Жаңалықтар

«Көшбасшы жолы» көрсетілді

Киноэпопея

1 желтоқсан Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде «Көшбасшы жолы» киноэпопеясының төртінші бөлімі — «Тығырықтан жол тапқан» фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылады.

Шараның мақсаты — университет студенттері бойындағы патриоттық сезімді күшейтіп, туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайту, сондай-ақ, Елбасының өмірбаянымен таныстыру.

— Студенттердің барлығы бұл көрсетілімге түгел қатыса алмағаны белгілі. Сол себепті университеттегі басқа қыз-жігіттерге киноның ғаламтордағы сілтемесін беретін боламыз. Олар да кейін Елбасының ғұмырнамалық фильмін көреді, — дейді жоғарыда аталған университеттің бөлім жетекшісі  Мейрамгүл Жұмағалиева.

Фильмнің «Тығырықтан жол тапқан» бөлімінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Теміртау мен Қарағандыда өткен 1970-80 жылдардағы өмір жолы бейнеленеді. Бұл кезеңде Елбасы металлургия комбинаты мен Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған. Қызмет жолындағы қиындықтар, оны шешіп, тығырықтан жол тапқан сәттерді үлкен экранға шығарған — режиссер Рүстем Әбдірәшев.

Айта кетейік, «Көшбасшы жолы» киноэпопеясының бұдан өзге «Балалық шағымның аспаны»,  «Отты өзен», «Теміртау», «Жұлдыздар тоғысқанда» деп аталатын бөлімдері бар. Ал соңғы фильм — «Көшбасшы жолы. Астана» осы жылдың соңында көрерменге жол тартады деп жоспарланып отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button