Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады

 

Ақтөбелік ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ҚР Парламенті Сенатының депутаттарына өздерінің осы саланы дамыту, сондай-ақ, кейбір өзекті мәселелер төңірегіндегі ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері мен ақтөбелік ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің кездесуі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өтті. Бұл жерде Сенат депутаттары алдымен облыстағы ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері, жалпы, осы саладағы жаңалықтар мен жетістіктер бойынша ұйымдастырылған көрмені аралап көрді.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, осы министрлікке қарасты департаменттер басшылары, басқа да бірқатар министрліктер өкілдері қатысты.

Сенат депутаты, аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде:

— Биылғы 1 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы заңнаманы әрі қарай жетілдіру қажет. Бұл сақтандыру, аграрлық қолхаттарды енгізу, кредиттік серіктестіктерді дамыту, сондай-ақ ветеринария саласында бақылау жүйесін жетілдіру мәселелеріне қатысты», — деген еді. Осыған байланысты біз сіздермен ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында кездесіп отырмыз, — деп атап өтті.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев — ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы, ал облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин осы сала бойынша облыстағы бүгінгі ахуал жөнінде баяндады.

Вице-министр Ерлан Нысанбаев:

— «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында Елбасы еңбек өнімділігін және өңделген өнім көлемін 2,5 есе ұлғайтуға тапсырма берді. Осыған орай 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында, әлемдік нарықта қалыптасатын жағдайларға болжам жасала отырып, сонымен бірге ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту бойынша өңірлерде жүргізілген тексерулер қорытындылары есепке алынып, осы саланы дамытуға бағытталған шаралар кешені қабылданды, — дей келіп, алдағы уақытқа жоспарланған шараларға нақты тоқталды.

Біздің облыста ауыл шаруашылығы дақылдары егісінің ауданы жылдан-жылға ұлғайып келеді. 2015 жылы 501,4 мың гектар алқапқа тұқым себілсе, қазір бұл көрсеткіш 731,4 мың гектарға жетті. Өткен жылы 512 мың тонна астық жиналған. 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары егісінің ауданын 1 миллион гектарға жеткізу жоспарланған. Облыста 193 ауыл шаруашылығы кооперативі бар.

Облыстағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасынан алдымен «Степное» ЖШС директоры Аманғос Төлеуов сөз алды. Ол егін шаруашылығы бойынша мемлекет тарапынан 2000-жылдардың басынан бері әр гектар үшін беріліп келе жатқан субсидияның тоқтатылуы шаруаларға қиын соғатынын жеткізді.

— Субсидия тек күрішке, қызылша мен мақтаға ғана қаралып отыр. Біздің өңірде өсірілетін бидай, арпа және мал азығындық дақылдар үшін субсидия төленбейді. Бұл жағдай диқандарға қиынға түсетіні неге ескерілмейді? Мысалы, жанар-жағар майдың бағасы соңғы үш жылда тоннасына 82 мың теңгеден 162 мың теңгеге дейін көтерілді, — деді Аманғос Төлеуов.

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов бұл салада қазір маман тапшылығы мәселесі өткір тұрғанын айтты:

— Біздің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер көрші елдерден шақыртылған мамандар көмегіне жүгініп отыр. Осы саладағы қарапайым еңбеккерлердің мәртебесін көтеру мәселесіне де айрықша көңіл бөлетін уақыт жетті. Егінші, бақташы, шопан және басқа кәсіптерді тиімді де тартымды етудің жолдары қарастырылуы керек, — деді ол.

Сондай-ақ, жиында «Құмқұдық», «Саха», «Париж коммунасы» шаруашылықтарының басшылары — Александр Чемоданов, Халиолла Сағындықов, Гайк Тертерян, т.б. өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Олардың пікірлері, негізінен, болашақта ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен осы сала өндірушілерін қолдау мақсатында қабылданған заңнамада еліміздің әр өңірінің ерекшеліктері ескерілуі; бұл салада басым бағыттарды айқындауда тұрақтылықтың қажеттігі төңірегінде болды.

Жиынға қатысушылардың көптеген сауалдарына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің лауазымды қызметкерлері жауап берді.

Жиын соңында Сенат депуттаттары Аңсар Мұсаханов пен Жеңіс Нұрғалиев сөз сөйлеп, кездесуге қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің назарға алынып, сараланып, іріктеліп, Үкіметке ұсыныс ретінде жолданатынын жеткізді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button