Басты жаңалықтар

Қыркүйек: қауырт істер кезеңі

Негізінде көп шаруалардың қорытындысы күзде түйінделеді. Орыс ағайындардың осы шамада «балапанды санайтыны» бар. Жаз бойғы атқарылған жұмыстардың нәтижесі шығарылатын кез де қыркүйектен басталады.

Сол мезгіл де, міне, өте шықты. Әне-міне дегенше қазанға қадам бастық.

Сонымен, өткен айда қолымыз неге жетті, қандай жұмыстар атқарылды. Қысқаша шолу жасап көрсек…   

«Анаға тағзым» — ізгілік жаршысы

Қыркүйектің маңызды жаңалықтарының бірі — ауқымды «Анаға тағзым» слетінің өткізілуі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған бұл жоба аясында көп іс тындырылды. Ең алдымен ауызға алып айтарымыз — облыс орталығында «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы ашылуы. Оған халыққа танымал тұлғалар қатысты. Олардың қатарында халық артисі, күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенова, Социалистік Еңбек Ері Вера Сидорова, жазушы, қоғам қайраткері, қаламгер Алтыншаш Жағанова, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Марфуға Айтқожина, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, Әбіш Кекілбаевтың зайыбы Клара Жұмабаева, академик, биология ғылымының докторы Ажар Жұбанова, медицина ғылымының докторы, академик Раиса Көзденбаева секілді бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеткен аналар бар.

Барлығы 1200-ден астам әйел-аналар қатысқан бұл алқалы жиын қоғамды ізгілендірудің, жүрегі нәзік, алақаны аялы, мейірімі мол жандардың мәртебесін көтерудің білікті бір қадамы болды.

Әзірбайжанмен әріптестік

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Əзірбайжан Республикасының төтенше жəне өкілетті елшісі Рашад Маммадовпен кездесіп, өзара ынтымақтастықты нығайту мәселесі сөз болды.

Биылғы жылдың өткен кезеңінде Қазақстан мен Əзірбайжан арасындағы тауар айналымы 142 миллион долларға жеткен.

Мәртебелі елші Ақтөбе облысы өздерін өңіраралық əріптестікті əрі қарай жалғастыру тұрғысынан қызықтыратынын айтты. Негізгі мақсатының өзі облыстың экспорттық əлеуеті туралы ақпарат алу екендігін де жасырмады.

Бүгінде облыс аумағында Әзірбайжан капиталы қатысатын 11 компания бар. Негізінде бұл — ет, жем, астық өнімдері, сонымен қатар, қала құрылысы мен өнеркəсіптік құрылысқа мамандандырылған шағын кəсіпкерлік субъектілері.

Ауыл шаруашылығы — басты назарда

Ақтөбеге келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелерін кеңінен қозғады.

Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері мен ақтөбелік ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері бас қосып, ашық пікір алысты.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев бұл жиынға министрлікке қарасты департаменттер басшыларын, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты өзге де министрліктер өкілдерін ерте келді.

Басқосуда Елбасының «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы заңнаманы әрі қарай жетілдіру қажет. Бұл сақтандыру, аграрлық қолхаттарды енгізу, кредиттік серіктестіктерді дамыту, сондай-ақ ветеринария саласында бақылау жүйесін жетілдіру мәселелеріне қатысты» деген сөзі алға тартылды.

Депутаттарға облыстағы егіншілік құрылымы таныстырылды. Салыстыру үшін айта кететін болсақ, 2015 жылы 501,4 мың гектар алқапқа тұқым себілсе, қазір бұл көрсеткіш 731,4 мың гектар құрайды.

2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары егісі көлемін 1 миллион гектарға жеткізу жоспарланған.

Ақтөбелік ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер халық қалаулыларына болашақта саланы дамыту мен сала еңбеккерлерін қолдау мақсатында қабылданған заңнамада еліміздің әр өңірінің ерекшеліктерін ескеруді,  басым бағыттарды айқындауда тұрақтылықтың қажеттігі төңірегінде өз ойларын айтты.

Күз жемісі

Биыл облыстағы егістік алқабы 758,4 мың га жерді құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 102 мың гектарға артық. Нақтылап айтар болсақ, дәнді дақылдар — 443,7 мың га, майлы дақылдар — 50 мың га, мал азығы — 253 мың га, картоп — 6,2 мың га, көкөніс  пен бақша дақылдары 5,5 мың га құрады.

Ауыл шаруашылығы саласында егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде жалпы көрсеткіш бойынша дәнді дақылдар үлесі бұрынғыдан азайып, ал жемшөп дайындау, майлы дақылдар көлемі көбейе түсті.

Егістіктің орташа өнімділігі гектарына 10,3 центнерден айналуда, Ақтөбе қаласы мен Темір, Ойыл, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар аудандарында егін жинау жұмыстары мерзімінде аяқталды.

Облыста жаңа өнім астығын қабылдау үшін сыйымдылығы 368 мың тонна болатын 6 лицензияланған элеватор жұмыс істеуде, сонымен қатар қуаттылығы 123,4 мың тонна болатын 184 астық қоймасы бар.

Облыста тұрақтандыру қорын құруға жергілікті бюджеттен 309 миллион теңге бөлінді. Қордың операторы «Базарларды басқару» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік кәсіпорын негізіндегі «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ.

Тұрақтандыру қорында 247 тонна қант, 100,5 тонна өсімдік майы, 27 тонна күріш, 111 тонна ұн сақталуда. Сонымен қатар, 2018-2019 жылғы маусымаралық кезеңде 1 880 тонна картоп пен көкөніс сатып алу үшін фьючерстік келісімшарттар жасалды.

Екі жаңа көпір — ел игілігіне

Ақтөбе қаласында жаңадан салынған екі жаңа көпір пайдалануға берілді.

«Керуен сити» ойын-сауық, сауда орталығы аумағында Сазды өзенінің үстінен сметалық құны 348 миллион теңге құрайтын көпір құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айында басталды. Қаланың жол қозғалысы жағдайын жақсарту үшін көпір құрылысы жедел түрде пайдалануға берілді. Көпірдің ұзындығы — 42 метр, ені — 22 метр. Бұл көпірдің барлық металл қондырғылары жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында Ақтөбе металл құрылымдары зауытында жасалды.

Ферроқорытпа зауытының аумағында Ақтөбеден шығуға арналған жаңа көпірдің жобалық құны 2,1 миллиард теңгені құрайды.

Қаладағы көлік қозғалысын азайту және тұрғындарға ыңғайлылығы үшін көпір мерзімінен бұрын іске қосылды.

Ферроқорытпа  зауыты аумағындағы Ақтөбе қаласынан шығар жаңа жол өткелінің ұзындығы 66,85 метрді құрайды. Бұл қаланы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізімен, сондай-ақ Ақтөбе-Мәртөк автожолында автокөлік құралдарына арналған теміржол жолдарының кедергісіз және қауіпсіз қиылысуын қамтамасыз етті. Бұрын осы аумақта үнемі автокөліктер кептелісі болатын.

Көпір құрылыстарын бұл істе тәжірибесі бар Төлеген Таңатаров басқаратын  «TransMoctGroup»  ЖШС жүзеге асырды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button