Басты жаңалықтар

Достық үйі жабылмайды

Ашық әңгіме

Бүгінде Мәртөкте пәтер тонау оқиғалары «сериялық қылмыс» ретінде тіркелген. Ауданда қылмысты болдырмау, оның алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанмен, құқық қорғау органдарының өкілдері ұрлықтың бетін ашуға келгенде қауқарсыз. Мәртөк халқы үшін мал ұрлығы да үлкен мәселеге айналған. Ол аздай, ірі шаруашылықтағы малшылардың өзі малды ұрлап сатып, бұл мәселені ушықтырып отыр.    

Мәртөк ауданының әкімі Жандос Байырхановпен редакциямызда тікелей байланыс арқылы өткен сұхбат барысында жергілікті тұрғындардың көпшілігі осындай әлеуметтік мәселелерді алға тартты.

Іскендір Исмаилов, Мәртөк селосының 67 жастағы тұрғыны:

— Соңғы жылдары ауылымызды көркейту бағытында көптеген жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Көше жолдары асфальтталуда. Алайда бізді толғандыратын бір мәселе — көше жолдары бойына нөсер, еріген қар суы ағатын өткізгіштер орнатылса дейміз. Көше бойынан су ағатын құбырды көрмейміз. Себебі, көктемгі, күзгі мезгілдерде жаяу жүргіншілер үшін көшеде жүру қиындық туғызады. Көшеге су өткізгіш құбырлар қашан орнатылады?

— Су өткізгіштер дұрыс жұмыс жасауы үшін ең әуелі ағынды суды тазарту қондырғысы керек. Бұл қондырғы ағын су бір жерге жиналғаннан кейін іске асырылады. Мәртөкте ағын су мәселесіне қатысты айтарлықтай проблема жоқ. Өкінішке қарай, біз ағын суды тазарту қондырғысын орнатуға әзірше  мүмкіндігіміз болмаса да, әлі де болса асфальттайтын көшелер, оның үстіне кәріз жүйесіне қатысты проблемаларды оңтайлы шешуіміз керек. Бүгінгі күні Мәртөк селосындағы әлеуметтік ғимараттар ғана кәріз жүйесіне қосылған. Яғни, көп қабатты үйлерге орталықтандырылған су жүйесі жеткізілгенімен, әзірге бұл үйлерде кәріз құбыры мәселесі әлі шешімін таппай тұр. Сондықтан біз кәріз жүйесін орнату, ағын суды тазарту қондырғысы секілді үлкен мәселелерді шешіп алмай,  көшеге ағын су құбырларын орнату ісі кейінге қалдырылады. Әрине, көктем кезінде көлік қозғалысына қиындық тудыратын жағдайлар кездеседі. Оның үстіне, аула маңын су басып жататын жайттар да болады. Мұндай проблемаларды жергілікті әдіспен, яғни бұл мақсатқа бюджеттен қаражат қарастырдық. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметінің араласуымен біз мұндай проблемаларды дереу шешуге тырысамыз. Осындай учаскелер Сарыжар ауылында да бар. Өткен жылы аталған ауылда еріген қар суы бүтін бір ауланы алып кетті. Сол сияқты, көктемгі қар суының салдарынан Қазан ауылымен арада байланыс болмай жатады. Иә, ауыл ішінде де үлкен су жиналатын аумақтар бар. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер орын алмас үшін осындай аумақтарға топырақ үйіп, жер тегістеу ісін қолға алып жатырмыз. Бұл, ең бастысы, сол аймаққа жиналатын суды болдырмау әрі жеке үйлердің ауласына су өткізбеу бағытында атқарылып жатқан шаралар.  Осындай мәселелерді біз кезек-кезегімен шешетін боламыз. Өкінішке қарай, әзірге ағын су өткізетін жүйе орнату ісін толықтай шешеміз деп айта алмаймын.

 Ауданның бір топ тұрғыны:

— Аққұдық, Байнассай, Байторысай ауылдары мен аудан орталығы аралығындағы жолдар қашан жөнделеді?

