Жаңалықтар

Ел азаматы

Мерей

Туған жердің түтіні

Ойыл-Темір — ауылы аралас , малы қоралас жатқан көрші аудандар. Әр жағында әкімшілік жағынан да бірде қосылып, бірде бөлініп келгенін жұртшылық жақсы біледі. Кеше ғана мерейлі жетпіс жасқа толған темірлік Ахат Мырзалинді сондықтан да мен жас кезінен сырттай білетін едім. Ойылдан Ақтөбеге облыстық газет редакциясына қызметке ауысқан кезден тіпті жақын таныстым. Одан бері де отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Осы жылдарда редакцияның тапсырмасымен Темір өңіріне іссапарда болғанда,  ауданда жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған, жас жағынан  қатар Ахаңа соқпай өткен кезім сирек.

Сондағы білгенім, арғы түбі  байырғы темірлік азаматтың кіндігі туған жерге берік байланған екен. «Туған жердің түтіні де тәтті»  дейтін сезім. Рас, осы жердегі орта мектептен соң, Омбының ауылшаруашылық институтын бітіріп Атбасарда екі жыл жұмыс істеуге, одан кеңес әскері қатарында борышын өтеуге тура келген. Содан  Ақтөбеге қоныс аударғанша, туған жерінде  табан аудармай қырық жылға жуық мемлекеттік қызметте болды.

Кеңес әскері қатарында борышын өтеп оралған соң, алғашқы кезде Темірдің техникумында дәріс берді, комсомол комитетіне хатшы болып сайланды. Көп ұзамай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысының тізгінін ұстады. Содан әрі аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, селолық кеңес төрағасының орынбасары болып жалғаса берді. Мемлекеттік қызмет саласындағы жұмысын он жылға таяу Темір ауданының әкімі болып аяқтады. Осы жылдарды Ахат Ахметұлы:

— Өзімнің тұстастарым сияқты, менің де еңбек жолым кешегі кеңестік заманмен, өтпелі кезеңмен, еліміздің тәуелсіздік алуының  алғашқы және қалыптасу шақтарымен тұспа-тұс келді. Қайта құрудың ауыр жылдарын көрдік, экономикалық  дағдарыстардан өттік, тоқсаныншы жылдардағы күрделі міндеттерді шештік. Ең әуелі жетпіс жыл бойы халықтың қолымен жасалған игіліктерді талан-таражға түсірмей сақтап қалу,  сонымен бірге, осы күрделі кезеңде жаңаша өмір сүруді, іс-қимыл жасауды үйрену керек болды, — деп еске алады.

Тоқсаныншы жылдардың соңы, екі мыңыншы жылдардың басында Ахат Мырзалин  аудан әкімі  болып тағайындалды. Бұл барлық жерде елдің тұралаудан оңалуға беталған шағы еді. Оның үстіне тап осы кезде мұнайдың бағасы елеулі өсіп, бюджет қалтасы қаржымен толыға бастаған-ды. Жаңа әкім әр жағынан жұпыны тірлік кешіп келе жатқан ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартудың мүмкіндігі туғанын тез аңғарды. Бірінші кезекте ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салды. Ұзақ жылдар жөндеу көрмей, азып-тозып тұрған  мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарын  қолға алды. Материалдық қолдау көрсетіп, шатырларын, терезелерін, жылу жүйелерін жаңартуға жағдай жасады. Телефон, электр жарығы орнамаған жерлерді ескерді. Тіпті  сол бір қиын кездің өзінде ауданда жаңа мектептер мен спорт залдар салынды. Сол кездің өлшемімен алғанда мұның өзі үлкен шаруа еді.

Кеңқияқ түйіні

Әлі есімде, осы шамада Кеңқияқ кентіне  іссапарға барып,  аудан әкімімен бірге  тұрғындардың жиынына қатысқаным бар-ды. Бір кезде көпшілікке мәлім «Кеңқияқ оқиғасымен»  аты шыққан мұнайлы өлкенің тұрғындарына біраз қамқорлықтар жасалған екен. Су құбыры тартылып, кезең-кезеңмен кентке және оның маңайындағы Шұбарши сынды ауылдарға  ауыз су беріле бастаған. Көшелерді асфальтау, мектептерді, мәдениет орындарын жаңарту басталған. Ол кезде әлеуметтік мәселелерге оралуға көп жердің шамасы келмей жатқан. Ал мұнда басқаша екен. Соған қарамастан жиналыста риза болмай сөйлеген қарттар да табылды.

