Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Халыққа қызмет ету оңай емес. оның үлкен жауапкершілігі бар

Дәріс

Адами капиталды дамыту бойынша тәжірибемен бөлісу  мақсатында  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалы тыңдаушыларына  дәріс  өткізді. Ақтөбе қаласының Өнер орталығында өткен шараға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының  вице-ректоры Альтаир Ахметов, сондай-ақ облыс аудандарынан келген жас мемлекеттік қызметшілер де қатысты.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАР ЖӘНЕ НАҚТЫ МАҚСАТ

Кездесуде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Саида Сәдуақасова еліміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына тоқталып, ондағы адами капиталды дамытудың негізгі шарттары ретінде қызметкерлерді жоғары сапалы және талап етілетін дағдылар мен құзыреттілікке оқыту екенін атап өтті. «Бұл үшін  жаңа экономиканың кадрларға сұранысы мен  кадрларды даярлау жүйесімен үндестіру, сондай-ақ қазірдің өзінде жұмыс істейтін жұмыскерлерді қайта оқыту мен біліктілігін арттыруға қол жеткізуін қамтамасыз ету қажет», — деп атап көрсетілген стратегияда», —  деді ол.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының миссиясы —тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тиімді басқару шешімдерін қабылдай алатын, кәсіби және жеке құзыреттіліктері дамыған, жаһандық ойлауға қабілетті мемлекеттік қызметшілерді дайындау. Осыған сәйкес, филиалдың басты мақсаты — мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша білім бағдарламаларын жүзеге асыру, мемлекеттік басқаруға жобалық менеджмент негіздерін енгізу және дамыту, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының    «Өзгерісті өзіңнен баста!» кіші бағдарламасын жүзеге асыру  аясында мемлекеттік қызметшілер еңбегінің өнімділігін арттыру  үшін олардың жұмысын жаңғырту,  өзгерістер,  цифрлық технологияларды енгізу,  сондай-ақ үздік тәжірибелерден алынған жаңа қағидаттар мен әдістерді енгізу жолдарымен  таныстыру, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттіліктерін және икемді машықтарын (soft skills) дамыту.

ЖАҢАШЫЛДЫҚТАРДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

Мемлекеттік қызметшілерге артылатын сенім жүгі өте зор. С.Сәдуақасова өз сөзінде Бердібек Машбекұлы мемлекеттік басқару саласының көш басында жүрген белгілі тұлға екенін және бұл  кездесу облыс әкімінің  басқару  саласындағы тәжірибесін жас мамандармен бөлісу мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.

Кездесу филиал  жұмысы туралы фильм көрсетілімін тамашалаумен басталды. Шара барысында  «Адами капиталды дамыту — жаңғыру негізі» тақырыбында облыс әкімі Бердібек Машбекұлының дәрісі  тыңдалды. Өз сөзінде Б.Сапарбаев әрбір мемлекеттің болашағы, дамуы оның білікті, білімді, парасатты, отансүйгіш азаматтарына тікелей байланысты екенін айтып:

Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметтегілерге үлкен көңіл бөліп келеді. «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасында да Қазақстанда кәсіби мемлекеттік аппарат құру жөнінде тапсырма берді. Енді біз сол тапсырманы орындау жолында жұмыс жасауымыз керек. Әрине, білікті басшы бір күнде пайда болмайды. Оған, біріншіден, тәжірибе керек, екіншіден, талаптану керек, оқу керек, іздену қажет. Ең негізгісі, шаршамай, тынбай жұмыс жасау керек. Ол үшін әрбір жас адам алдына мақсат қоюы қажет. Сонда ғана ол нәтижелі жетістіктерге жетеді, — деді.