— Биыл Мәртөк-Байторысай ауылдары аралығындағы жол жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жобаны іске асыру жұмыстары екі жылға жоспарланған. Биыл бұл бағытқа қарастырылған қаражаттың тең жартысы республикалық бюджеттен бөлінді. Ал қаржының қалған бөлігі келер жылы бөлінетін болады. Яғни, осы жылы біз автомобиль жолының бірқатар жүргін жолын жөндейміз. Екі аралықтағы жолдың бойымен су өткізу секілді өзге де бөліктерін салу ісі келер жылға қалып отыр. Ал Байнассай ауылына барар жол туралы айтсам, бұл аралықтағы жолға жөндеу ісі облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының еншісінде. Бұл ауданаралық жол саналады. Яғни, бұл жол Мәртөкті Қобда ауданымен жалғап жатыр.  Бүгінгі күні бұл бағыттағы жолға біз ағымдағы жөндеу жұмыстарын ғана жүргіздік. Жолдың жағдайы — орташа. Бізге екі жолды — орталықтан Құрмансай және Вознесеновка ауылдарына барар аралықтағы жолды жөндеу жұмыстары қалып тұр. Өкінішке қарай, биыл бұл аралықтағы жолдарды жөндеу жұмыстары іске асырылмай қалды. Вознесеновкаға дейінгі аралықтағы жол жөндеу жұмыстары үшін қазір жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Ал Құрмансай ауылына дейінгі аралықтағы жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжат әзірлеуге тапсырыс береміз. Яғни, бұл жұмысқа қаржыны облыстық бюджеттен қарастыруға тапсырыс жасаймыз.

Айна, Мәртөк селосының тұрғыны:

— Аудандық орталық аурухананы кадрмен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешімін таппай тұр. Бұл мәселені оңтайлы шешуде жергілікті әкімдік тарапынан қандай жұмыстар қолға алынған?

— Елімізде «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып жатқаны өздеріңізге жақсы мәлім. Осы бағдарлама арқылы биыл денсаулық сақтау саласына екі маманды жұмысқа қабылдадық. Сондай-ақ біз аудандық бас дәрігермен бірлесіп барлық поселкеге дерлік біріктіру жүргіздік. Әзірге бір ғана, яғни Тәңірберген селолық округінде бас дәрігер жоқ.  Ал қалған селолық округтерде бас дәрігер мәселесі шешілді. Бұрын Жайсаң ауылында бас дәрігер болған жоқ. Бұл қызметке жас маманды жолдадық. Бұл мәселе мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Иә, бұл салада кадр тапшылығы мәселесі бар. Бүгінгі күні әлі де 5 маман қажет. Бүгінгі күні ауыл тұрғындары тарапынан медициналық қызмет көрсету мәселесіне қатысты арыз-шағымдар жоқ деп айта алмаймын. Селолық округтегі денсаулық сақтау саласының мамандары науқасты аурудың барлық түрі бойынша қабылдамайды, осы жайында бізге көптеп шағым түседі.  Сондықтан біз бұл мәселені оңтайлы шешудің де жолын қарастырдық. Яғни, орталық  аурухананың маман дәрігерлері арнайы бекітілген кестеге сай ауылдарда болып, жергілікті халыққа қызмет көрсетеді. Әзірге кадр жетіспеушілігі мәселесін осындай жолмен шешетін боламыз. Аудан орталығы мен Родниковка ауылы арасына жаз айларында тікелей қатынас орнатқанмен, қыс, көктем айларында бұл елді мекенге Ақтөбе қаласы арқылы ғана барудың мүмкіндігі бар. Хазірт ауылында да осындай мәселе бар. Бүгінгі күні облыстық денсаулық сақтау басқармасына аталған екі ауылдың халқына медициналық қызмет көрсету үшін дәрігерлік амбулаторияны өзге ауруханаларға бекіту жайында ұсыныс жасалды. Мәселен, Хазірет ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны Қарғалы қалалық ауруханасына бекітсе дейміз. Себебі, Хазірет ауылы тұрғындары аудан орталығына дейін 140 шақырым жол жүруге тиіс. Ал Қарғалы қалалық ауруханасына қаралса, онда тұрғындарға қатынас мәселесінде ешқандай проблема туындамас еді. Осылайша біз өзіміздегі мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз. Ал кадр тапшылығы мәселесі айтарлықтай жоқ. Биыл ауданға «ФЛЮАРКОМ» рентген флюрографиялық станционарлық сандық аппараты қондырылып, іске қосылды.

 Сейітқұл, Мәртөк ауданының тұрғыны:

— Аудан орталығына ауыларалық автобус қажет? Такси бағасы 300 теңгеге көтеріліп кетті. Қалаға бару үшін такси қызметіндегілер кешкі уақытта адам басына 1000 теңгеден алады.  Осы мәселені бақылауға болмай ма?

