Басты жаңалықтарМереке

40 әскери қызметкерге пәтер кілттері табысталды

Тәуелсіздік күні қарсаңында қала әкімі Ілияс Испанов Пригородный ауылында бой көтерген балабақшаның ашылуына қатысып, әскери қызметшілерге пәтер кілттерін табыстады.

Пригородный ауылында ашылған «Инаят» балабақшасын «Инаят-Ай» ЖШС директоры Нұрлыбек Қазмұхамбетов өз қаражатына салған. Заманауи талаптарға сай келетін ғимарат — 120 орындық. Барлық кабинеттер қажетті жабдықтармен жарақталған. Медициналық кабинетте психолог пен логопед жұмыс жасайды.

Жаңа балабақшаның ашылуына қатысқан қала әкімі Ілияс Испанов Пригородный елді мекенінің тұрғындарын қуанышымен құттықтап, заманауи талаптарға сай жаңа ғимарат салып берген жеке кәсіпкерге өз алғысын білдірді.

— Қазақстан Тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде экономикалық дамуда, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуде аса зор жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекет басшысының көреген саясаты мен еңбегінің арқасында біз бүгінде ынтымағы мен бірлігі жарасқан, ырысы мол елде өмір сүріп жатырмыз.

Өздеріңіз білетіндей, қазақ халқы қашанда ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оған ұлт болашағы ретінде қараған. Бүгінгі таңда да бала тәрбиесі басты назарда.

Бүгін Пригородный ауылының балаларының балабақшамен қамтылуына жағдай жасап, жаңа балабақша салып берген жеке кәсіпкер Нұрлыбек мырзаға алғысымызды білдіреміз. Осындай азаматтар көп болса, біздің қалада ешқандай мәселе болмайды. Балабақша бүлдіршіндері дені сау, білімді болып ержетсін. Тәуелсіз елдің балалары бақытты болуға тиіс, — деді Ілияс Испанов.

Лента қию рәсімінен соң, қала әкімі балабақшаның ішін аралап, балалардың мерекелік концертін тамашалады. Орталық 3 топқа арналған. Балаларды оқыту мен тәрбиелеу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

***

Балабақшаның ашылуына қатысқан соң қала әкімі Ілияс Испанов бірқатар әскери азаматтарға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында  бой көтерген коттедж кілттерін табыстады.

Қоныстойы иелерін құттықтаған Ілияс Испанов Ақтөбедегі баспананың қолжетімділігі халықтың барлық санаттары үшін жылдан-жылға артып келе жатқандығын атап өтті.

— Әскери азаматтар қашанда Елбасының басты назарында. Бұл жолғы Тәуелсіздік мерекесі ақтөбелік әскери азаматтар үшін қуанышты хабармен басталды. Біздің тыныштығымыз бен бейбітшілігімізді қамтамасыз етіп отырған әскери азаматтар бүгін баспаналы болып жатыр.  Бұл әр отбасы үшін қуаныш. Барлықтарыңызды қоныстойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын, — деген қала әкімі 40 әскери қызметкерге пәтер кілттерін табыс етті. Сондай-ақ ол алдағы уақытта бұл ауданның аумағы үлкейіп, атауы Есет батыр деп аталатындығын жеткізді.

Екі қабатты коттедждердің ендігі қожайындарының бірі — Айболат Бекболатұлы. Алты жыл бойы отбасымен пәтер жалдап келген ол таяу күндері қоныстойын тойламақшы.

— Бүгінгі күн біздің отбасымыз үшін айтулы күн. Алты жылдан бергі еңбегімнің арқасында жаңа пәтерге кіріп жатырмыз. Баспана алу басты арманымның бірі болатын. Бүгін, міне, соның сәті туды. Енді тіпті алаңсыз еңбек ететін боламын, — дейді сержант Айболат Бекболатұлы.

Айта кетейік, тұрғын үйлер әскерилерге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілді. Сондай-ақ алдағы уақытта баспананы сатып алу мүмкіндігі де бар. Ал ай сайынғы төлемақылар ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан қарастырылған тұрғын үй төлемдері есебінен өтелетін болады.

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button