Басты жаңалықтар

Жерүсті өткелі ашылды

Ақтөбеде алғаш рет жерүсті өткелі пайдалануға берілді. Әлия Молдағұлова даңғылының бойындағы ДСК аялдамасында орналасқан өткелдің ашылуына қала әкімі Ілияс Испанов қатысып, нысанның жұмыс істеу барысымен танысты.

Заманауи үлгіде салынған аспалы өткелдің биіктігі — 6 метр, ал ұзындығы — 32 метр. Толықтай бейнебақылау жүйесімен қамтылған өткелде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жеделсаты орнатылған. Камераның көмегімен жеделсатыны кім шақыртқанын және сырттағы жағдайды операторлар бақылап отырады. Егер жеделсатыны шақыртқан мүмкіндігі шектеулі жан болса, лифтінің есігі автоматты түрде ашылады.

Ал қаланың өзге тұрғындары үшін өткелдің келесі бетінде саты бар. Мұндағы басқалдақтар балалар арбасымен жүруге ыңғайлы етіп жасалған.

Баспалдақтарға аяқ таймайтын плиталар төселіп, жан-жағы поликарбонатпен қоршалған. Іші түнде автоматты түрде жарықтандырылады. Мұнда адам қозғалысын аңғаратын «ақылды» шамдар орнатылған.

Айта кетейік, Ақтөбеде алдағы уақытта тағы бір жерүсті өткелі пайдалануға беріледі. Әлия Молдағұлова даңғылының бойындағы «Әлия» базарына қарама-қарсы бетте бой көтерген нысанның құрылысы аяқталуға жақын.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button