— Аудан орталығынан Ақтөбе қаласына қатынас орнату ісі  Қазақстан Республикасы «Автомобиль туралы» Заңға сәйкес облыстық жолаушылар көлігі жзәне автомобиль жолдары басқармасының құзіретіне кіреді. Солардың ұйымдастыруымен қазіргі уақытта Мәртөк-Ақтөбе, Қаратоғай-Ақтөбе  бағыттарында автобустар ұйымдастырылған. Бүгінгі күні Мәртөк-Ақтөбе бағытындағы қоғамдық көлік сағат сайын жүріп жатыр. Бұл бағыттағы автобустың қозғалыс уақыты таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін ұйымдастырылған. Екі аралыққа қатынайтын шағын автобустың бағасы — адам басына 300 теңге. Сол сияқты, ауданда жолаушылар тасымалымен айналысатын қосымша такси қызметін көрсететін азаматтар бар. Олар заңды түрде патент төлеп, жұмыс жасап жатыр. Такси бағасы 300-500 теңге аралығын қамтиды. Сондықтан такси қызметін бақылауға жергілікті әкімдік тарапынан заңды негізіміз жоқ.  Біз такси бағасын реттеп қоя алмаймыз. Ауыл арасына қатынас үшін автобус ұйымдастырған болатынбыз. Өкінішке қарай, халықтың такси қызметін көбірек пайдалануына байланысты, тұрақты жүретін қоғамдық көлікті ұйымдастыру тиімсіз. Өйткені, екі аралыққа 17-18 орындық шағын автобус қатынайтын болғанымен тиімділігі жоқ, халық таксиге отырып, қоғамдық көлік бос қайтып жүрді. Әр қатынаған сайын 1-2 жолаушыны ғана мінеді. Сондықтан, жолаушылар аз болғандықтан, автобус қызметіндегілер жұмыс жасаудан бас тартып жатады. Бұған дейін аудан орталығынан Қаратоғай, Қызылжар ауылдарына ұйымдастырылған болатын. Қазіргі уақытта бізге қоғамдық көлікті ұйымдастырып беру турасында арыз көп түспейді. Себебі, әр ауылда күнделікті қатынайтын таксилер жұмыс жасап жатыр.  Егер халыққа қоғамдық көлік қажет болса, конкурстық негізде жеке кәсіпкерлердің қызмет көрсету түрі бойынша бұл жұмысты ұйымдастыруға болады.

Роза Кекілбаева, зейнеткер:

— Балаларға кәсіби түрде қосымша білім беретін Қ.Медетов атындағы өнер мектебінде бүгінде 400 бала тәрбиеленіп жатыр. Ғимарат тарлық етеді. Себебі, мекеме іші кіреберіс есікке дейін бөлініп, кабинет жасақталған. Тар жерде музыкалық аспаптардың дыбыстары бір-біріне кедергі келтіреді.  Жаңа құрылыстың болады дегеніне 10 жылдан астам уақыт өтті. Алдағы уақытта бұл мәселе қалай шешіледі?

— Өнер мектебіне жаңа ғимарат салуға әзір мүмкіндік жоқ. Жақында ғана аудан орталығында жаңа мектеп халық игілігіне берілді. Мектептің ескі ғимараты босады. Бүгінгі күні сол ғимаратқа аудандағы екі қосымша білім беру орталықтары бір-бірінің жұмысын қайталап отырғандықтан, екеуін біріктіріп, сол ғимаратқа көшірдік. Бұған дейін аталған орталықтардың жеке ғимараттары болған. Қазір сол екі ғимарат та босатылды. Сонымен қоса ауданымызда бірқатар мәдениет ұжымы бар. Соның бірі — Мәдениет үйі ұжымы болса, екіншісі — ассамблея аясында жұмыс жасап жатқан «Достық үйі» ұжымы. «Достық үйінде» ауданға қатысты іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады. Қазіргі күні сол «Достық үйі» ғимаратын мүмкіндігінше өнер мектебіне пайдалануға беретін болып келістік.

Ольга, Мәртөк ауылының тұрғыны:

— Аудандар арасында көпұлтты Мәртөк ауданындағы «Достық үйі» жабылмақ деген сыбыс бар. Бұл рас па?