Бердібек Машбекұлы жастардың бір іспен ғана шектелмей, әр уақытта қимылда болуы керектігін айтты. «Қазір ақпараттық технология жетілген заманда әрбір адам интернетті пайдаланады. Сондықтан өзге елдегі жаңалықтарды өз елімізде іске асыруға бола ма, әлде жоқ па, болмаса өз құрбыларыңның жетістігін бағалап, сондай болуға ұмтылуларыңыз қажет. Президенттің алғашқы күннен-ақ ұстанып келе жатқан негізгі саясаты — жастарымыздың қазіргі заманның талабына сай білім алуын қамтамасыз ету», — деген облыс әкімі әлемде бірінші болып Қазақстанда жастарға шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасының  қабылданғанын, оның тиімділігін түсіндірді. Әрине, бұл бағдарлама қабылданған алғашқы кезеңдерде елімізде жалақы, зейнетақы алу жүйесінде мәселелердің  туындағанына қарамастан, Елбасының ел болашағы — жастар үшін осындай шешім қабылдағанын Бердібек Машбекұлы Президенттің батыл бастамаларының бірі ретінде айтып өтті. Бұл орайда облыс әкімі тыңдаушыларға өзінің экономикалық мәселелер бойынша орынбасары, 29 жасар  Олжас Смағұловтың шетелдерде алған білімімен қатар, еңбектегі ізденімпаздығын  үлгі етті. «Қазір кейбір жастарымыз масылдыққа, жалқаулыққа бойларын үйретіп алған», — деп әңгімесін одан әрі жалғастырған облыс әкімі нағыз еңбекпен келетін қай істе де үлкен нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтты.

Кездесу барысында Бердібек Машбекұлы елімізде жастардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайдың жасалып жатқанын, оның үстіне мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін ерекше атады. Ол жастарға салауатты өмір салтын ұстану, үш тілді білу, цифрлық технологияларды, инновацияны меңгеру, модернизацияға бет бұру, еңбек өнімділігін көбейту сынды өзге де жаңашылдықтарды тиімді пайдалану — заман талабы екенін түсіндірді.

«Мемлекеттік қызметкер» деген сөз бар. Мемлекеттік қызметкер — мемлекетке қызмет ету. Мемлекет кімнен тұрады? Мемлекет халықтан тұрады. Яғни халыққа қызмет ету деген сөз. Халыққа қызмет ету оңай емес. Оның үлкен жауапкершілігі бар. Кейінгі кезде бізді көп ойландыратын нәрсе — жауапкершіліктің төмендеп бара жатқаны. Мемлекеттік қызметкерде жауапкершілік болу керек, — деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі өз сөзінде мемлекеттік қызметшілер үшін елімізде жалақының жаңа тәсілі енгізіліп жатқанын айта келе, биыл облыс әкімінің аппаратынан бастап облыстық басқармалар, одан кейін аудан, қала, ауыл әкімдіктерінде мемлекеттік қызметшілер үшін жалақы ең кем дегенде 1,5-2 есеге өсетінін атап өтті. Сол сияқты ол мемлекеттік қызметшілер үшін баспана мәселесі де қолжетімді екенін, ол үшін елімізде «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы тиімді іске асырылып жатқанын айтты. Тек тынымсыз еңбек ету керек.

КӨП БАСШЫҒА ЖЕТПЕЙТІН НӘРСЕ — ХАЛЫҚТЫ ТЫҢДАМАЙДЫ

Мемлекеттік қызметкерлер үшін басты нәрсе — халықтың тілін табу. Кездесу кезінде Бердібек Машбекұлы: «Көп басшыға жетпейтін  нәрсе — ол халықты тыңдамайды, халықпен кездеспейді, кабинетінен шықпайды, телефонмен жұмыс жасайды. Ол дұрыс емес. Сен басшы болғаннан кейін, қай жерде қандай шешілмей жатқан мәселелер бар екенін өзің көзіңмен көріп, құлағыңмен естуің керек. Сөйтіп, сол мәселелердің шешілуіне жұмыс жасауың керек. Әрине, барлық мәселені бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Ең бастысы — біздің халық айтқанды түсінеді. Мәселенің шешілу жолын түсіндіріп айтсаң, халық барлығын түсінеді. Әрбір басшыны құртатын нәрсе — осы», — деді облыс әкімі.

