Басты жаңалықтар

Ойыл: Бестамаққа газ тартылып, жастар орталығы салынады

Ашық әңгіме

Еліміздің экономикасы дамып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсара түскенін шалғайдағы ауыл тұрғындарының тірлігінен де байқауға болады. Көп жылдан бері Ойыл ауданының Шиқұдық, Қарасу, Ақшатау, Қаракемер ауылдары тұрғындарын көпір мәселесі алаңдатып келген еді. Бүгінде бұл іс мемлекеттен емес, демеушілердің көмегімен-ақ шешімін тауып жатыр. Сол сияқты, дертіне дауа іздегендерге иппотерапиямен ем қабылдау, инватакси қызметі де шалғай ауылдағыларға жетіп жатыр. Әрине, Ойылда әлі де болса шешімін таппай тұрған  әлеуметтік мәселелер бар. Көгілдір отынға әрісін айтпағанда, берісі жақын орналасқан Екпетал, Берсиев, Қаратал сынды ауылдар әлі қосылған жоқ.

Ойыл ауданының әкімі Дастан Сағыровпен редакциямызда тікелей байланыс арқылы өткен сұхбат барысында жергілікті тұрғындар осындай әлеуметтік мәселелерді алға тартты.

Ертілес, Ойыл селосының тұрғыны:

— Ауданда алма бағының болатыны рас па?    

— Суармалы егіс алқабын ұлғайту — облыс әкімі берген тапсырмалардың бірі. Аудан аумағындағы өзен-көлдердің бойында орналасқан елді мекен тұрғындарының да суармалы егіспен айналысуы қажет. Бүгінгі күні  шаруа қожалықтары мен жеке адамдарға осы мақсатта тапсырма берілді, жоспар құрылды.

2018 жылы аудан бойынша 2 мың гектар алқапқа суармалы егіс егілді. Оның ішінде қырлық және суармалы тары да бар.  Осы мақсатта ауданға арнайы жоспар берілген болатын. Яғни «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша, «Бастау» жобасы аясында 284 миллион теңгеге шағын несие алып, осы бағытта жұмыстар жүргізілді. Бұл жоспар ауданда артығымен орындалды. Ендігі мақсат — суармалы егіс көлемін ұлғайтуымыз керек.

«Спартак» шаруа қожалығының иесі көкөніс және бау-бақша өнімдерін егумен қатар, алма өсіруге де ниеттеніп отыр. Бұл іске ауылдан шыққан, бірақ қазір  облыс орталығында тұратын бизнес өкілдері қаржылай қолдау көрсетпек. Алма ағаштары Саралжын ауылдық округі территориясында отырғызылмақ. Қазір осы бағытта бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол үшін меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, Ойыл өзені бойына алма ағаштарын отырғызу үшін аудан орталығында ниеттеніп жүрген жігіттер де бар.

Мәрия Ыбыраева, балабақша қызметкері:

— Ұзақ жылдан бері Қараой ауылдық округінің Қараой ауылындағы балабақшада еңбек етемін. Алатын жалақымның көлемі еліміздегі ең төменгі еңбекақы мөлшерінен де аз. 15 мың теңге. Еңбекақымды өсіруге ықпал етуіңізді сұраймын?

— Біріншіден, жалақы еліміздегі ең төменгі еңбекақы мөлшерінен төмен болуға тиіс емес. Екіншіден, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден кем болмайды. Бұл — Елбасының тапсырмасы.  Қараой ауылында жеке балабақша жоқ. Президенттің Жолдауына сәйкес, аудан бойынша барлық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердегі төменгі жалақы алатын адамдардың тізімін шығардық. Алдын ала есептеу бойынша, олардың саны  — 726. Оған 136 миллион 600 мың теңгеге сұраныс бердік. Жолдауда айтылған тапсырмаға сәйкес, ең төменгі мөлшерде жалақы алатын әр адам көмекке қол жеткізетін болады.

Жанболат, жұмыссыз:

— Ауданда  тұрғындарға кәсіпкерлікпен шұғылдану үшін  қандай мемлекеттік көмек, несие алуға қолдау көрсетілуде? 