Жандос Байырханов:

—Жаңа ғана бұл сұрақтың жауабын айттым. Өнер мектебіне жаңа ғимарат салып беруге мүмкіндік жоқ. Егер жаңа құрылыс жүргізсек, босап жатқан ғимараттар қаңырап, бос қалады. Сондықтан осындай ғимараттарды мейлінше пайдалануымыз керек. Аудандағы музыка мектебінің негізгі ғимаратына биыл күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл ғимаратта бірсыпыра үйірме қалуы мүмкін, ал би және басқа да үйірмелер кеңірек ғимараттарға көшіріліп, жұмыс жасайтын болады. «Достық үй» ауданда әлі де болса бар. Атауы «Достық үйі» болғандықтан, көпұлтты ауданда мұндай ғимаратта іс-шаралар үнемі өткізіліп тұруы керек. «Егер іс-шаралар өткізбесеңдер, балалар үшін ғимаратты босатып беріңдер» деген талап қойғанмын. Ассамблеяны немесе «Достық үйі» деген мекемені толығымен жауып тастау ойымызда жоқ. Іс-шаралар өткізуге лайықты ғимараттарымыз бар, оған мүмкіндігіміз жетеді. «Достық үй» ғимаратына 300-400 адам отыратындай кең залдың қажеті жоқ, ол жер әр ұлттың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өнерін насихаттайтын орын болуы керек. Бүгінгі күні ауданда 28 ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Сондықтан бұл ғимаратты ыңғайлы етіп, мәселелерін түгел шешіп береміз. Ассамблея жабылмайды, «Достық» үйі ұжымы жұмыс жасайды. Ал ғимаратты өнер мектебі мен «Достық үйі» ұжымы бөлісіп жұмыс жасайтындай етіп ыңғайлауға жағдай жасаймыз. Ең бастысы — біз оқып жатқан, өнерге қызығушылығы бар балаларға жағдай жасап, мүмкіндік беруіміз керек. «Достық үйінде» кең зал, жақсы сахна бар. Балалар өздерін сахнада еркін ұстап, сахна мәдениетін, сахналық сөйлеу мәдениетін ұғынып, қалыптастыратын болады. Бұл тұрғыда өнер мектебі атына сәйкес келмей жүр.

Ауданның бір топ тұрғыны:

— Байторысай, Қаратаусай ауылдарына көгілдір отын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттардың әзірленгенін, ол үшін бюджеттен қаражаттың бөлінгені турасында жергілікті әкімдіктегілерден естіп, біліп отырмыз. Алайда ауылымызға газ қашан тартылады?

— Бүгінгі күні бұл жоба бойынша облыстық энергетика басқармасы шұғылданып жатыр. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Екі ауылға газ «биыл немесе келер жылы тартылады» деп мен нақты айта алмаймын. Бұл  облыстық немесе республикалық бюджеттер есебінен шешілуі мүмкін нәрсе. Яғни, аудандық бюджет мұндай қаржыны көтере алмайды.

Ақырыс, ауыл тұрғыны:

— Қазір аудан бойынша барлық мектептерде қысқарту жүріп, әр мектептен орташа есеппен 6-7 адам жұмыссыз қалып отыр. Оған қоса, шағын елді мекендердегі бастауыш мектептер жабылды. Сол үшін  ауылдағы ағайын балаларын оқыту үшін орталыққа көшуге мәжбүр. Соның салдарынан аудан орталығында пәтер жалдаушылардың саны көбейді. Кейбір тұрғындар жалдамалы пәтер таппай, сенделіп жүр.

