Басты жаңалықтарӘлеумет

Доңыз жылы ақтөбеліктер үшін қандай болады?

Ескі жылмен қоштасып, жаңа жылды қарсы алдық. Қазақ қашанда келер жылды жақсылыққа жорыған,  одан жақсылық күткен. Доңыз жылын да халқымыз жайлы жылдың бірі санаған. Дегенмен нумерологтар қандай болжам айтады? Неден сақтанып, нені қолға алу керек? Бұл туралы Ақтөбедегі нумеролог-хиромант Айсара Беденовамен сөйлестік. Сонымен…

Нумерология: Ақтөбеге «9» саны ықпал етеді

Нумерологтың айтуынша,  биылдғы жылдың белгісі — 3 саны. Нумерология — сандарды сөйлететін ғылым болғандықтан, мамандар осы үш саны бойынша болжам жасайды. Бұл сан талантты, еңбекқор адамдардың жолын ашып, өнер-білімге құштарлықты оятады. Ал Ақтөбе қаласының тұрғындарына қандай санның әсері болатынын нумеролог былай есептеп берді.

— «Ақтөбе» сөзін нумерологиялық жолмен есептесек, а-1, қ-6, т-7, ө-3,б-3, е-8. Қосындысы: 28. 2+8=10, 1+0=1. Демек, «Ақтөбе» сөзі «1» санымен белгіленген. «1» саны — барлық нәрсенің бастауы, көшбасшы, ерекше алғыр, тек алға ұмтылатын мықтылардың саны.  Егер Ақтөбе қаласының туған күніне қатысты 2019 жылдың қандай болатынын болжасақ,  қаламыздың туған күні — 28 мамыр. Осы күнді келе жатқан Жаңа жылдың санына қосамыз.  2+8+5+2+0+1+9=27, 2+7=9. Ақтөбе қаласы үшін бұл жыл «9» санының әсерімен өтеді. «9» саны —  осы уақытқа дейін істелген бар шаруаға қорытынды жасайды. Бұл — көне дүниелермен қоштасып, жаңа бастамаларға қарай талпынуға тырысатын жыл. Қаланың ішкі жағдайын, көше тазалығы мен экологиялық ахуалға қатысты мәселелерді шешуге өте қолайлы жыл болмақ.  Дегенмен жылдың саны мен қаланың саны бір-бірімен сай келмей тұрғандықтан бірталай қиындықтар болуы мүмкін. Жалпы доңыз жылы жайлы, тыныш болады және қажырлы еңбекті, күш-қуатты талап етеді. Ақтөбе өңірі үшін қорытынды шығаратын, жаңалықтарға толы және бітпеген шаруаларды шешетін қарбалас, әрі жауапты жыл болғалы тұр. Биылғы жылдың басқалардан ерекшелігі —  өтірік айтатындар мен біреуді жазықсыз кінәлайтындардың ісі өрге баспайды, тек қана таза еңбекпен табысқа жететіндер үшін қолайлы болмақ, — дейді Айсара Беденова.

Неден сақтану керек?

Нумерологтың айтуынша, доңыз жылында адамдар дау-жанжалдан, алданып қалудан сақтанып жүруі керек.  Сондықтан кез келген адам шешім қабылдар алдында ұзақ ойланып, қолға алған нәрсесінің оң-терісіне  көз жеткізіп барып қана бастаған дұрыс.

— Қиындық пен қуаныш қатар жүреді. Қиындыққа мойымаған адам ғана табысқа жетеді. Көп жағдайда қателіктер ойланбай, асығыстық танытқаннан  болады. Сондықтан адамдар әр нәрсеге сақтықпен қарағаны дұрыс. Ең бастысы, адамдар эмоцияға берілмеуі керек. Қуанышты да, ренішті де сыртқа шығара беруге болмайды. Егер адам кез келген жағдайға салқынқандылық танытса, барлық мәселені оп-оңай жеңеді.

Доңыз жылы ірі жобаларға ақша салудан, күмәнді істермен айналысудан сақтану керек, — дейді Айсара Беденова.
Қандай проблема шешіледі?

Доңыз жылы баспанадан қиналып жүргендер үшін сәтті жыл болмақ. Нумерологтың айтуынша, пәтер алуды жоспарлап жүргендер болса, ешқандай ойланбай, бірден іске кірісуі керек. Сондай-ақ шағын бизнес ашып, бір істі бастаған азаматтар үшін де бұл жылдың берері көп. Сауда және өзге де шағын бизнестегі жандардың жолы болады. Шығармашылықпен айналысатындарға да жыл сәттілігін ала келеді. Әсіресе өнер ұжымдары биыл табысқа жетеді. Өнер, білім, құрылыс, мәдениет саласындағы азаматтар доңыз жылы жетістіктерге жетеді.

Айлар адамға әсер ете ме?

Айсара Беденованың айтуынша, әр айдың адам үшін ықпалы зор. Мәселен, биыл қаңтар айы еңбек адамдары үшін сәтті болады. Жаңа бизнес-жоспар құрып, ісін бастайтындардың тасы өрге домалайды. Бір сөзбен айтқанда, биылғы жыл тұрмыстық жағдайды ретке келтіріп алуға өте қолайлы болады.

— Ақпан — шындықтың айы. Осы уақытқа дейін жалған қарым-қатынастардың беті ашылып, көп нәрсеге көзіңіз ашылатын кезең.