— «Бизнестің жол қартасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша несие екінші деңгейлі банктер арқылы берілетіндіктен, ауыл кәсіпкерлеріне  Ақтөбе қаласында орналасқан ғимараттарды кепілге қою мәселесі және  несие беру шарттары қиындық тудыратыны рас. Сондықтан ауыл тұрғындарына  нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған  бағдарламасының екінші бағыты — «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша несие алуына қолдау көрсетілуде.  2018 жылы 120 адам «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, бағдарламаға қатысқандардың ішінде 28 адам 144,150 миллион теңге көлемінде несие алды.

Сол сияқты, ауыл  шаруашылығы саласында «Ойыл несие» несиелік серіктестігі арқылы несиелендіру жұмыстары жүргізілуде.  Бұдан бөлек те несие операторлары арқылы кәсіп ашып, бизнес бастаудың мүмкіндігі зор.  

Зейнеп, зейнеткер:

Биыл көктемде Көптөғай ауылдық округінің Қарасу ауылына бардым. Бұл — Құрман совхозының бұрынғы 3 фермасы. Қарасуға кіреберісте Ойыл өзені ағып жатыр. Сол жерде өткел жоқ. Жергілікті тұрғындарды осы мәселе алаңдатып отыр. Жыл сайын  тұрғындар өз күштерімен бұл маңға өткел салғанмен, көктемде оны су  шайып кететін көрінеді. Биыл көпір салынды дегенді естігенмін. Бұл — сенімді көпір ме?

— Ол рас, бос әңгіме емес. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы осы ауданға әкім етіп тағайындағаннан кейін, елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізгенмін. Осындай кездесулерде тұрғындар ауданда ағымдағы мәселелерден бөлек, ұзақ жылдардан бері шешілмей келе жатқан проблемаларды айтқан еді. Соның бірі — Саралжын ауылдық округіне қарасты Шиқұдық елді мекеніне баратын өткел мәселесі. Екіншісі — осы Қарасу ауылына барар жолдағы көпірдің жоқтығы мәселе ретінде қойылды. Шынын айту керек, Қарасу ауылының тұрғындарымен кездесу өткізерде өзім де сол жерден қайықпен өттім. Осындай мәселе Ақшатау, Қаракемер ауылдары тұрғындарын да алаңдатқан еді. Бұл проблемаларды оңтайлы шешу үшін біз демеушілер іздедік. Нәтижесінде, Шиқұдық ауылына барар тұсқа көпір салынды. Екіншіден, Ақшатауға баратын өткелге қосымша плита, блоктар қойып, өткелді бекітіп бердік. Қаракемер ауылына барар тұстағы көтерме жолды көктемгі қар суы шаймайтындай етіп жөнге келтірдік. Сол сияқты, Көптоғай мен Қарасу елді мекендерін байланыстырып тұрған тұста көпір құрылысы басталды, аяқталуға жақын қалды. Жаңа жылдың басында көпірді пайдалануға бермекпіз. Бұл жұмыстар демеушілердің ықпалымен жүзеге асырылды. Әрине, әрбір құрылысты сапалы етіп салуға тырысамыз. Қарасу ауылы тарихында бұрын-соңды мұндай көпір болған емес.

Алтынбек, Ойыл ауданының тұрғыны:

— Бір кездері Шұбарқұдық-Ойыл аралығында тасжолдың болғанын білеміз. Екі аралыққа жол салынатыны жайында естіген едім. Қазір осы істі жандандыру жұмыстары қандай деңгейде?

— Ойыл мен Шұбарқұдықтың арасы — 125 шақырым. Екі аралықтағы жол аудан тұрғындары үшін өте маңызды. Шұбарқұдықтан бері қарай жол құрылысы басталды. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары Темір ауданының Қайыңды елді мекеніне дейін жүргізілді. Осы мақсатта біз облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен қоян-қолтық жұмыс жасап жатырмыз. Енді бұл бағытта жаңа жылдан бастап Ойыл ауданына қарасты аумақтарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Кезінде Ойыл мен Шұбарқұдық аралығында көтерме жол болған. Бүгінде сол екі аралықтағы жолдың негізі сақталып, асфальт жамылғысы жаңартылып жатыр.

