Жаңалықтар

Тіл мәртебесі — ел мерейі

5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдері күні. Осыған орай кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаеваның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Басқарма басшысы тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының ІІІ кезеңі аясында өңірімізде атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндады. Жиынға, сондай-ақ,  тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Серғазина да қатысты.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі күні облыс халқының 93 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Облыс тұрғындарының орыс тілін меңгеру көрсеткіші де нақ осындай.

— Айта кету керек, өңірде қазақ тілі мен орыс тілін меңгерген азаматтар қатары 2016 жылы теңесті. Оған дейін орыс тілін меңгергендер үлесі жоғарырақ болатын. Соңғы жылдары мемлекеттік тілді үйренген өзге ұлт өкілдерінің үлесі артып келеді, — деді Гүлайым Тельманқызы.

Ал үш тілді меңгергендер үлесі бүгінде 18,8 пайыз болып отыр.

Жалпы қазір әлемде қарым-қатынас құралы ретінде қолданыста жүрген 3 мың тіл бар болса, солардың 100-ден астамы ғана мемлекеттік мәртебеге ие екен. Облыстағы мемлекеттік басқару органдарында іс-қағаздардың 97 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі. 2006 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 33 пайызға артқан.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, бүгінгі күні ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылға дейін латын графикасына толықтай көшу жоспарланған.

Жиында облыста ұлттық онамастикалық кеңістіктің қалыптасуы төңірегінде де сөз қозғалды. Тәуелсіздік жылдарында өңірде 146 елді мекенге тарихи атаулары қайтарылған.

Қазіргі күні балалардың алғашқы тілдік дағдыларын дамытатын «Күншуақ» журналы (тегін таратылады), балаларға арналған сөздіктер, сондай-ақ, оқытушылар үшін «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» журналы жарыққа шығарылып отыр.

Соңында Гүлайым Төлебаева БАҚ өкілдері сауалдарына жауап берді.

 И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button