Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ақтөбенің киелі орындары

Ақтөбе қаласының 1869 жылдан бергі тарихы бізге белгілі. Нақ осы жылдың мамырында патша армиясының полковнигі Ю.Борх бастаған әскери отряд Елек және Қарғалы өзендерінің түйісер жеріндегі төбе үстіне болашақ бекіністің іргетасын қалаған.

Дегенмен суы мол, шөбі шүйгін, табиғаты ерекше сұлу бұл жердің 1869 жылдың арғы жағында да бос жатпағаны түсінікті. Ауызша жеткен тарихқа сүйенсек, қазіргі Ақтөбе қаласының орны — Даланың билеуші әулеттеріне мекен болған жер. Мысалы, Н. Байғаниннен,академик Сайым Балмұхановтан жеткен деректер бойынша бұл жер — Алтын Орданыңыдырау кезеңінде Ноғайлыны билеген Мамайдың жайлауы екен. Жердің «Ақтөбе» атануы осы төбеде Мамайдың сүйікті қызының жерленуімен байланыстырылады.

Ал берідегі орыс деректеріне үңілсек,бұл — Қайып хан әулетінен шыққан сұлтан-төрелердің қонысы болған жер. Қайып ханның өзі — Есім ханның ұрпағы, әз Тәукенің жақын туысы. Сүйегі Ресейдің Калуга жерінде қалған әйгілі Арынғазы хан осы Қайып ханнан тарайды. Ақтөбе қаласының тарихына қатысты 1869-1917 жылдар аралығындағы жазба деректерде де бұл әулет ұрпақтарының аты-жөні жиі кездесетінін зерттеушілер еңбектерінен білеміз.

Бұл мекеннің Алтын Орданың арғы жағындағы тарихы да аса бай болса керек. Оған дәлел — қала айналасындағы сонау қола, ерте темір дәуірлерінен бастап, беріге дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын көне қорымдар, сол қорым, қорғандарда үзбей жүргізіліп келе жатқан археологиялық қазба жұмыстарының кезінде табылған сан алуан жәдігерлер.

Бүгінгі күні қала аумағы бойынша 70-тен астам тарихи-мәдени және сәулет ескерткіші мемлекеттік қорғауға алынған. Олардың ішінде Түйетөбе мен Бекқұл әулие кесенесі, жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында, «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» еніп отыр.Жоғарыдай айтқанымыздай, қала аумағында сақ-сармат, ғұн, көшпелі түркілер, Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірлеріне тиесілі көне қорымдар көп. Сондай-ақ, қазір қаланың ішінде, яғни Сүт зауыты ауданында қоршаулы тұрған қорымда қоғам қайраткері, ағартушы-демократ Бақытжан Қаратаев (1860-1934 жж.) пен халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің (1860-1945 жж.) зираты бар.

Түйетөбе: қасірет пен қасиет

Қала аумағындағы Пригордное ауылынан шығысқа қарай 6,5 км қашықтықта жатқан Түйетөбе — қасіретті де қасиетті мекен. Бұл жерде 1973-38 жылдары «халық жауы» деген жаламен жазықсыз атылған жандардың сүйектері жатыр. Беріге дейін оның құпиясы жария етілмеген. 1987 жылы Сергей Гуцаловтың жетекшілігімен осы маңда қазба жұмыстарын жүргізген Ақтөбе педогогикалық институты тарих факультетінің археологиялықотряды шұңқырлар бетіне шығып қалған адам сүйектерін көреді.  Мүрделердің барлығының бас сүйектерінде желке тұсынан атылған оқ ізі болған.  Кейін белгілі болғандай, «үштіктің» шешімімен ату жазасына кесілген жандарға қатысты үкім орындалған соң, олардың кейбіреулерін көмген, ал кейбіреулерін Түйетөбе айналасындағы сайларға көмбестен тастай салған… Арада жарты ғасыр өткенде, бұл жерді көктемгі су тасқыны шайып, мүрделерді бері алып шығады…

1930-жылдары Ақтөбе облысы бойынша 8 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың төрттен бірі ату жазасына кесілген. Мысалы, сол кездегі облыстық байланыс басқармасының бастығы Ермекқали Әбеновті «облыста телефон байланысын дамыту ісін қаскүнемдікпен тежеді» деген айыппен ұстаған. Ол Жұрын мен Ақкемер арасында телефон байланысын орнату үшін желі жүргізуге «қарсы» болыпты-мыс. Осындай «қаскүнемдігі», «халық жауларының сыбайласы» болғаны үшін, өзі де «халық жауы» болып табылып, 1938 жылғы 15 ақпанда атылған. 1933 жылы Ақтөбедегі түрмеде ауыр дерттен көз жұмған қазақтың ең соңғы билерінің бірі — Былшық би Сейітұлының сүйегі де осы төбеде жерленген… Қазақтың ескіше оқыған еті тірі ел ағалары да бар, жаңаша оқып, халықты жаңа өмірге бастайды деп сенген көзі ашық азаматтарыда бар — қанша аяулы жанның асыл сүйегі қалған мекенде бүгінде «Жазықсыз жазаланғандар рухына тағзым» деген жазуы бар тас белгі тұр.

Тарихымыздағы ұмытылмас қасіреттің куәсіне айналған Түйетөбеде жыл сайын 31 мамырда еске алу шарасы өтіп, ата-бабалар рухына Құран бағышталады.

