Жаңалықтар

Осыдан 75 жыл бұрын…

Зерде

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова 1944 жылы 14 қаңтарда шайқас үстінде қаза болды. Содан бері бұл күнді халқымыз атаусыз қалдырмай, аяулы қыздарын еске алуды дағдыға айналдырып келеді. Бұл шара биылғы жылы 75-мәрте өткелі отыр. Әлияның өмірден өткеніне де осынша жыл толғаны ғой… «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербеспен біз осы тақырыпта әңгіме өрбіткен едік.

— Халқымыздың мақтанышы Әлияның тағдырын ұзақ жылдардан бері зерделеп-зерттеуден, майдан жолдарын айқындап, ерлігін елге жеткізуден танбай келесіз. Жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға байланысты қай жерде қандай шара өтсе де, ішінде өзіңіз жүресіз. Ал биылғы 14 қаңтарда қандай еске алу шаралары өтеді, сол жөнінде айтып берсеңіз?

— Батыр қыздың туған отанында тап осы күні оның аруағының құрметіне 75 шырақ жағылады. Бұл біздің халқымыздың арғы замандағы Қарашаш анадан, Ұмай анадан, Домалақ анадан жалғасқан жауынгерлік рухтың көрінісі деп ойлаймыз…

— Әлияның туған күні, туған жері кешеге дейін даулы болғанын білетін едік. Қазір сол бір ізге түсті ме?

— Ресей Федерациясындағы Псков облысының Казачиха мекенінде ұрыс даласында қаза болғаны анық. Ал туған күні жөнінде 29 қазанда Бұлақ ауылында дүниеге келген делініп келді. Шындығында, оның туған күні туралы түрлі деректер айтылады. Нақты дұрысы қайсы, оны ешкім білмейді.

— Кезінде батыр қыз Ойыл, Темір, Қобда аудандарында туды деп, баспасөз беттерінде түрліше жазғандар көп болды. Тіпті нағашысы Әбубәкір Молдағұлов тұрған Ақтөбе қаласындағы Овражная көшесіндегі алтыншы үйде дүниеге келгенін айтып, туыс куәлігін алға тартқандар да табылды. Мұның бәрін өзіңіз де білесіз, осылардан кейін қандай тоқтамға келдіңіз?

— Мен кезінде Қобда ауданының Бұлақ ауылында ардақты ана Ұлсекер Мұханғалиевамен тілдесіп қалған адаммын. Ол — сәби Әлия анасынан шыр етіп дүниеге келгенде ішінде болып, кіндігін кескен әйел. Кіндік шешесі Әлияның шөп шабу науқанының кезінде дүниеге келгенін айтады. Ал сексеннің төртеуіне келген Балапаш Айминева Әлияның өзі тұрмыс құрған күні туғанына сендіреді. Әрине, мұның бәрі — ауыл тұрғындарының айтуы, болмаса ешқандай ресми құжат жоқ.

Мен бұл жөнінде кезінде Мәдениет министрлігіне хат та жазып, жауап алдым. Онда егер адамның туған күнін анықтау мүмкін болмаса, жылдың ортасының бағытқа алынатыны көрсетілген. Міне, он бес жылдан асты Әлияның туған күні 15 маусым болып аталып келеді. Алайда көп адамдар бұған әлі де үйрене алмай, қате жібереді.

— Батыр қыздың әкесі мен шешесінің тағдыры қайғылы аяқталғаны кейінгі жылдары жазылып та, айтылып та жүр. Жастайынан ата-анасын көрмей, нағашысының тәрбиесінде болуы осы жағдайлармен байланысты емес пе екен?

— Жасы сегізге толғанда анасы Маржан қайғылы жағдайға ұшырайды. Кісі қолынан ажал құшады. Ал әкесі Нұрмұханбет Сарқұлов туралы деректер белгісіз болып келді. Кеңес өкіметі тарапынан көп қуғын көргені туралы қазір жазылып жүр. Арғы тұқымы бай болған деген айып тағылғанға ұқсайды. Әкенің қуғынға ұшырауымен бұл отбасының аштық жылдарында күнкөрісі қиындайды. Бағдат деген бала үш жасында шетінеп кетеді. Маржан Әлияны алып қалаға қарай жақындап, Қурайлыға, туған ағасы Әбубәкір Молдағұловтың отбасына қосылады. Содан былай қарай Әлияның өмірінің қалыптасуында нағашысы шешуші роль атқарады. Ол кезде Әбубәкір үлкен отбасымен Қурайлыда тұрып, Ақтөбенің теміржол саласында лауазымды қызмет атқарған.

