Жаңалықтар

Ақсақалдармен ашық әңгіме

Өткен сенбіде қала әкімі Ілияс Испанов бір топ ардагерлермен кездесті. Қаланың дамуына түрлі кезеңде өз үлестерін қосқан ардагерлермен кездесу Батыс-2 ауданында бой көтерген Шығармашылық академиясында өтті.

Басқосуда ардагерлер отбасы құндылықтарын сақтау, жастарға тәлім-тәрбие беру, дін, білім, медицина саласындағы мәселелерге байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.

— Жалпы біздің қоғамда ардагерлердің алар орындары ерекше. Сіздер Ақтөбенің дамуы жолында айрықша еңбек сіңірдіңіздер. Оны біз ешқашан ұмытпаймыз. Сіздердің айтқан ақылдарыңыз, кеңестеріңіз біз үшін, кейінгі жас ұрпақ үшін — үлгі. Сондықтан сіздің тараптан айтылған әрбір пікір мен сынды біз қашанда қабылдауға дайынбыз, — деген қала әкімі Ілияс Испанов аға буын өкілдеріне деген ізгі тілегін айтты.

Галстуксыз кездесу барысында ақсақалдар бала тәрбиесі, мектеп формасының сақталуы, ата-аналардың жауапкершілік деңгейін арттыру секілді тақырыптардан өзге, қаладағы қоғамдық көліктердегі жағдай, жол мәселесі секілді мәселелерді қозғап, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

— Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдары жеткен жетістіктері, әрине, бұл, алдымен, Елбасының тынымсыз еңбегі мен сындарлы саясатының арқасы. Біздің қоғамда барлық жағдай жасалған. Еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады. Барлығы адамның тек өзіне байланысты. Аталған 27 жыл ішінде Ақтөбе өңірі адам танымастай өзгерді. Өзгерген өңірді өзіміз көріп отырмыз. Осы ретте облыс және қала басшылығына жасап жатқан жұмыстары үшін алғысымды білдіремін, — деген ҚР Бейбітшілік пен келісім кеңесінің облыстық филиалы төрағасы Келдібай Еспағамбетов бүгінгі кездесудің маңыздылығына тоқталды.

— Ілияс Сапарбекұлының бастамасымен ұйымдастырылып отырған бүгінгі кездесудің маңызы біз үшін де, жастар үшін өте зор. Өйткені біздің, яғни қарттардың ауызбіршілігі бір болмай, біз жастарды ешқандай жетістікке жеткізе алмаймыз. Оларға тура жол көрсетіп, ақыл айтатын — біздер, — деген Келдібай Еспағамбетов кездесуді ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді.

Сонымен қатар, кездесуде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы талқыланып, жас ұрпаққа еліміздің терең тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттау бойынша жұмыстар жүргізу керек екендігі жөнінде айтылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button