Жаңалықтар

«Жайсаң» бекетінде

Бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау мен бағалауды іске асыру жөніндегі республикалық арнайы топ мүшелері Ақтөбе облысына келді.

Құрамында агенттіктің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин, республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі Алдан Менкеев бар делегаттар Ақтөбедегі «Жайсаң» шекара бекетінің жұмысымен танысты.

— Агенттіктің араласпайтын мәселесі жоқ. Қай жерде халыққа қызмет көрсетілсе, біз сол жерден табыламыз. Егер «театр киім ілгіштен басталатын» болса, мемлекеттік мәселе шекарадан басталады. Кез келген өзге елден келген азамат шекарадағы тәртіпке қарай, дүйім мемлекетке өз бағасын береді. Сондықтан біз ең алдымен шекарадағы тәртіпке сақ болуымыз керек. Бүгінгі «Жайсаң» шекара бекетіне келудегі мақсатымыз да осы, — деді Арман Бердалин.

Арнайы мониторингтік топ өкілдері барған Ресеймен шекарадағы «Жайсаң» өткізу бекетінде көлік нөпірі жоқ. Бекет тиісті талаптарға сай жұмыс істеп тұр.

— Естеріңізде болса, 22 қазаннан бастап еліміздің шекара бекеттерінде экспортты-импорттық бақылау рәсімі енгізілді. Осы ретте Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» шекара бекетінде көліктердің ондаған шақырымға дейін созылған көлік кезегі пайда болған еді. Бұған дейін аталған өңірде болып, жағдаймен етене таныстық. Ал ондай келеңсіздікті «Жайсаң» шекара бекетінен көрген жоқпыз. Жалпы өткізу бекетінің жұмысы тұрақты, — дейді республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі Алдан Менкеев.

Мониторингтік топ мүшелері атап өткендей, «Жайсаң» шекара бекетінде жұмыс тұрақты, кәсіби ұйымдастырылған. Дегенмен топ мүшелері жемқорлық мәселесін болдырмау үшін қызмет көрсету бөлмесіне арнайы бейнебақылау камераларын орнатып, стендтер қою секілді ұсыныстар айтты.   

Айта кетейік, Ресей Федерациясының Орынбор облысымен Ақтөбе облысы шекарасындағы «Жайсаң» өткізу бекетінен тәулігіне 5 мыңнан астам адам мен 1800-ге жуық көлік өтеді. Жол 8 жолақты, 6 паспорттық бақылау кабинасы бар.    

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button