— Ауданда 7 бастауыш мектеп болған. Бастауыш мектептерде бала санын және білім беру сапасын зерделей келе, жеті мектептің алтауы өз жұмысын тоқтатты. Олардың қатарында Құрмансай, Ақмоласай, Достық сынды кішкентай ауылдардың мектебін жабуға тура келді. Себебі әр мектепте 4-5 баладан қалған. Былай айтқанда, әр сыныпта 1-2 баладан ғана отырады. Одан кейінгі мәселе — мектепте білім беретін кадрдың тиісті деңгейде болмауы. Мысалы, тарих пәнінің мұғалімі бастауыш сынып оқушыларына бейімделу курсынан өтіп, сабақ берді. Оның үстіне, Елбасы тапсырмасы бойынша цифрландыру ісін жүзеге асыру міндеті жүктелген. Қалаберді бастауыш сыныптан бастап ағылшын тілі бойынша сабақ жүргізу ісі де — білім саласын жетілдірудің негізгі өзегі саналады. Бұл мәселелердің бәрін шағын ауылдарда түбегейлі шешу мүмкін емес. Әрине, мұндай ауылдардың бәрі бірдей аудан болмаса ауылдық округ орталықтарынан өте алыста орналаспаған. Айталық, Ақмоласай ауылы Құрмансайдан 7 шақырым жерде орналасқан. Сол сияқты, Құмсай ауылы мен аудан орталығының ара қашықтығы — он шақырым. Әрине, ауылдардағы ата-аналарға бұл жағдай түсіндірілді. Біз мектептердің санын азайтып, болмаса мұғалімдерді қысқартуды діттемейміз, басты мәселе — білім сапасын көтеру. Мәселен, былтырғы жылы мұндай мектептерде бастауышты тәмамдап, 5-сыныпқа ауысып келген оқушылардың 80 пайызы өз білімдерін дәлелдей алған жоқ. Әрине, олардың оқу бағдарламасынан қалып қоюы секілді қиыншылықтар бар. Сондықтан, осындай жағдайларды әрбір ауыл тұрғынына түсіндіріп жеткізуге тырыстық. Алайда кейбіреулері мұны дұрыс түсініп жатқан жоқ. Ең бастысы — біз болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына кедергі келтірмеуіміз керек. Бастауыш мектебі жабылған ауылдардағы ата-аналарға балаларын тасымалдап оқыту немесе интернатта жатқызып оқытуға таңдау бердік. Мәселен, Ақмоласай ауылында жабылған мектептің балалары Құрмансайдың мектебінде оқуына болады. Ол ауылда интернат та бар, тасымал мәселесі де ұйымдастырылған. Сонымен қоса, Мәртөк аулының өзінде екі интернат жұмыс жасайды. Интернаттарда тамақ мәселесі толықтай шешілген, сондай-ақ, әр сенбі, жексенбі күндері балаларды үйлеріне таратамыз. Егер ата-аналар «тасымалды ұйымдастырып беріңдер, балаларымыз күн сайын мектепке үйден қатынасын» десе, онда бір-біріне жақын орналасқан ауылдардың арасына жеке кәсіпкерлермен келісімшарт жасасып, тасымал мәселесін шешіп береміз. Қазіргі күні бұл іс жүзеге асырылып жатыр.

Серғазы, ауыл тұрғыны: 

— Хазірет ауылына жаңа дәрігерлік амбулатория ғимараты қашан салынады?

— Қазіргі уақытта Хазірет ауылында клуб ғимаратының ішінде ауылдық әкімдік, мәдениет үйі және дәрігерлік амбулатория ұжымдары жұмыс жасап жатыр. Ауылдағы бір ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, медициналық пункт ретінде пайдалану үшін сол ауылда жұмысын жүргізіп жатқан «Көк Вест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығымен келіссөз жүргізіп, оларға өтініш жасадық. Өкінішке қарай, бұл істің қайтарылымын аудандық бюджет көтермейтін болғандықтан, облыстық бюджет арқылы ғана шешуіміз тура келеді. Бұл ұсынысты облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолдадық. Қазіргі күні басқарма қарауына енгізілді.

Сәкен, зейнеткер:

— Соңғы кезде ауданда мал ұрлығы, пәтер ұрлығы өршіп тұр. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұрлықтың бетін ашпайды. Неге? Бұл салада тәртіп, жұмыс жүйесі бар ма?  

— Бұл — мені де толғандыратын мәселе. Мен өз тарапымнан талап етіп жүрмін. Аудандық ішкі істер бөлімі басшылығына қылмыстың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізу жайында үнемі айтамын. Аудандық ішкі істер бөлімі басшылығы алдына да бұл мәселе қойылды. Оның үстіне, аудан әкімшілігі қарауында да қаралды. Біз өз қолымыздан келетін нәрсені  түгел шешіп беруге тырысып жатырмыз. Айтатын болсақ, облыс әкімінің қолдауымен аудандағы барлық учаскелік инспекторға автокөлік табыс етілді. Өзім осы қызметке келген кезде, аудандағы 6 селолық округте учаскелік инспектор болған жоқ. Бүгінгі күні қылмысты болдырмау, қылмыстың бетін дереу ашу мақсатында көшелерге бейнебақылау қондырғылары орнатылып жатыр. Қазір ауданның кейбір ауылдарындағы өрістерде мал бақташысыз жайылып жүр. Бұл істі ауыл тұрғындарының өздері ұйымдастыруы керек. Бақташы болса да, кейбір тұрғындар өріске малды қоспайды.  Мал ұрлығының көбейінің тағы бір себебі — үлкен шаруа қожалықтарында малшылардың малды сатып жіберу деректері тіркелді. Осы жағдайлар үлкен мәселе тудырғандықтан, аудандық ішкі істер бөлімі басшылығы алдына қойылды. Егер бұл бағытта нақты іс-шаралар қабылданбайтын болса, алдағы уақытта біз облыстық ішкі істер департаменті басшылығына шығып, талапты немесе кадрларды өзгерту туралы мәселені айту ойымыз бар.

