Жаңалықтар

Сириядан 47 адам қайтарылды

Кеше Сыртқы істер министрлігінде өткен Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі брифингте елге қайтарылған қазақстандықтарға  қатысты түсінік берілді.

6 қаңтарда қақтығыс аймағында еріксіз жүрген азаматтарды қайтару операциясы кезінде, Ақтау  халықаралық әуежайынан арнайы аттандырылған ұшақпен елге 47 қазақстандық әкелінді. Олардың арасында 11 әйел, 30 бала бар.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 9 қаңтарда «Жусан» гуманитарлық операциясының аяқталуына байланысты  Ақордада арнайы мәлімдеме жасады. Президент 47 қазақстандықтың біздің елімізбен достық қарым-қатынастағы елдердің көмегімен қайтарылғандығын айта келіп: «Еліміздің  қауіпсіздігі мен береке-бірлігін тұрақты  қамтамасыз ету — мемлекеттің тікелей міндеті. Қақтығыс аймақтарында еріксіз жүрген азаматтарды, әсіресе балаларды қайтару жұмыстары алда да жалғаса береді», — деп қорытындылады.

Күні кеше жеткізілген 30 баланың он шақтысы 1 мен 5 жастың арасында,  олар Сирияда дүниеге келген. Әуежайда олар бірден карантин орталығына жеткізілді. Бір ай бақылауда ұсталып, психологиялық, медициналық көмектер алады.

Брифингте Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев   қайтарылған азаматтардың Алматы, Астана қалалары, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау  облыстарының тұрғындары екендігін хабарлады. Бұлар Сириядағы қақтығыс аймағына 2012-2015 жылдары әртүрлі жолдармен кеткен. Қақтығыс аймақтарында еріксіз жүрген азаматтарды қайтару халықаралық ұйымдардың көмегімен әлі де жалғаса бермекші.

Осы брифингте ҰҚК департамент басшысы Бақытбек Рақымбердиев 47 адамның ішіндегі 5 азаматтың үстінен террорлық әрекетке қатысу бабымен алдын ала тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын да  хабарлады. Бұлар — содырлардың қолынан азат етілген Сирияның солтүстік аймағынан ұсталғандар. Осы кезге дейін Түркия мен Сирияның шекарасындағы босқындар лагеріне келіп жатқан қақтығыс аймағынан қашып шыққандардың арасында да тағы да қазақстандықтар болуы мүмкін.

Бақытбек Рақымбердиевтің айтуынша, қазіргі уақытта Сирия, Ирак, Ауғанстанның  қақтығыс аймақтарында 380 қазақстандық ересек азамат жүр, олардың үштен екісі әйелдер. Жүз қазақ баласы да солардың ішінде, олардың тағдыры белгісіз. «Олар осы жерге түскенде жағдайдың мүлде басқа екендігін көрді.  Ешқандай әділдіктің жоқтығын, бір мұсылман тобының  екінші бір мұсылман тобымен шайқасып жатқанына куә болды. Осындай жағдайға тап болған соң ол жерден аман шығу мүмкін емес. Бірнеше  қазақстандықты қашып шығуға әрекет жасағаны үшін терроршылардың өлтіріп тастағаны туралы  мәлімет келіп түсті», — деді ол.

2018 жылдың шілдесінде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Таяу Шығыстағы  қақтығыс аймақтарына  Қазақстаннан 800 азаматтың кеткендігін, соның ішінде Сирия мен Ирактағы террорлық ұйымдарда 120 қазақстандықтың  жүргендігін  хабарлаған еді. Әзірге  қанша қазақстандықтың содырлар арасында соғысып, қаза болғандығы туралы нақты мәлімет жоқ.

 Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button