, Ырғыз, Мәртөк аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға беріледі. Сондай-ақ мәдениет саласы бойынша биылғы жылы жастарға арналған халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде 50-ден астам байқау ұйымдастырылып, 12 коворкинг-орталық ашылады. Ал туризм бағыты бойынша өткен жылы облыста «Бақытты бала» акциясы аясында Қазақстанның киелі жерлеріне 11 мың балаға жолдама берілсе, биыл туристік саяхатқа 60 мыңға жуық жас жіберіледі.

Алдағы уақытта облыстағы мектептерде туристік клубтарды жандандыру жұмысы жолға қойылып, «Менің Отаным — Қазақстан» туристік экспедициялық жасақтар слеті ұйымдастырылмақ.

ПІКІРЛЕР МЕН ҰСЫНЫСТАР 

Бұдан кейін кездесуде аға буын өкілдері мен белсенді жастар өз ой-пікірлерін білдіріп, Жастар жылында жүзеге асырылатын жобалар мен іс-шараларға қатысты ұсыныс-тілектерін айтты.

Шарада ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков бүгінгі күні жастардың өз ойларында жүрген жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндіктері зор екенін, сондай-ақ облыста жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облыс орталығында салынған Өнер орталығы, «Жұбановтар әлемі» орталығы, Шығармашылық академиясы, Мұз айдыны, Жекпе-жек сарайы — осының барлығы жастардың жан-жақты дамуына бағытталған.

Жиында «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова мен ауған соғысының ардагері, «Ер бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев бүгінгі күннің жастары тәуелсіз, егемен, бейбіт елде өмір сүріп жатқанын, сондай-ақ жастарға үлгі-өнеге, жол көрсетіп жүрген аға буын өкілдерінің бар екенін айтып, жиналған жастарды еліміздің патриоты, білімді, бәсекеге қабілетті, еңбекте табысты болуға шақырды.

Сондай-ақ кездесуде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің түлегі, облыстық жедел жәрдем ауруханасының жас хирургі Бауыржан Танауов өз өмірінде жеткен жетістіктерімен бөліссе, «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының жетекшісі Әлішер Садық облыстағы еріктілер атынан бірқатар ұсыныс-тілегін жеткізді.

Мәртөктік жас кәсіпкер Нұртай Есімов ауданда шаруашылық ашып, өз кәсібін дамытып жатқанын айтса, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі Ирина Гнатюк облыс басшысынан этникалық қазақтар мен шетелдіктерге алдағы уақытта өңірдегі киелі жерлерді аралату үшін экскурсия ұйымдастыруға қолдау көрсетуін сұрады.

Сонымен қатар жиында «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмирам Сражова жастар өз саласында жетістікке жетуді қаласа, оларға қолдау көрсететін тәлімгерлердің бар екенін жеткізсе, жас кәсіпкер, «Zhas project» жобасының қатысушысы Ақбота Омарғалиева аталған жоба аясында облыста бірқатар жастар, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз кәсіптерін ашып, жаңа жобаларын жүзеге асырып жатқанын айтты. Оның айтуынша, кез келген жас үшін аталған жоба көп мүмкіндіктерге жол ашады, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға зор серпін береді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі кездесуге келген зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастарға ризашылығын білдіріп:

— Еліміздің келешегі үшін жауапкершілік арқалайтын ол — сіздер, жастар. Сондықтан сіздер осы жауапкершілікті сезіне бі­лулеріңіз керек. Жалаң ұраннан ештеңе шықпайды. Оны өз ісіңмен дәлелдеу керек. Сол себепті алдағы уақытта өз бойларыңызға сіңірген тәрбие мен білімді биік мақсаттарға жету үшін жұмсаңыздар! — деді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.