Жаңалықтар

Ақтөбеде республикада тұңғыш рет аналар слеті өтеді

Ақтөбеде республикада бірінші рет Аналар слеті өткізілмек. Қыркүйек айының 20-21 күндері еліміздің түкпір-түкпіріндегі қоғамда түрлі жетістіктерге жеткен аяулы аналар Ақтөбеде бас қосады. Олардың қатарында батыр аналар, қаламгерлер, өнер адамдары, қоғам қайраткерлері, дәрігерлер, ғалымдар, парламент депутаттары, құқық қорғау саласының қызметкерлері, ақпарат құралдары өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, басқа салаларда қызмет етіп жүрген аналар бар.

Слеттің өту барысы, оның мақсаты мен міндеті туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова айтып берген болатын.

Бұл слетті өткізуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ұйытқы болып отыр. Елімізде алғаш ұйымдастырылғалы отырған шараға Ана деген аяулы атқа лайықты елімізге белгілі әйелдер шақырылып отыр. Олардың қатарында жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, әнші, КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Марфуға Айтқожина, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, жерлесіміз, жазушы, қоғам қайраткері Бибігүл Иманғазина елге есімі белгілі тағы да басқа әйелдер бар. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы әйелдер істері отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауы бойынша облыс әкімдерінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасарлары да шақырылып отыр. Бұл салада еңбек етіп жүрген әйелдер баршылық.

Ана — тіршіліктің бастауы, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Қазақта «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызыңнан құтыла алмайсың» деген сөз бар. Ананы қазақтай құрметтейтін ел жоқ шығар… Сондықтан осы шарада аналардың басын қосып, оларға құрмет көрсетейік, олардың айтарын тыңдайық, отбасылық құндылықтың, ана деген аяулы есімнің мәртебесін арттыруға, бала тәрбиесіне қатысты ой-пікірлерін тыңдайық деген мақсат бар.

Бүгінде слетке қатысушы қонақтардың тізімі жасақталып, бекітілді. Барлығы жүзден астам адам қатысады деп жоспарланып отыр.

— Екі күнге созылатын слет барысында қандай шаралар өткізіледі?

— Келген қонақтар 20 қыркүйек күні әйелдер басқаратын, соның ішінде әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп отырған орындарға, облыста соңғы жылдары ашылған әлеуметтік нысандарға барады. Мәселен, арнайы киімдер тігетін «Глобал» өндірістік кооперативін бүгінде әйел басқарып отыр, мұндағы жұмысшылардың да дені әйелдер. Кооперативте әйелдердің алаңсыз жұмыс істеуіне бар жағдай жасалған. Қонақтар осы мекеменің іс-тәжірибесімен танысады. Сондай-ақ облыстағы отбасын жоспарлау орталығына бару жоспарланып отыр. Бұған қоса қаламыздағы әлеуметтік орындар — «Жұбановтар әлемі», Шығармашылық академиясы, Жекпе-жек сарайы, «Сымбат» мектебі, «Дару» клиникасы, Неке сарайы сынды бірнеше мекемеге барады. Осы күні кешке Студенттер сарайында Ақтөбеден шыққан өнерпаздардың қатысуымен «Әйел әлемді тербетеді» атты мерекелік концерт ұйымдастырылады. Концертке слет қонақтары, өзіміздің зиялы қауым өкілдері, қала және ауданнан келген делегациялар қатысады.

Слеттің екінші күні — 21 қыркүйекте таңертең рухани-адамгершілікке тәрбиелейтін «Анаға тағзым» орталығының ашылуы салтанатты түрде өткізіледі. Бұл орталық — Аналарға құрмет көрсету мақсатында жүзеге асырылған еліміздегі бірегей жоба. Ананы сыйлап-құрметтеудің тамаша дәстүрін дәріптейтін, кейінгі ұрпақты рухани тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратын орталықтың бой көтеруіне біздің меценаттар, ақтөбеліктер өз үлесін қосты. Бұл орталықта отбасындағы қыз тәрбиесі, оның келін, жар, ана, ене болу жолындағы тәрбиесі, отбасының шырақшысы, ұйтқысы болу, отбасылық құндылық мәселелері туралы келелі әңгімелер айтылатын болады. Оған қоса бұл кешенде кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында тарихта есімдері ерекше аталатын әйелдер, аналар туралы ақпараттар тоғыстырылады.

Осы күні Өнер орталығында еліміздің түкпір-түкпірінен, облыстардан, аудандардан келген қонақтардың қатысуымен Аналар слеті өткізіледі. Ісімен, өнегесімен үлгі болған аналар халық алдында сөз сөйлейді, бір сөзбен айтқанда, бұл слет Аналардың алып диалог алаңына айналады.

Өнер орталығының фоэсінде «Аналар қолымен жасалған» өндірістік көрме ұйымдастырылмақ. Осы слет аясында білім, мәдениет, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жастар мәселелеріне қатысты жеті тақырып бойынша дөңгелек үстелдер, семинарлар, шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Осы салада жетістікке жетіп жүрген әйел азаматтар білген-түйгенімен бөліседі.

Слет аяқталған соң қонақтар, облыстардан келген делегация мүшелері Неке сарайында өтетін шараға қатысып, жас отбасыларға неке қию туралы куәліктерін тапсырады.

Секциялық отырыстар аяқталған соң Тахауи Ахтанов атындағы драма театрында отбасылық құндылықты, татулықты насихаттайтын «Бір түп алма ағашы» спектаклі қойылады.

Айта кету керек,осыдан бір жарым ай бұрын Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы өндіріс саласында қызмет етіп жүрген әйелдерге қолайлы жағдай туғызу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп отырған кәсіпорындар арасында байқау жариялаған болатын. Слет барысында осы байқау қорытындыланып, жеңімпаздар анықталмақ. Оған қоса облыстық білім басқармасы ұйымдастырған «Мен анамды мақтан етемін» атты балалар шығармашылығы сайысы жеңімпаздарының еңбектері қойылып, балалардың «Менің анам бақытты» атты  сурет көрмесі өткізіледі. Сондай-ақ облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің, «Үш таған» журналының арнайы мерекелік сандары жарық көреді. «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында облыстағы үлгілі отбасылар, аяулы аналар туралы бағдарламалар жарияланып келеді.

Бұл слет «Ана» деген ұғымның тек отбасында ғана емес, қоғамдағы орнының қаншалықты қадірлі екенін тағы бір рет көрсетуге, оның мәртебесін көтере түсуге, отбасы құндылықтарын арттырып, қыз тәрбиесіндегі олқы тұстардың орнын толтыруғасептігін тигізетін керемет бір рухани шара болады деп сенемін.

 Әңгімелескен Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button