Аманкелді, зейнеткер:

— Ойылдың әлеуметтік мәселелерін шешуде облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясының тигізген септігі көп деп естиміз. Сол жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?

— Ауданда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында бірқатар жұмыстар қарқын алуда. Ағымдағы жылы жоспарланған  122,1 миллион теңге  тұратын 56 жоба толық жүзеге асырылды. Осы жобалардың ішінде 35 миллион теңгеге жоғарыда аталып өткен, Шиқұдық көпірі, Шернияз және Қарағұлов көшелерін асфальттау және Ойыл аграрлық колледжінің  түлектері мен мұғалімдеріне арнап салған тұрғын үй, сондай-ақ Қараой ауылындағы жасанды-жамылғылы футбол алаңы, отбасы саябағы салынды. Қалған қаржыларға аудан мектептерінің спорттық, материалдық-техникалық базалары нығайтылып, елді мекендерді абаттандыру, көркейту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, аудан орталығында ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің ескерткіші орнатылса, Қараой және Саралжын елді мекендерінде «Анаға тағзым» ескерткіші бой көтерді.

Редакциядан:

— Ойылдың тарысын «ұлттық бренд» етеміз деген жастардың бастамасы неге жүзеге аспай қалды?

— Ойыл десе әуелі ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев есімі көпшіліктің есіне  түседі. Тары өндіруде Шығанақ атамыз жасаған әлемдік рекордты әлі ешкім қайталаған жоқ. Енді алдымызда тұрған мақсатымыз — атамыздың жеңісін қайталап, қол жеткізбегенмен, тары егіп, ізін жалғастыру.  Бүгінде халықтың, шаруа қожалықтарының арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басты мақсат — патриоттық сезімді оятып, тұрғындарды тары егуге үгіттеу, сырттан келетін қонақтарға жергілікті өнімдерімізді ұлықтау. Сондықтан бұл істі кең көлемде жүзеге асыруды мақсат етіп отырмыз. Ол үшін лиманды, өзенге жақын орналасқан аумақтарға демеушілердің ықпалымен тары егуді жоспарлап жатырмыз. Көптоғай және Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округ тұрғындарын осы іске белсенді араласуға шақырдық.

Алайда, жасыратыны жоқ, кезінде бұл жұмыстар кешеуілдеп қалды, оның барлығын іске асыру үшін ауылда немесе шаруа қожалықтарында соған сәйкес техника болу қажет. Қазір мұндай жұмысты игеріп кететіндей техникалар жоқтың қасы, комбайндар көне, «К-700» секілді үлкен техникалар 2-3 шаруа қожалығында ғана болғанмен, олардың да тозығы жетіп тұр.

Бүгінгі күні ауданда тары егумен екі шаруа қожалығы ғана айналысады. Біз тары алқабының көлемін ұлғайтып, осы іспен айналысушылардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде тары егуге ниеттілер бар. Енді осы істі жандандыру үшін демеушілер тарапынан техникалық жағынан қолдаудың болғанын қалаймыз. Ол үшін біз аудандағы «Көкжар» қорының есепшотын барлық шаруа қожалығы иелеріне тараттық. Бүгінде бұл іске қолдау танытып, есепшотқа қаражат аударып жатқандар бар. Осы іске үлес қосқан шаруашылықтар болса, алдағы уақытта сол техника олар үшін де қызмет жасайтын болады.

Иманғали, Ойыл селосының тұрғыны:

— Ойылға көгілдір отын келді, ауызсу мәселесі де шешімін тауып жатыр. Алайда көгілдір отынды Ойыл селосына жақын орналасқан Екпетал, Берсиев, Қаратал ауылдарына жеткізудің мүмкіндігі жоқ па?

