Жаңалықтар

Тұрғындарды көмірмен қамту — бақылауда

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығының жылыту маусымына дайындығын тексеру кезінде 41-разъезде орналасқан ең ірі көмір сату пункттерінің бірі «Отын» ЖШС-ында болды.

Ол көмір сатылымының жылдамдығына, жеткізу кестесіне және қатты отын бағасының негізділігіне байланысты мәселелерге назар аударды.

— Күніне орташа алғанда 50 тонна көмір жібереміз. Дүрлігу жоқ. Қорда 2300 тонна бар, — деп жеткізді компания басқарушысы Талғат Жұмағұлов.

Оның айтуынша, кәсіпорын көмірді 12 100 теңгеден сатып алып, халыққа 16 000 теңгеге сатады.

Өңір басшысы құзырлы мемлекеттік органдарға осы баға белгілеумен айналысуды тапсырды. Өйткені мұндай үстеме бағаны негізсіз деп санайды.

— Сатып алушы отынды үйіне дейін жеткізу үшін көлік жалдамай ма? Оған кем дегенде 5-10 мың теңге кетеді. Егер бір отбасыға қыстан шығу үшін мәселен, 4 тонна көмір қажет болса, оған тасымалдау шығынын қосқанда, шамамен 70 мың теңге кетеді. Бұл қымбат. 4 мың теңге үстемақыны не үшін қосып отырсыздар? — деді облыс әкімі басқарушыға қарата айтқан сөзінде. Ол бұл сауалға жауап бере алмады.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ, көмір сату пункттерінің инфрақұрылымдық жағдайына, атап айтқанда үлкен қорды сақтайтын қойманың жоқтығына да сын айтты.

— Айталық, сізде 2 500 тонна көмір қоры бар, аяқ астынан төтенше жағдай орын алды, боран соғып, пойыздар уақытша жүрмей қалады. Сонда не істейсіздер? Халықты көмірмен қалай қамтамасыз етесіздер? Қор жеткілікті болу керек. Сіздерге ең болмағанда 5 мың тонна көмір сиятын қойма салыңыздар деп былтыр айтқан болатынмын. Осы іспен жұмыстаныңыздар. Бұл тек сіздің мекемеге ғана емес, көмір сатумен айналысатын басқа да компанияларға қатысты, — деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновке, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына инфрақұрылымын жақсартқысы келмейтін көмір сатушыларға қатысты қатаң шаралар қолдану тапсырылды.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша, облыс халқының көмірге деген қажеттілігі 40 880 тоннаны құрайды. Бүгінде іс жүзінде бұл көлемнің үштен бірі әкелінген. Сонымен қатар барлық әлеуметтік мекемелердің жеке автономды қазандықтары қатты отынмен 100% қамтылған.

Бұдан басқа, облыс әкімі Ақтөбедегі екінші көтерме-бөлшек сауда базарының құрылысы барысын қарап шықты. Қазіргі таңда 41-разъезде орналасқан нысан құрылысы 90% аяқталып тұр. Оның жалпы аумағы – 2 гектар. Кейін бұл жерде бакалея және басқа да тауарлар болады. Базардың ашылуы осы жылғы қазан айының соңына жоспарланған.

Базар директоры Айбек Сиязовтың сөзінше, жәрмеңкелерді жиі өткізіп, облыс аудандарынан келген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге сауда алаңдарын беру жоспарланып отыр. Ақтөбедегі жаңа көтерме-бөлшек сауда базарын іске қосу әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button