Бекқұл әулие кесенесі

Облыс орталығынан 20 шақырымдай жерде, қала аумағына енетін қазіргі Бекқұл баба ауылы маңындағы Бекқұл әулие зиратына зиярат етушілер қатары тіпті кеңес заманында да үзілмеген. Сондықтан 2000 жылы бұл жерге кесене тұрғызылып, түнек үй салынған.

Бекқұл би, шамамен ХVII ғасырдың орта шенінде Ор, Қарғалы өзендері бойын мекен еткен. Ел ішіндегі дау-дамайды, сыртқы қатынастарды реттеуге белсене атсалысқан. Сонымен қатар, көнекөз қарттар арқылы жеткен деректер бойынша, көріпкелдік қасиетімен танылып, көзінің тірісінде әулие атанған. Бекқұл әулиенің жалғыз қызы болған. Аңыз бойынша, Есет Көкіұлы Бекқұл әулиенің қызынан туған. Бекқұл әулие 13 жастағы жиені Есетке өзінің ақ батасын беріп, ел қорғауды аманаттаған.

Бұрынғы қарттар Есет әулиені зиярат етпес бұрын, алдымен Бекқұл атаның зиратына түнеп, Құран оқитын болған.

Нұрпейіс ақынның зираты

Нұрпейіс ақын қазіргі Темір ауданы аумағындағы Сүлікті деген жерде дүниеге келгені белгілі. Ал 1932-1945 жылдары ол Ақтөбе қаласында тұрған. Ақын Қуандық Шаңғытбаев, журналист Ахмет Ескендіровтер Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшылары болды.

2010 жылы, ақынның 150 жылдық мерейтойы кезінде біз оның ұлы, күйші Момын Байғаниннен Ақтөбе қаласында Нұрпейіс бабамыз тұрған төрт мекенжайды жазып алған едік. Бұл деректерді көпшілік назарына тағы бір ұсынғанды жөн көрдік:«Ақынның Ақтөбеде алғаш тұрған үйі — Бершүгір көшесіндегі №7 үй. Кезінде бұл тұс — Ақтөбенің орталығы саналған болса керек. Ал қазір ақын ізі қалған үйдің халы аянышты-ақ… Одан соң Нұрпейіс ақын қазіргі Жанқожа батыр көшесіндегі 72-үйдің — екі пәтерлі үй — бір жағында тұрыпты. Кейін ақын Ақтөбе өңірі ғана емес, бүкіл республикаға белгілі болған тұста оған келіп-кететін қонақтар көбейіп, үйі тарлық еткен соң, Байғанин отбасына Герцен көшесіндегі 13-үй берілген екен. Бірақ ақынды іздеушілердің көптігінен бұл үй де тарлық етіп, 1942 жылы басшылық оған ауласы атшаптырым, алты бөлмесі бар кең үй тарту еткен. Бұл үй сол кездегі Фрунзе көшесі (қазіргі — Жанқожа батыр көшесі), 32 мекенжайында орналасқан. 1945 жылы Нұрпейіс ақын көз жұмғаннан кейін де бұл үй оның отбасының меншігі ретінде саналған. Әйткенмен 1961 жылдың наурыз айында қалалық кеңес Аймекен әжемізден бұл үйді «Нұрпейіс Байғанинге музей ашамыз» — деп сұрап алады. Қазір оның орнында бірнеше қабатты ғимарат тұр».(«Ұмытпас мені ғасырлар», «Ақтөбе», 2010 жыл, 23 қыркүйек.)

Нұрпейіс ақын қайтыс болғаннан кейін, қазіргі Сүт зауыты ауданындағы қазақ-орысы аралас қорымға жерленген.

Белгілі қоғам қайраткері, заңгер, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Думада қазақтар мүддесін қорғап сөз сөйлегенБақытжан Қаратаев та осы қорымға жерленген. 1922-1925 жылдары ол Ақтөбе губерниялық сот коллегиясының мүшесі болған. Бақытжан Қаратаевтың өмірінің соңғы жылдарында Ақтөбе қаласында тұрғаны, ашаршылыққа байланысты осында іссапармен келген ақын Сәкен Сейфуллиннің оны арнайы іздеп барып, кездескені жөніндегі деректер Хамза Есенжановтың «Ақ жайық» трилогиясында жазылған.

Ақтөбе қалалық мешіті

Ақтөбедегі қалалық орталық мешіттің ғимараты — көне тарихи ғимараттардың бірі. Оның іргетасы 1901 жылы қаланған. Құрылыс жұмыстары 1903 жылы аяқталған. Мешіт құрылысына сол кездегі Ақтөбе мен Орынбор қаласындағы татар байлары демеушілік еткен. Ірі байлардан бөлек, қарапайым адамдар да ақша жинап, жалпы саны 500-дей адамның қаржысына тұрғызылған.

Мешіт 1903-1929 жылдар аралығында халыққа қызмет етіп тұрды. 1929 жылы кеңес өкіметі мешітті жауып, қойма, баспахана, т.б. мақсаттарда пайдаланған. 1991 жылы қала тұрғындарының өтініші бойынша ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, қайтадан мешіт ретінде пайдалануға берілді.

2003 жылы мешіт ғасырлық мерейтойын атап өтті. 2012 жылы мұнда тарихи ғимаратты сақтай отырып, мешітті кеңейту мақсатында құрылыс жұмыстары қолға алынды. Сол жұмыстардың нәтижесінде, мешітте жұртшылық бұрынғыдай қысылып-қымтырылмай, бір мезгілде 5 мың адам намаз оқи алатындай кеңейтілді.

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button