— Аталған ауылдарға көгілдір отын тарту мәселесі 2019 жылға жоспарланбаған. Ойыл ауданы бойынша жақын маңда Саралжын ауылдық округіне қарасты Бестамақ ауылына көгілдір отын Қобда жағынан тартылмақ. Қазіргі күні жұмыс жүргізіліп жатыр. Алайда аталған ауылдарға газ тарту үшін тиісті басқармаға қайта-қайта ұсыныспен шығып жатырмыз. Бұл ауылдарға газ тартуға жобалық-сметалық құжат та әлі дайындалған жоқ.

Кемелхан, зейнеткер:

— «Бақытты бала» жобасы аясында ауданда қандай өзекті мәселелер шешімін тапты?

—  «Бақытты бала» жобасы аясында 8 блок бойынша ауданда 49  іс-шара жүзеге асырылды. Оған бюджет, демеушілер есебінен барлығы 77 миллион 580 мың теңге қарастырылды. Бюджеттен бөлінген қаржыларға «Бастау» аула клубы мен «Робототехника» ресурстық орталық кабинеті жасақталып, қосымша спорттық жабдықтар сатып алынды. «Сенсорлық үйшік»  дидактикалық құралы да дайындалды. Сол сияқты, оқушылардың жазғы демалысы кездерінде демеушілік қаржылар  есебінен  үздіктер, олимпиада жеңімпаздары мен аз қамтылған отбасы балалары Астана, Түркістан өңірлеріне, Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданының тарихи жерлеріне саяхатқа бару жұмыстары ұйымдастырылды.

Редакциядан:

— Оқырмандарымыздың қызығушылығын туғызып отырған сұрақтардың бірі — осыдан 2-3 жыл бұрын «Ақтөбе» газетінде ойылдық жігіт Расул Ерсейітовтің (Екпетал ауылы) құлпынай өсіріп, қайың шырынын жинап жүргені турасында мақала жарық көрген еді. Кейін сол жігіттің осы бастамасы аяқсыз қалып, кәсібін өндіріс ретінде тіркей алмады. Неліктен осы жұмыс аяқсыз қалды?

— Расул деген жігіттің осындай кәсіппен шұығылданғаны жайында маған айтылды. Құлпынай егіп, өсіргенімен, ісін әрмен қарай жетілдіре алмаған. Қазіргі күні ол жігіт өнім өндіріп жатқан жоқ. Есесіне, «Zhas project» жобасына Ойыл ауданы бойынша 17 жоба ұсынылып, оның 11-і мақұлданды. Сондай жобалардың бірі — құлпынай өсіру. Қазір жоба иесі гидропоника тәсілімен құлпынай егіп, өнімді жергілікті тұрғындарға ұсынып отыр. Бұл іс Ойыл селосында жүзеге асырылып жатыр.

«Zhas project» жайында айтар болсам, жастарды қоғам өміріне тарту, сондай-ақ, оларды қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқытуды мақсат ететін бұл жобада аудан жастары 11 миллион теңге мемлекеттік грантқа ие болды. Мақұлданған жобалардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандарға әдістемелік жүйемен емделуге, баланы жүруге, сөйлеуге үйретуге және қоғамда өмір сүруге бейімдеуге арналған иппотерапия және оңалту орталығы жобасы бар. Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мүгедектер үшін инватакси жобасы да жүзеге асырылды.  Бұл жұмыстардың барлығы аудан жастарының араласуымен ұйымдастырылды.

Арғынбай, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Бір кездері Ойылда тері өңдеп, тон шығаратын кәсіпорын салынбақшы болды. Осы бастаманың іске асырылмай қалғанына не себеп?

— Өз басым бұл істен бейхабармын. Бұл жұмысты жүзеге асыру нақты жоспарда жоқ әрі осы күнге дейін бұл кәсіпті ашуға ниет білдіріп, қолдау таныту жайында өтініш айтқандар да болған емес.

