Басты жаңалықтар

Жаңа оқу жылына — жаңа мектеп

Конституция күні қарсаңында Ақжар-2 елді мекенінде Мәлік Ғабдуллин атындағы №70 жаңа орта мектеп пайдалануға берілді. Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтады.

— Әрбір мемлекеттің дамуы, болашағы оның халқының тұрмысына, білімді, денсаулығы мықты азаматтарына байланысты. Ал биліктің басты міндеті — халықтың жан-жақты дамуына жағдай жасау, сондай-ақ заман талабына сай білім ордаларын салу. Елімізде білім саласына ерекше мән беріліп келеді. Бүгінгі таңда осы мақсатта облыс аумағында 26 мектеп салынып жатыр. Оның 9-ы 1 қыркүйекке дейін берілсе, қалғанын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұның барлығы мемлекеттің, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан  Назарбаевтың дұрыс жүргізіп отырған саясатының арқасында, — деді Б.Сапарбаев.   

Сондай-ақ облыс әкімі өз сөзінде елімізде балалар үшін өзге де қыруар жұмыстар атқарылып жатқандығын айта келе, мектеп табалдырығын жаңадан аттағалы отырған оқушыларға жақсы оқуларына кеңес берді.

— Мынандай заманауи жабдықтармен жабдықталған білім ордасында біздің балалардың нашар оқуы мүмкін емес. Сондықтан балалардың білімді болып шығуы алдымен ұстаздарға тікелей байланысты. Ал, балалар, сендер шаршамай, ерінбей оқуларың керек. Тіл үйреніңдер. Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін талмай еңбек етулерің қажет, — деді облыс әкімі.

Жаңа білім ордасының лентасы қиылған соң облыс әкімі бастаған басшылар тобы ғимараттың ішін аралап көрді. Жаңа оқу жылы қарсаңында ашылған үш қабатты мектеп 900 орынға есептелген. Кітапхана, асхана мен спорт залдары арнайы заманауи жабдықтармен жарақталған. Сондай-ақ білім ордасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жеделсаты, арқалықтары бар пандустар бар. Мектеп ғимараты екі ауысымға, 48 сыныпқа есептеліп салынған. 218 адамға арналған акт залы үлкен сахна мен киім ауыстыратын бөлмеден тұрады. Бұдан өзге мектеп ауласында серуендеп демалатын орындар мен арнайы спорт, ойын алаңдары бар.

Жаңа мектептің ашылғанына ауыл тұрғындары да ерекше қуанышты. Әсіресе  балалары №45 және №49 мектептерге автобуспен қатынап оқитын ата-аналар дән риза.

— Бүгінгі мерекеге екі немере қызыммен келдім. Бірі 3-сыныпқа аяқ басса, екіншісі 5-сыныпқа барады. Бұған дейін  №49 мектепке қатынап оқып жүрді. Бүгін, міне, үйіміздің қасынан жаңа мектеп ашылды. Өте қуаныштымыз. Ішін аралап шықтық. Барлығы керемет. Оқимын деген балаға барлық жағдай жасалған, — дейді Тұрсынгүл Шүйелбаева.

Айта кетейік, қалалық білім бөлімі берген мәліметке сәйкес №70 мектептің ашылуы қаладағы №45 және №49 орта мектептердегі, сондай-ақ Ақжар-1 елді мекенінде орналасқан Ақжар бастауыш мектебіндегі үш ауысыммен оқу мәселесінің шешілуіне ықпалын тигізді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button