Басты жаңалықтар

Ырысы мол Ырғыз

Сенбі күні «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында өткен Ақтөбедегі Ырғыз ауданының күндері аясында «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, орталық саябақта аудан өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.

25 шаруашылық өз өнімдерін ұсынды

«Табыс» коммуналдық базарында өткен ауылшаруашылық жәрмеңкесіне облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин келіп, ырғыздықтар әкелген ауылшаруашылық өнімдерін көріп, шаруалармен тілдесті.

Аталған жәрмеңкеге Ырғыз ауданы 3,6 тонна сиыр етін, 300 келі жылқы етін, 600 келі қой етін, 1,5 тонна балық, 12 тонна қауын-қарбыз, 100-200 келі қияр мен қызанақ, 50 литр қымыз, 25 литр шұбат, 30 келі сарымай, 60 келі құрт әкелді.

Жәрмеңкедегі тауарлар қаланың дүкен-базарларындағы бағалармен салыстырғанда 10-15 пайызға арзан бағамен ұсынылды.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Амантай Досекешевтің айтуынша, жәрмеңкеде Ырғыз ауданынан келген 25 шаруа қожалығы өз өнімдерін сатылымға қойған.

Биылғы жылы ауданда жаңадан ірі қара өсіретін 10 шаруашылық, қой өсіретін үш шаруашылық ашылды. Ауданға берілген тапсырма бойынша биыл ірі қара малы бойынша — 30, қой өсіретін 8 шаруашылық ашуымыз керек. Жоспар бойынша бұл бағытта жұмыстар жасалып жатыр. Аудан бойынша биыл өнім жылдағыдан 4,5 пайызға жоғары. Жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті 5 пайызға дейін жеткізу жоспарда бар. Қазіргі таңда ауданда қысқа мал азығын дайындау бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінге дейін 204 мың тонна жем-шөп дайындалды, — дейді А.Досекешов.

Жәрмеңкеге өз өнімдерін әкелген шаруашылықтардың бірі — құмтоғайлық «Рысқали» шаруа қожалығы.

Бүгінгі жәрмеңкеге сиыр етін әкелдік, келісін 1250 теңгеден сатып жатырмыз. Біздің шаруашылық 1998 жылдан бастап ірі қара, қой, жылқы өсірумен айналысады. Ырғыздың малының еті дәмді ғой, қала тұрғындары таласып алып кетіп жатыр. Етті қала базарларының бағасынан 10-15 пайызға арзан бағамен беріп жатырмыз, — дейді шаруашылық есепшісі Гүлсім Ердіғұлова.

Жәрмеңкеде аңғарғанымыздай, ауданнан келген ет, сүт, көкөніс өнімдері мол болды. Соған қарамастан қала халқы арзан бағаға сатылған ауылшаруашылық өнімдеріне таласып қалды. Сондай-ақ тұтынушылар ырғыздық шаруалардың жаңа өнімдеріне қызығушылықпен қарап, жақсы баға беріп жатты. Мысалы, қала бойынша бүгінгі күні қарбыздың бір келісі 70-80 теңге болса, ырғыздықтар 50 теңгеге сатты.

Нұра ауылынан келген «Н.Сыдық» шаруа қожалығының өкілі Алмат Сыдықовтың айтуынша, шаруашылық жәрмеңкеге 350 келі сазан, 50 келі табан балық әкелген.

 

Қармақкөл су айдынын жалға алған қожалық бүгінде ауданда балық аулап, сатады. Сазанның бір келісі — 500, табанның бір келісі 300 теңге тұрады.

Бүгінгі жәрмеңкеге Нұра ауылдық округінен «Н.Сыдық», «Парасат», «Уәли» шаруашылықтары келіп отыр. Ауданда негізінен мал шаруашылығымен айналысатын 23 қожалық бар. Сондай-ақ 16 кәсіпкер жұмыс жасайды, олардың дені бақша егумен айналысады. Біздің округтен 5 тонна қарбыз, 500 келі балық әкелдік. Жалпы Ырғыз ауданында 80-нен астам көл болса, соның елуге жуығы біздің округте. Оның алтауын кәсіпкерлер жалға алып, жұмыс жасап жатыр. Болашақта мұздатқыштар қойып, цех ашу жоспарда бар, — дейді Нұра ауылдық округінің әкімі Жолаушыбай Төлебайұлы.

Жыл сайын аталған жәрмеңкеге өз өнімдерін әкелетін «Қолғанат» шаруа қожалығы бұл жолы бір жылқы етін, 30 литр қымыз, сондай-ақ 15 келі құрт әкеліпті.

