Жаңалықтар

Дастархан жайылып, құрмет көрсетілді

1 қазан — Халықаралық қарттар күні

Кеше Халықаралық қарттар күні мерекесі құрметіне облыс әкімшілігі ардагерлер ұйымында  тұратын қарияларға арнайы дастархан жайылып,  құрмет көрсетілді.

Дастархан басына жиналған ардагерлерді облыс әкімі  атынан облыс әкімінің аппарат басшысы Нұржауған Қалауов құттықтады. Ол өзінің құттықтау сөзінде ардагерлер қауымының облысымыздың күнделікті қоғамдық өмірінде, әсіресе, халық қауіпсіздігін сақтау мен жастар тәрбиесінде алатын орнын айрықша атап өтті. Бүгінгі мемлекеттік қызметшілер үшін  өмір көрген қарттардың тәжірибелері мен кеңестерінің  аса қымбат екенін айтты.

Ұзақ жыл партия-кеңес қызметінде болған Николай Дуля:

— Бір ақылды адам «Қарттық — марапат» депті.  Құлаққа қонатын сөз. Расында, қарттық ғұмырды көру — өмірдің марапаты, сыйы ғой. Демек, біз қариялар соны сақтай, қадірлей білуіміз керек . Мынадай тамаша заманда, өзімізді құрметтейтін ортада біздің сау-саламат өмір сүруімізге барлық жағдай бар.  Бұл жерде бүгінгі төл мерекелері қарсаңында құрмет көріп отырған қарттардың ішінде есімдері аңызға айналған талай жандар отыр. Жалпы, үлкенге құрмет — біздің халқымыз үшін қашаннан тән қасиет. Ал әлем бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы мұны өткен ғасырдың аяғында қолға алды. Кейін 1 қазан — Халықаралық  қарттар күні болып жарияланды. Биыл бұл күн 28-рет тойланады. Біздің елімізде де солай. Елбасымыздың  егде жастағыларға жасаған жақсылықтары өте көп. Ең бастысы, тыныштықта, бала-шағамыздың қызығын көріп, әдемі өмір сүріп жатырмыз, — деді.

Осы әңгімені одан әрі жалғастырған Валентина Мыслина:

— Біз жақсы зейнетақы аламыз. Және ол кешіктірілмей, қолымызға уақытында тиеді. Ынтымағы ұйыған елде тұрамыз. Айналамыздағы елдердің қалай болып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біз Елбасымызға, ардагерлерге әркез құрмет көрсетіп келе жатқан облыс басшылығына, ардагерлер кеңесіне ризалығымыз шексіз. Ардагерлер қауымы жастары  егде тартқанмен, қоғамға керек адамдар.  Ол және әр ардагердің өзіне байланысты. Мәселен, біздің ардагерлер ұйымының көпшілік мүшелері әлі де жермен жұмыс істейді. Саяжайда бау-бақша, көкөніс  өсірумен айналысады. Сөйтіп өзінің ырыздығын тауып жүр. Тіпті, арамызда қысқа көкөніс дайындап алуға мүмкіндігі жоқ қарияларға қамқорлық көрсетушілер де бар. Біз кешегі кеңестік заманда жұмыс істеп, өмір сүрдік. Ұлт, дін дегенді білген жоқпыз. Әрине,  қазіргі заманның жақсы жағы көп. Алайда шетін мәселелерге келгенде бүгінгі адамның жүрегі жараланғыш екенін естен шығаруға  әсте болмайды. Ол — әйнек сияқты. Абай болмаса, оп-оңай сындырып алуға болады. Осыны естен шығармаған абзал, — деді

Сондай-ақ осы жерде құтықтау сөз сөйлеген Мәрзия Құлмағанбетованың ойлары да көпшіліктің көңілінен шықты.

Кездесу үстінде қаланың белгілі-белгілі өнерпаздары ардагерлер алдында өз өнерлерін көрсетіп, ән мен күйге сусындатты. Арасында ардагерлер де баяғы жастық шағын еске түсіргендей, бір-бірін биге шақырып, жұптаса биледі.

Осы кездесу алдында ардагерлер ұйымы мүшелерінің қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылған еді. Дастархан соңында осы көрменің қорытындысы шығарылып, облыс әкімшілігі ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ботағарин жеңімпаздарға салтанатты жағдайда арнайы сыйлықтар тапсырды.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button