1933 жылдың күзінде Маржанды келдек теріп жүргенінде, ұжымшардың кезекшісі атып өлтіреді. Осы қайғылы жағдайды естіген Маржан Сарқұлованың Бұлақ ауылындағы туыстары — Өрбісіновтер отбасы сүйекті Қурайлыдан Бұлаққа жеткізіп, қазақы дәстүрге сай арулап жерлейді. Өрбісіновтер отбасы 73 жыл бойы бұл оқиғаны тісінен шығармаған. Себебі отызыншы жылдары қуғын көрген бұл отбасының басшысы халық жауы деген айып тағылып, Түйетөбеде атылып кеткен еді. Сол ақсақалдың Қарағанды облысында ұзақ жылдар тұрған ұлы Бақдәулеттің жариялауымен бұл факт кейінгі жылдары ғана көпшілікке аян болды. Өрбісіновтер отбасының көрсетуімен біз Бұлақтағы Көкмешіт қорымындағы Әлияның анасының басын қарайтып, құлыптас қойдық. Қобда ауданының әкімшілігі ас берді.

— Қазақ халқының ғұрпында нағашы жұрттың жиенге деген ықыласы бөлек. Қиын тағдырлы жағдайда көмекке келгенінің мысалдары да көп. Мұны Әлияның тағдырынан да көреміз. Бірақ осыны әр саққа жүгіртіп, Әбубәкір Молдағұловтың еңбегін кемітіп, біржақты жазып жүргендер де бар. Осы жөніндегі өзіңіздің ойыңызды білсек деп едік?

— Мен Әлияны теміржолшының қызы десек те, артық болмайды деп есептеймін. Өйткені құйттайынан қолына алып, тәрбиелеп, оқытып, өсірген, адам қылған нағашысы Әбубәкір Молдағұлов екеніне талас жоқ. Қилы тағдырлы жиенін періштедей қорғап, әке орнына әке, шеше орнына шеше болып аялап өсірген, бойына батырлықтың рухын сіңірген зор еңбегін ескерусіз қалдыруға әсте болмайды. Мен мұны сан мәрте айтып жүрмін. Тіпті қазақтың аяулы батыр қызын тәрбиелеп өсіргені өз алдына, Әбубәкір Молдағұлов — еліміздің алғашқы білікті теміржолшысы ретінде де тарихта қалған адам. Мәскеудің әскери-көлік академиясында оқыған, кейін Ленинградтың академиясына аударған. Кейбіреулер осыны дұрыс түсінбей, Ленинградта Әлияны балалар үйіне беріп жіберген деп кінәлайды. Ал Әбубәкірдің немере інісі Сапар Молдағұлов бұған түбегейлі қарсы дәлел келтіреді. Ағасы болашақ батыр қыздың терең білім алуын ойлап, отбасымен 8 жан бір бөлмелі үйде тұрған кезде әдейі мектеп-интернатқа береді. Ал сол оқу орны кейін соғыс кезінде балалар үйіне айналады.

Әбубәкір Ташкенттің теміржол саласында да басшылық қызмет атқарған. Алғашқы теміржол саласының ірі маманы ретінде есте қалдыруға тұрарлық тұлға. Мен оның есімін теміржол саласының оқу орнының біріне беру жөнінде ұсыныс білдірген едім, аяқсыз қалды. Әбубәкірге құрмет көрсету былай тұрсын, Шығыстың қос жұлдызының бірі атанған — Кеңес Одағының Батыры Әлияның өзіне құрмет кеміп бара жатқандай көрінеді маған. Бір кезде Ақтөбенің жоғары оқу орындарында әлиятану сабағы жүрген еді, қазір ұмытылды.

— Соғыстың бастапқы жылдарында мергендікке даярлау мектебінен сабақ алған Әлия 1943 жылы шілдеде мерген ретінде 22-армияның 54-атқыштар бригадасына жіберіледі. Мергеннің мүлт кетпейтін оғынан талай жау ажал құшады. Батыр қыздың бұл ерліктері бізге майдан шежірелерінен белгілі. Ал соңғы шайқасы туралы нақтырақ таратып айтыңызшы?

— Оның қаза болатыны 1944 жылы 14 қаңтарда Қазачиха деревнясы үшін болатын ұрыста ғой. Оның дәл сипаттамасы соғыс тарихының жылнамасында жазылған. Кеңес Одағының Батыры атағы осы ұрыстағы ерлігі үшін берілгені де белгілі.

— Кешегі кеңес заманында Әлия Молдағұлова атындағы ауылда басшы, одан кейін сол жердегі музейінің жетекшісі, одан бергі кездерде бірлестіктің басшысы ретінде ұдайы өміріңізді осы бір тарихи тұлғамен ажырағысыз біріктіріп келесіз. Басқа шараларды былай қойғанда, Әлияның 14 қаңтарда қаза болу күнін 44 жыл қатарынан атап өтуге қатысқан екенсіз…

— Әлия — менің өмірім десем артық емес. Сексеннен асқан ғұмырымның басым бөлігін әлиятануға арнадым. Ресейдің талай жерін шарлап, батыр қыздың жорық жолдары өткен орындардың бәрінде, тіпті кейбірінде бірнеше реттен болдым. Әлияның сүйегі Монаковадағы туысқандар зиратына жерленген. Мен ол жерде сан мәрте болып, аруағына тағзым еттім. Сондағы менің байқағаным, кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбаны болған, біздің жерлесіміз  Әлия Молдағұлованың ерлігіне деген орыс халқының ықыласы ерекше.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button