Пәтер ұрлығы көп бізде. Ол мойындайтын жағдай. Бұл бағытта барлық іс-шаралар жүргізіліп жатыр, кезекшілікпен жұмыс жүргізілуде. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тілімен айтсақ, бұл сериялық қылмыс болып тұр. Алайда қылмыстың беті ашылмай тұр. Бұл бағытта ішкі істер басқармасы тарапынан  дұрыс шара қабылданады деп ойлаймыз. Өйткені, жақында ауданымызда аудан прокуратурасы, зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан жиын болды. Басқосуда өз тарапымыздан талап қойдық. Құқық қорғау органдарының өкілдері қазіргі уақытта қандай жұмыс жүргізу турасында баяндады. Өзгерістер болады деп үміттенеміз.

— Сонда сіздер өз тараптарыңыздан қандай талап қойып отырсыздар?

—  Біріншіден, учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыру керек. Ауылдағы учаскелік инспектор әрбір үйде кімнің есепте тұрғанын анықтап, ауылға кімнің қай үйге қонаққа келгенін нақты біліп отыруы керек. Жұмысқа жаңадан келген мамандар бар. Сондықтан бұл істің қыр-сырын көп білмей жатқандары бар. Тағы бір талап — ауыл ішіндегі адамдармен былайша айтқанда «агент» дейді ғой, қоян-қолтық жұмыс жасау. Бұл жұмыста да кішкене олқылықтар бар екен. Ауыл инспекторларына жұмысты жеделдету керек. Жақында бір жағдай болды, оған өзім куә болдым. Аудан орталығындағы Байтұрсынов көшесі бойында кешкі сағат 21.00 шамасында мотоцикл мен «Газель» соқтығысты. Мотоцикл жүргізушісі қатты жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды. Бұл кезде мен кешкі аралау жұмыстарын жүргізіп жүргенмін. Содан оқиға болған жерге бардым. Сол бойы аудандық ішкі істер бөлімі басшылығына хабар бердім. Бірақ, құқық қорғау органы мамандары оқиға орнына 35 минуттан соң ғана келді. Ал оқиға аудандық ішкі істер бөлімі орналасқан ғимаратқа жақын жерде орын алды.  Мұны құқық қорғаушылардың жұмысқа деген немқұрайлылығы деп түсіну керек.

Ақұштап Зейінова, зейнеткер:

— «Зәру»  пантамен емдеу шипажайының бағасын жергілікті жұртшылықтың қалтасы көтермейді. Әсіресе, зейнеткерлер үшін өте қымбат. Аудан тұрғындарына жеңілдіктер жағын қарастыруға болмай ма? Екінші сауалым — «Зәру» пантаемдеу орталығында отбасына арналған «Отбасылық күндер» жобасы жүзеге асырылыпты. Отбасылық демалыс  үшін баға қандай? Қай күндерге белгіленген?

— «Зәру» пантамен емдеу орталығы — жеке кәсіпкердің ашқан бизнесі. Біз өз тарапымыздан жеңілдік жасау туралы талап ете алмаймыз. Халықтың сұрауы бойынша орталық басшылығына өтініш жасалды. Алайда, аудан халқының барлығына бірдей жеңілдік жасау мүмкін емес. Зейнеткерлер үшін өздерінің қарастырған жеңілдіктері бар. Ол кісілер орталық әкімшісіне жолыққан әрбір адамның мәселесін шешуге тырысады.  Бүгінгі күні жеке кәсіпкер пантаемдеу орталығында жиырмадан астам жаңа жұмыс орнын ашты. Ең бастысы — ауданға инвестиция келді. Алдағы уақытта да үлкен жұмыстар жүргізілетін болады. Бүгінгі күні Мәртөк ауданында 30 мың халық тұрады. Сондықтан аудан территориясында бизнес ашқандарға жергілікті тұрғындар үшін «тегін немесе жарты бағасына қызмет көрсет» деп айту дұрыс емес. Әрбір жұма, сенбі, жексенбі күндері  «Зәру» орталығында отбасыңмен демалуға арнайы күндер қойылған. Егер әр орын ол жерде 18 мың теңге болатын болса, ол кезде жеңілдікпен екі орынға 20 мың теңге төлеп, тынығып, ем қабылдауға болады.

Тікелей желі сұхбатын жүргізген Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button