Жаңалықтар

Жобаның мақсаты — жариялылық

Қоғамдық бақылау

Ақтөбеде «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы жалғасатын болады. Бұл бастаманы өткен жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жариялаған болатын.

Жыл бойы екі бағытта жұмыс жасаған жобаның негізгі мақсаты — мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қоғам алдындағы жариялылығын қамтамасыз ету, белгілі бір мәселелер бойынша азаматтардың өтініштерін құзыретті органдарға бағдарлау. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Мақсат Әбекеновтің айтуынша аталған жоба аясында бұрын беймәлім болған, жасырын сыбайлас жемқорлық көріністері мен тәуекелдерін анықтау жолға қойылған.

— Өткен жылы біздің департамент жобаның екі бағыты бойынша жұмыстар атқарды. Бірінші бағыты — департаменттің белгілі әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларына түскен хабарламалар негізінде жұмыстанса, жобаның екінші бағыты департамент жанындағы арнайы мониторингтік топ арқылы жүзеге асырылды. Жаңа жылдан бастап жобаның үшінші бағыты — мобильді қосымша арқылы жұмыс жүргізуді қолға алатын боламыз, — дейді Мақсат Әбекенов.

Бас маманның айтуынша, жоба аясында бүгінгі күнге дейін департаментке әлеуметтік желілер арқылы 140-қа жуық хабарлама келіп түскен. Дені Whatsapp, Instagram желілері арқылы.

— Жолданған хабарламалардың басым көпшілігі — кеңес алу мақсатында. Дегенмен мемлекеттік көліктерді жұмыстан тыс уақытта пайдалану, денсаулық сақтау мекемелерінің тиісті деңгейде қызмет көрсетпеуі, білім саласында ата-аналардан заңсыз қаражат жинау секілді мәселелер де бар. «Қоғамдық бақылау картасы» жобасының аясында бұл мәселелерді тиісті органдарға жеткізудің қолжетімділігі артты. Аталған кемшіліктердің жиі орын алатындығын ескере келе биылдан бастап «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасы аясында денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау өткізу жоспарланып отыр, — дейді бас маман.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button