Жаңалықтар

Донор қаны — өмір нәрі

14 маусым — Бүкіләлемдік донор күні

Өткен сенбіде облыстық қан орталығының ұжымы Бүкіләлемдік донор күніне орай «Адамзат үшін жаңа қан» акциясын ұйымдастырды.

Облыстық қан орталығы директорының орынбасары Гүлсім Әбдірахманованың айтуынша, жыл басынан осы күнге дейін облыс бойынша 5 мың адам ақысыз қан тапсырыпты. Оның ішінде, биыл Мұғалжар аудандық аурухананың бас дәрігері Балтабек Құсайыновтың ұйымдастыруымен өткен акция аясында бір күнде 262 адам ерікті түрде қан тапсырған. Бұл — облыс аудандары ішіндегі «рекорд» жасаған аудан. Одан соң тізімді Темір, Қобда, Қарғалы, Шалқар аудандары жалғастырады.

Сондай-ақ облыстық қан орталығына Күзет басқармасының қызметкерлері, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанттары, Ақтөбе политехникалық колледжінің, Ақтөбе медицина колледжінің оқытушылары мен оқушылары, №6655 әскери бөлімінің сарбаздары жиі келіп тұрады.

Әр жылдары орталық қызметкерлері шетелде біліктіліктерін арттырып отырады. Мәселен, былтыр орталық директоры Серік Күзембаев, директордың орынбасары Гүлсім Әбдірахманова, иммунологиялық зертханасының меңгерушісі Татьяна Солошенко Израильде оқып келді. Гүлсім Бақытқызы Израильде волонтерлер 7-сынып оқушыларынан бастап семинар-кеңес өткізіп, донор болуға даярлайтынын, біздегідей емес, ол жақта 17-ге толған әр азамат донор болуға құқы бар екенін айтты. Бізде азаматтар 18-ге толғаннан бастап донор бола алады.

Ал орталықтағы сапаны бақылау бөлімінің меңгерушісі Ләззат Жуасова Польшада білімін жетілдіріп келіпті. Оның айтуынша, Польшада балалар донордың кім екендігін балабақшада естіп өседі екен. Сондай-ақ орталықтың екі дәрігері Аида Сабырбаева мен Әуезхан Мағзомов білімдерін Ресейде жетілдіріп келіпті.

Осындай білікті мамандар қызмет көрсететін орталықтың ақысыз қан тапсыру акциясын қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері бастады. Сондай-ақ жастар мәслихаты, Қазақстан студенттер альянсының да мүшелері осы жерден табылды.

Мәселен, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Әлімбек Төрәлиев Қ.Жұбанов атындағы университеттің экономика факультетінде ІІ курста оқып жүргенде бірінші рет қан тапсырғанын, бұл күні де науқастарға септігін тигізу үшін атсалысуға келгендігін айтты.

Жастар мәслихатының мүшесі Наиль Зайнагутдинов науқастарға шарапатын тигізу үшін келгенін әрі бұл ісінің өзінен кейінгі жастарға үлгі болатынын айтады.

Жастар әуелі донорлық картаның сауалнамасын толтырып, салмақ өлшетіп, медициналық тексеруден өтіп, қан тапсырар алдында шай ішіп, біртіндеп қан тапсырды. Сондай-ақ «Пилон» ЖШС-ның көпір дәнекерлеушісі Руслан Жақаев үшінші рет қан тапсыруға келіпті.

Акция соңында ақысыз қан тапсырған ерікті донорларға арнайы әзірленген төсбелгі мен донор куәліктері табыс етілді.

Облыстық қан орталығына сенбі күні оннан астам адам ерікті түрде келіп, қан тапсырыпты. Осындай акцияны орталыққа ұйымдастыруға көмектескендер —  биыл ашылған Қазақстандық донорлар ассоциациясының Ақтөбедегі филиалы, облыстық балалардың құқын қорғау департаменті және «Титан» күзет агенттігінің Ақтөбедегі филиалы, қалалық ішкі саясат бөлімі.

Ал бұл шараға «Дастан», «Емшан», компаниялары, «Алтел» ұялы телефон байланысының Ақтөбедегі филиалы, «Нефтегаздем» зейнетақы қоры демеушілік етті.

Біздің анықтама

2005 жылдың мамыр айында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ассамблеясы донорлық қанға ерікті түрде қолдау көрсетіп және осы жолды әрі қарай жалғастыру туралы өтінішті қабылдады. Осыдан бастап қан тобын бірінші ашқан адам Ланштейнердің туған күні — 14 маусым донор күні ретінде атап өтіліп жүр.

Балдырғандар донор болуға шақырды

Бүкіләлемдік донор күніне арналған «Адамзат үшін жаңа қан» акциясы аясында қылқалам ұстаған ақтөбелік кішкентай балдырғандар сурет салу арқылы ересектерді донор болуға шақырды.

Бұл күні №28 орта мектеп пен №3 орта мектеп бірігіп, сурет салу байқауын ұйымдастырды. Бұған осы екі мектептен 55 балдырған қатысты. Байқаудың ашылуында Қазақстандық донорлар ассоциациясы Ақтөбе филиалының төрайымы Гүлсім Әбдірахманова донорлықты насихаттауға үлес қосып жатқан оқушыларға жылы лебізін арнап, донор күні туралы әңгімеледі.

Дәл осы күні «Дарина» жеке мектебінде де қылқалам ұстаған 12 оқушы донор күні тақырыбына сурет салып, өзара сынға түсті.

Балалар салған суреттердің бояуы қанық, мазмұнды. Әр мектептің өз жеңімпазы бар. Атап айтсақ, №28 орта мектеп оқушылары арасында «Донор бол!» атты суретімен 3-сынып оқушысы Анаргүл Меңдіғалиева, №3 орта мектеп оқушылары арасында «Қан» атты сурет салған 3-сынып оқушысы Әсем Қарабалина, «Дарина» жеке мектебінде «Науқастарға қан беру» атты суреттің авторы Кәмила Дәуренбекова жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, естелік сыйлықтар табыс етілді. Бұл күнгі шараны ұйымдастыруға облыстық балалардың құқын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова, «Титан»  күзет агенттігі Ақтөбе филиалының директоры Марат Аққұлов атсалысыпты.

Шара соңында №3 және №28 орта мектеп мұғалімдері облыстық қан орталығына барып, ерікті түрде қан тапсырды. Облыстық қан орталығына бұл күні ерікті түрде келген 187 адамның 132-сі қан тапсырып, қалғаны медициналық көрсеткіштер бойынша қайтарылыпты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button