— Ақтөбе — Қазақстандағы ең бір мықты, болашағы үлкен облыстардың бірі.  Кеңес заманында Ақтөбе батыс Қазақстан өңірінің орталығы болғаны бекерден-бекер емес. Оның үстіне, Мемлекет басшысы Ақтөбені еліміздегі төртінші қала ретінде атауы, Қазақстанның төртінші агломерациясының Ақтөбеде жүзеге асырылуының өзі бекерден-бекер емес.  Себеп — біріншіден, Ақтөбенің еңбекқор, жақсы халқы бар, екіншіден, байлығы бар. Үшінші — географиялық орналасқан жері, логистикасы жақсы. Енді біздің міндетіміз — осыларды тиімді пайдалануымыз керек. Ақтөбеде тек қана өнеркәсіп дамымауы керек. Ақтөбеде ауыл шаруашылығы да дамуы керек. Әсіресе, оның ішінде мал шаруашылығына ерекше басымдық берілуі керек. Ел аймақтары ішінде мал шаруашылығын дамытуға ең қолайлы жер — осы Ақтөбе. Мен мұны өз тәжірибемнен білемін, — деген облыс әкімі халықтың әл-ауқатын, тұрмысын дәйекті түрде жақсарту бағытында мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, жауапкершілікті сезінуі тиіс екенін айтты.

Сондай-ақ, облыс әкімі дәріс тыңдаушылардың назарын тәрбие тақырыбына да бұрды.

«МЕН ҮШІН ЕҢ МЫҚТЫ ТҰЛҒА — НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ»

Кездесу кезінде жас мамандар облыс әкіміне көкейде жүрген сауалдарын қойды. Соның бірі — Әйтеке би ауданы Комсомол ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Айбек Ембергенов Бердібек Машбекұлын еліміздегі мықты саясаткерлердің бірі ретінде мойындайтынын айтып, облыс әкіміне өзін үш сөзбен ғана сипаттап беруін және кімнің дара жолын өзіне үлгі тұтатынын сұрады. Бұл сауалға облыс әкімі былайша жауап берді:

Біріншіден, мен мықты саясаткер емеспін. Солардың біреуі шығармын. Екіншіден, ұстаным жөнінде бұған дейін де айттым. Николай Островский: «Адам өміріндегі ең қымбат нәрсе — бұл өмір. Ол адамға бір-ақ рет беріледі, сондықтан да оны мақсатсыз өткізген жылдарың үшін азапты әрі ұят болмайтындай етіп өткізу қажет».  Қалай айтылған?! Сондықтан әрбір уақытты тиімді пайдалану керек. Мен үшін ең мықты тұлға — Нұрсұлтан Назарбаев. Өйткені мен отыз жылдай сол кісінің тәрбиесін көріп, қасында келе жатырмын.  Шынын айту керек, өзімнің басшым болғаннан кейін мақтап отырған жоқпын. Талай басшыларды көріп жүрміз ғой. Нұрсұлтан Әбішұлындай басшылар көп емес. Әсіресе, дүниежүзілік саясаткер есебінде. Алысқа бармай-ақ қояйық, Сирияны алайық. Сирияның бізге қандай қатысы бар? Неге Сирия туралы мәселе біздің Қазақстанда қаралады, болмаса кешегі Семейдегі ядролық полигонның жабылуын мысалға алайық. Ядролық держава — ол мықты. Басқа мемлекеттің бәрі ол мемлекетпен санасады. Иранмен неге санасады? Қазақстан да сондай болуға болар еді, бірақ болашақты, еліміздің абырой-беделін ойлап,  ядролық полигон жабылды. Соның нәтижесінде Қазақстанның абыройы асқақтап жатқанын білесіздер. Біз — көпұлтты мемлекетпіз. Біздің ұлттың елу пайыздан асқаны кеше ғана. Оған дейін біз елу пайыз болған жоқпыз, бірақ мемлекет болдық. Басқа ұлттардың барлығының басын біріктіріп, бұлай  ұстап тұру оңай нәрсе емес. Сондықтан қазіргі заманда Нұрсұлтан Назарбаев сияқты тұлғалар көп емес, — деді.

Шарада ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе филиалында жүзеге асырылып жатқан  ауыл активінің көзқарастарын  өзгертуге  бағытталған «Болашақ өмірді жақсартуды өзімізді өзгертуден бастайық!» және мемлекеттік қызметшілердің санасын жаңғырту бойынша басты үйлестірушілерді дайындауды көздейтін  «Өзгерістер елшілері»  жобаларының қатысушылары сөз алды. Кездесу  мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері бойынша  пікірталас алаңымен  қорытындыланды.

Кездесу соңында А.Ахметов жас мемлекеттік қызметшілерге тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор әңгімесі үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button