Қымыздың бір литрін 500 теңгеге, жылқы етін 1500 теңгеге сатып жатырмыз. Ауылдың табиғи, дәмді өнімін қала тұрғындары таласып алып жатыр. Әкелген еңбегімізге қарай өнімдеріміздің өткеніне біз де ризамыз. Біздің қожалықта бүгінгі күні жүзге жуық ірі қара, қой, 30 жылқы бар. Қазіргі таңда 10 бие сауып отырмыз, — дейді шаруашылық өкілі Ерік Ержанов.

Бар жақсылық — балаларға!

Бұл күні ырғыздықтар облыстық қазақ зағиптар қоғамында қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Аудандық жұмыспен қамту бөлімі, білім бөлімі және аудандық аурухана ұйымдастырған акция аясында 12 балаға қаржылай және естелік сыйлықтар үлестірілді. Сондай-ақ аталған ұйымға ноутбук тарту етілді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мирхан Әттиевтің айтуынша, ауданда алдағы уақытта зағиптар қоғамының филиалы ашылмақ. Бүгінгі күні ауданда 49 зағип бар.

Сондай-ақ Ақтөбедегі Ырғыз ауданының күндері аясында Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта балаларға 500 балмұздақ тегін таратылып, 35 балаға «Мектепке жол» акциясы бойынша оқу құралдары мен сөмкелер табысталды.

Көрмелер ұйымдастырылды, палуандар белдесті

Ырғыз ауданының күндеріне арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар кешкілік ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық демалыс саябағында жалғасты.

Бұл шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ Ырғыздан шыққан зиялы қауым өкілдері келді.

Саябақ алаңына аудандық кітапхана, көркемсурет мектебі және аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымдары жылжымалы көрме ұйымдастырып, қала тұрғындарына Ырғыздың тарихы, осы өңірден шыққан ақын-жазушылардың, зиялы қауым өкілдерінің өмірі мен шығармаларын таныстырды.

Бүгінгі шарада оқырмандарға Ырғыздан шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын таныстырып, балаларға арнап акция ұйымдастырып жатырмыз. Оқырман үшін біздің ең алдымен ұсынатын әдебиеттеріміз, мағлұматтарымыз маңызды.

Биылғы жыл аудандық кітапхана үшін табысты жыл болып отыр. Себебі биыл республика көлемінде өткен «Рухани қазына» фестивалінде кітапханамыз «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар кітапхана» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ биыл өңірімізде «Кітап оқу — ел мәдениеті» атты облыстық зерделі кеңес өткізілді. Алдағы уақытта «Рухани қазына» бағдарламасы аясында ауыл кітапханаларын жаңғырту мақсатында Ырғыз ауданының Қызылжар елді мекенінде ауылдық кітапхана жанынан коворкинг орталығын ашу жоспарланып отыр, — дейді аудандық кітапхана директоры Марат Мырзалы.

Сондай-ақ аталған шарада қала тұрғындары «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты ұйымдастырған табиғат жәдігерлерінің көрмесін тамашалап, ырғыздықтар дайындаған ұлттық тағам түрлерінен дәм татты.

Бұдан кейін саябаққа жиналған жұртшылық ырғыздық өнерпаздардың дайындаған «Жұлдызы биік Ырғызым!» атты концерттік бағдарламасын тамашалады.

Концерттік бағдарлама аясында осы өңірден шыққан белгілі әнші Аллаберген Жақсыбаев әннен шашу шашса, Ырғыз халықтық этнографиялық-фольклорлық ансамблі ортада халық әндерін орындады. Сондай-ақ шарада ауданнан келген өнерпаздар өз өнерлерін көрсетті.

Саябақ алаңында спортшылар қазақша күрес, гір көтеру, асық ату, бұқа тартыс, ләңгі тебу сияқты ұлттық ойын түрлерінен жарыс өткізді. Ұлттық ойындарға облыс жастары белсене қатысты.

Атап айтсақ, қазақ күресінен оқушылар арасында ұйымдастырылған облыстық турнирде 5 салмақ бойынша Ақтөбе қаласы және Қарғалы, Байғанин, Ырғыз, Әйтеке би аудандарынан барлығы 37 палуан қатысып, өзара бақ сынасты.

Нәтижесінде І орынды 32 келі салмақ бойынша ырғыздық Саламат Нұрлыбекұлы,

35 келі салмақ бойынша Ақтөбе қаласының намысын қорғаған Ерұлан Ешмұханов,

38 келі салмақ бойынша Ырғыз ауданынан келген Нұртай Иманқұл, 42 келі салмақ бойынша Қарғалы ауданынан келген Бексұлтан Жолдасов, сондай-ақ 42 келіден жоғары салмақ бойынша ырғыздық Ерасыл Жандосұлы жеңіп алды.

Шара соңында барлық жеңімпаздарға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button