Наурыз —  энергетикасы күшті ай. Бұл айда өмірге келгендер болашақта жақсы құрылысшы, дизайнер, қаржыгер, аспаз болады. Сәуір —   білім айы. Бұл айда тіл үйреніп, спортпен шұғылдану керек. Мамыр айы шығармашылық адамдарына сәттілік әкеледі. Жалпы мамырда дүниеге келгендердің көпшілігі музыкаға әуес және актерлік қабілеті жоғары болады. Нумерология ілімінде бұл айды көбінесе радио және кино саласымен байланыстырады, — дейді Айсара Беденова.

Нумерологтың айтуынша, маусым, шілде айлары жаңалықтарға толы болады. Бұл айларда инновациялық жобаларды қолға алған тиімді. Балаларға сақ болу керек. Ал тамыз, қыркүйек айларында сауда-саттықпен айналысқандар мол табысқа кенеледі. Қазан — қауырт тірліктің, қорғаныстың айы. Айдана Беденованың айтуынша, бұл айда өмірге келген сәбиден өскенде  әскери қызметші шығады.  Қарашада қайырымдылықпен айналысып, мәдени шараларға барған жөн. Ал желтоқсанда дүниеге келген балалар энергетика саласына жақын болады екен.

Сіздің саныңыз қандай?

Айсара Беденованың айтуынша, әр адам өзіне осы жылы қандай санның ықпал ететінін есептей алады. Ол үшін туған күні мен айын және 2019 жылдың бар санын бір-бірлеп қосады. Егер екі таңбалы сан шықса, бір таңбалы сан шыққанша қосу керек.

— Мәселен, 21 желтоқсанда туған болса, 2+1+1+2+2+0+1+9=18, 1+8=9. Демек сізге «9»  санының әсері мол болады.  Ал «1» саны шықса, жаңа бастамалар күтіп тұр, энергияның, күш-қуаттың таситын кезеңі. Алдағы уақытта жайлы тірлік кешу үшін доңыз жылында барлық шаруаны реттеп, шешілмеген проблемаларды бір ретке келтіру керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл сан ықпал ететін адам бар шаруаны өз қолына алып, ойға алған жұмысын бастап кетуі керек.  Егер «2» саны шықса, бұл — қарым-қатынас жылы. Ұжым мен достардың арасында сыйлы болуға тырысқан жөн. Оларға қызмет жасағаннан зиян шекпейді. «2» саны ықпал ететін адам жеке-дара шаруа бастамағаны абзал. Барлық маңызды істерді жақындарымен бірлесіп шешкені жөн.  Жаңа танысулар сәттілік әкеледі. Ал «3» саны шықса, өнер, шығармашылық адамдарына керемет, құтты жыл болады. Емін-еркін жұмыс жасап, кәсібін адал жолмен жалғастырғандар  көп табысқа кенеледі. Депрессияға түсіп, ашу-ызасын сыртқа шығаратындар талай несібеден қағылады. Көзімен көріп, құлағымен естімесе де күдік келтіріп, біреуге жазықсыз жала жабатындар сәтсіздікке тап болады. Ашу мен ызаға жол бермеу керек. Сондықтан көп нәрсеге жеңіл қарап, әзілмен жауап берген дұрыс, — дейді Айсара Беденова.

Нумеролог «4» саны шықса, бұл жылдың еңбектің жылы екенін айтады.  Қажырлы еңбек жасаған адам мол табысқа жетеді. Тұрақтылықтың, сенімділіктің жылы. Перзент сүюді армандап жүрген отбасылар үшін өте сәтті жыл болады. Қосындының соңы «5» санымен аяқталса, биылғы жыл өзгерістерге толы болмақ. Күтпеген жерден саяхат пен алыс сапарларға шығуыңыз мүмкін. Жарнама саласының мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін керемет кезең. Осы жылы өміріңізді толық өзгертіп жіберетін жағдайлар орын алуы ғажап емес. Ал «6» саны шықса, отбасына жайлы жыл болады. Осы санның ықпалында болатын адамдар үлкендерге қамқорлық танытуы керек. Әсіресе кәрі ата-әжесіне көңіл бөлгені жөн. Үй алам деушілерге де  сәтті уақыт. Отбасымен қыдыруға  қолайлы кезең. Пәтерін жөндеуді жоспарлап жүргендер шаруаны кейінге қалдырмағаны дұрыс.  «7» саны шықса, өте тыныш, жайлы жыл деп есептеледі.  Жалғыз жүрген адамдарға сыңарын табуға өте қолайлы уақыт.  Рухани даму үшін киелі жерлерге бару керек. Жаңа білім аламын дегендерге де  сәттілік серік болады. Ал «8» санының ықпалындағы адамдар қаржы жағынан қиыншылық көрмейді. Табысы молайып, шалқып жүреді. Бизнестері барлар қосымша шаруа ашып, табыс көзін молайта алады. Жаңа іс бастауға да сәтті жыл. Тұрмыс құрып, үйленуге де осы жыл қолайлы болады. Есептің соңында «9» саны шықса, қорытынды шығаратын уақыттың келгені. Ойыңызды жинақтап, ескі заттардан да, ауыр қарым-қатынастардан да арылатын кезең. Денсаулыққа көңіл бөлу керек. Доңыз жылы көп күш пен қуатты талап етеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button