«Біз экологиялық жағдайы қиын аймақта тұрамыз. Газдың иісін иіскеп отырмыз. Сондықтан бұл өңірге тұрмыстық барлық жағдай жасалуы керек» дейді. Мұнай, газ өндіріп отырған инвестордың көрсетіп отырған азды-көпті әлеуметтік қамқорлығына риза емес. Әрине, жергілікті тұрғындардың бұл талабын орынсыз деуге болмайтын. Қысқа жіп күрмеуге келмей, биліктің алға қойған көп мақсаты орындалмай жатқан. Шындығына келсек, бұл кезде көп ауылдар газ түгілі, күнделікті от жағып, түтін түтетуде қиыншылық көріп отырған-ды. Әкім осыларды айтып, уақыт жағынан сәл мұрсат беруін, көп кешікпей бәрі де болатынын айтып, уәде берді. Расында да, арада біршама уақыт өткенде мұнайлы өңірге бәрі де барды. Үйлер де жөнделді, жылу, су құбырлары да тартылды. Жаңа мектептер де салынып, денсаулық сақтау, мәдениет орындары да қалпына келді. Көшелерге  асфальт төселіп, қатынас  жолдары да жақсарды. Әрине, өмір болғасын шаруаның кем-кетігі болмай тұрмайды. Мұнайлы өңірдің де өз мұқтаждары, шешілмей жатқан мәселелері бар шығар. Тек мұнай саласына сүйеніп отырмай, ауылдарда тұрмыстық қызмет көрсететін  жұмыс орындарын ашу, оларға жұмыссыз жүрген жастарды, әйелдерді тарту ісін әкім алғашқылардың қатарында қолға алған еді. Ол осы жұмыстар барлық уақыт та жалғасуға тиіс деп есептеді.

Өмірлік дағды

Аттай он жыл Темір ауданында әкімдік қызмет атқарып, облыстық ішкі саясат басқармасына ауысқан кезде де Ахат Ахметұлы өзінің іскер, халықпен жұмыс істей білетін тәжірибелі басшы екенін көрсетті. Күрделі кезеңде қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтауға қызмет етті. Осы шамада облыста елдегі алғашқылардың қатарында қоғамдық-саяси кеңес құрылды. Оның құрамына саяси партиялардың облыстық филиалдарының өкілдері кірді. Сол арқылы облыстың саяси күштерінің пікірлері мен ұсыныстарын білуге, қандайда бір туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге қадам жасалды. Үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты жақсартуға айқын бағыт ұсталды.Жастар саясатын жүргізуде басқарма таңдаулы мемлекеттік орган  атанды.

Мемлекеттік қызметпен ұзақ жылдар біте қайнасып, табиғатына ажырамастай сіңген ел азаматына зейнеткерлікке шыққасын да зор сенім көрсетілді. «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Партия ісін жетік білетін, қай жұмысқа да белсене кірісетін, іске тиянақты, білікті де, терең білімді, мол тәжірибелі, жақсы саясаткер бұл қызметте де өзін ерекше қырынан көрсете білді.Билік партиясының беделін нығайтуға айтарлықтай үлес қосты.

Соңғы бірер  жылда Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасына сайланып, шаһар ақсақалдарына жетекшілік жасауда. Қашан көрсеңде жасынан спортты серік еткен, оның ішінде бокс өнерін біраз жерге жеткізіп шебері атанған Ахаң,  сол дағдысымен иықты сәл-пәл ырғап қойып, аттай желіп жүреді. Демек, жаңа қызметінде де ұйымдастыру шараларын былай қойғанда, салауатты өмір салтын ұстану үлгісімен-ақ көпшілікке ұнамды әсер қалдырары даусыз.

Бұған дейін де Ахаңмен әр кезеңде сұхбат құрғаным бар. Өзіндік тәлім-тәрбиесі, ұстанымы бар үлкен әулетте тәрбиеленіп, көпбалалы отбасынан шыққаны есімде. Ол — он баланың үлкені. Ал қазақта тұңғыш балаға үлкен жауапкерішілік жүктеледі. Өзінен кіші іні-қарындастарына қарасып,  қарайлайды. Біздің ойымызша, Ахаңның да облыс, астана асып мансап қумауында, ұзақ жылдар туған жерден ұзамауында осындай сыр жатыр.

Бірақ ол бұған еш өкінбейді. Бар бақытын, қызығын туған жерден, халқына қызмет етіп жүріп тапты. Жан-жары Маржан екеуі бес бала тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы да жоғары білім алды, қазір астанада қызмет істейді. Балаларынан немерелер сүйіп отыр. Ұлы Абай айтқандай, адамның өмірдегі бір қызығы осы. Бұл — отбасының қуанышы, бақыты.

Ұзақ жылдар бар қайрат-жігерін мемлекеттік қызметке жұмсап, халқы үшін жұмыс істеген азаматтың қалыптасқан өз дағдысы бар.Үйдегі  күйкі тірлікке айналмай, ертеңгілік ерте жиналып,  сергек адымдап,  жұмысқа кеңсесіне бара жатады.  Оның отбасы да бұған дағдыланып үйренген.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button