Жалпы тері өңдеу мәселесі облысымыздың қай ауданында да шешілген жоқ. Алайда тері жиналып, тапсырылып жатыр, жүн өткізуден ешқандай мәселе жоқ. Бүгінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен барлық ауданда  оператор бар. Жергілікті жерлерде жүн қабылдау пункттері ұйымдастырылды.

Рахат Сегізбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Тіршіліктің күре тамыры — жол. Осы орайда ауданда маңызды салада қандай жұмыстар қолға алынды? Ойыл селосында көшелерге асфальт төсеу жұмыстары қалай жүргізілді?

— Аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын күтіп ұстау жұмыстарына   жеңімпаз мердігер — «КөкжарСтройЛогистик» серіктестігі. Аудандық маңыздағы автокөлік жолының ұзындығы — 291,3 шақырым. Оның 277 шақырымы, яғни 95,2 пайызы  қанағаттанарлықсыз жағдайда.  Биыл аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын күтіп ұстау жұмыстарына 9,224 миллион теңге қаржы қаралып, баға ұсынысы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. «КөкжарСтройЛогистик» серіктестігі арасында 6,608 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, жұмыстар жүргізілуде.

Өткен жылы Ойыл-Қаратал бағытындағы автокөлік жолын орташа жөндеу үшін жобалау-сметалық құжат әзірленген болатын. Жөндеу жұмыстарының құны — 244 миллион теңге. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына аталған жолды жөндеу үшін  бюджеттік өтінім берілді. Сонымен қатар,

Ойыл-Қараой бағытындағы және Құмжарған, Ақкемер, Қайыңды, Екпетал ауылдарына кіреберістегі  аудандық маңыздағы автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба әзірленіп, облыстық басқармаға 7981,3 мың теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды.

Сондай-ақ, аудан аумағында көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселелерін мүмкіндігімізге қарай демеушілік қаржылар есебінен шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.

Бүгінгі күні Ойыл селосында Масатов, Қарағұлов, Қойшығұлов, Дәуленов көшелеріне  асфальт төсеу жұмыстары жалғастырылып жатыр. Биылғы жылы 4 көшеге асфальт төселді.  Келер жылы Желтоқсан, Сәтбаев көшелерінің жолын асфальттау жоспарда бар. Көкжар көшесінің 2,5 шақырымын және Молдағұлова көшесінің 230 метр аралығын жөндеуге жобалау-сметалық құжаттар дайындалды. Облыстық бюджетке қаржы бөлуге ұсыныс берілді.

Ермек Тоқтаров, жас маман:

— 2019 жыл елімізде Жастар жылы ретінде жарияланды. Ойыл жастары үшін осы жылда қандай жобалар іске асырылады?

— Қазір ауданымызда жастар бас қосатын, шығармашылықпен айналысатын орталық жоқ. Ауданда жастар шығармашылығы орталығы құрылысын салу үшін жеке кәсіпкер Сәуле Дәулеталинамен келісім жасалды. Ғимарат мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтермек. Бүгінгі күні орталықтың іргетасы қаланып жатыр. Екі қабатты ғимаратта мектеп оқушыларының да, жастардың да шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалмақ. Алдағы уақытта балалар үшін авиамодельдеу, робототехника, кеме жүргізу сияқты үйірмелерді де ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл іске мамандар тарту жағынан мәселе болмайды. Аудан жастарының басын бір жерге тоғыстыратын орталықты келер жылы пайдалануға бермекпіз.

 Көсембай ауылының тұрғындары:

— Сапалы ауызсуды қашан тұтынамыз?

— Облыстық бюджеттен 16,5 миллион теңге бөлініп, Ақшатау, Ақкемер, Көсембай елді мекендеріне ауызсу құбыры құрылысы үшін жобалау-сметалық құжаттар жасақталуда. Өткен жылы Аманкелді, Құмжарған елді мекендеріне ауызсу құбыры тартылған еді.

Қазір Ақжар ауылына орталықтандырылған ауызсу құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сол сияқты, Сарбие ауылына су  сапасын жақсарту мақсатында 14 миллион теңгеге су тазартқыш қондырылды.

Тікелей желі сұхбатын жүргізген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button