Жаңалықтар

Спорт саласы: өзекті мәселелер талқыланды

 

Бейсенбі күні Жекпе-жек сарайында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиында облыстағы дене шынықтыру және спорт саласының өзекті мәселелері талқыланды.

Аталған жиынға басқарма қызметкерлері, федерация және спорт мектептерінің басшылары, спортшылар мен ардагерлер қатысты.

Басқосуда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы спорт саласының дамуы, аталған саладағы негізгі мәселелерге тоқталды.

Адам үшін де, мемлекет үшін де спорттың маңызы зор. Бүгінгі күні облыста спорт саласын дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Ең негізгі мақсат — Мемлекет басшысының бұқара халықты спортпен байланыстыратын нысандарды көбейту туралы берген тапсырмасын орындау.

Қазіргі таңда облыстағы халықтың 31 пайызы спортпен айналысады. Спорттың материалдық-техникалық базасын нығайту, берілген қаржыны көбейту мақсатында өңірде жан-жақты жұмыстар жасалуда. Тек қана бюджеттен емес, бюджеттен тыс демеушілерді, белгілі кәсіпкерлерді тартып, ауылдарда, аудан орталықтарында спорт ғимараттарын салып жатырмыз. Ал футболымыз әрі қарай өзінің жалғасын табады. Спортты дамытудың негізгі жолы — спорттың материалдық-техникалық базасын нығайту, жаттықтырушыларға жағдай жасау. Өкінішке қарай, бүгінгі күні қол жеткізген спорттағы жетістіктеріміз аз. Соңғы үш жылдың ішінде облыс бойынша бірде-бір олимпиадалық ойындарға кіретін спорттың түрінен чемпион, азиялық ойындардың жүлдегері шыққан жоқ. Бұл жүйелі жұмыстың жоқтығынан. Сол себепті нәтиже де төмен болып отыр, — деді облыс әкімі.

Өз сөзінде облыс басшысы спорт саласында жыл сайын жаңа ғимараттар бой көтеріп жатқанымен, спортшылардың нәтижелері төмен, жетістіктері аз екенін, алдағы уақытта  жоспарлы түрде жұмыстар жасалу керектігін атап өтті.

Бұдан кейін жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов баяндама жасап, спорт саласындағы негізгі мәселелерге тоқталды.

Спорт саласының дамуында облысымыздың, еліміздің имиджін көтеретін бұқаралық спорттан бөлек бағыт – спортшыларды жоғары жетістіктерге жеткізетін спорт түрлері. Биыл осы бағытта спорттық федерациялармен жұмысты жандандыру мақсатында шілде айында «А» тобына енген олимпиадалық спорт түрлерінің өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында спортшыларымыздың ірі халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізудегі өзекті мәселелері қаралды.

Бүгінгі күні жоғары деңгейлі спортшыларды дайындауда федерациялардың рөлі зор. Мысалы, спорт түрлері бойынша шетелдік болсын, республикалық болсын, мамандарды, спорттық дәрігерлерді, психологтарды облысқа тарту тікелей федерациялардың қолдауымен жүзеге асырылуы қажет. Бұл — республикада ұлттық құрама команданы даярлауда қолданылатын тәжірибе. Ал, бүгінде ондай тәжірибе тек теннис және су спорт түрлерінде жүзеге асырылуда. Өкінішке қарай, бүгінгі күні, көптеген федерациялардың міндеттері келген қонақтарды қарсы алу мен «дайын» спортшыларға сыйақы табыстаумен ғана шектеліп отыр. Бөлінген қаржылар облысымызға республикамыздан және жақын шетелдерден білікті мамандар тартуға жұмсалса, спортты дамытуда федерациялардың қосар үлесі молырақ болар еді.

Осыған орай, алдағы уақытта, федерациялармен қосымша кездесулер ұйымдастырылып, ортақ мақсат-міндеттер айқындалатын болады. Сонымен қатар, бүгінгі күні жас мамандарға практикалық көмек көрсету мақсатында облыстағы беделді және білікті ардагерлерден тұратын ардагерлер кеңесі құрылып, бірнеше отырыстар өткізілді. Қазіргі таңда ардагерлерді толғандырып отырған өзекті мәселелердің бірі — студенттер арасындағы спорттың дамуы,— деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні спорт саласындағы мәселелердің бірі — спорт мектептерінің құрал-жабдықтармен аз қамтылуы. Соңғы деректерге сүйенсек, облыста спорттық мектептердің қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу көрсеткіші — 8,5 %, ал қажеттілік 91,5 %-ды құрап отыр. Сондай-ақ облыстағы олимпиадалық резервті даярлау орталығының мақсат-міндеттері мен қызметіне сәйкес, спортшылармен және жаттықтырушылармен, оның ішінде жергілікті органмен келісім бойынша шетелдік жаттықтырушылармен шарт жасасу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда бүгінгі күнге дейін олимпиадалық резервті даярлау орталығы аталған бағытта жұмыстар жүргізбеген.

Ұлттық олимпиада комитетінің тәжірибесі аясында алдағы уақытта олимпиадалық резервті даярлау орталығына білікті мамандар тартылады. Сонымен қатар, жергілікті үздік мамандарды ынталандыру мақсатында, оларға орта есеппен 250-300 мың теңге еңбекақы төлеу жөнінде келісімшарттар жасау көзделіп отыр.

Бүгінгі күні спорт саласы бойынша қаржыландыруда нақты жоспарлау жүйесі жолға қойылмаған. Атап айтсақ, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында спортшылар мен жаттықтырушылардың іссапар шығыстарына арналған қаржының 87,7 пайызы игеріліп қойған. Алайда жылдық спорттық күнтізбенің ерекшелігін ескеретін болсақ, маңызды халықаралық және республикалық кешенді жарыстар екінші жартыжылдыққа жоспарланған. Спорт түрлерін қаржыландыруда нақты жоспарлау жүйесінің болмауына байланысты бүгінгі күні 70 миллион теңге көлемінде қажеттілік туындап отыр. Бұл жөнінде біз жуырда өткен мәслихат сессиясында 70 миллион теңге көлемінде бюджеттік ұсыным жасап, оның 10 миллион теңгесі мақұлданды. Алдағы уақытта бұл мәселе басты назарда болады, — деді М.Махамбетов.

Басқосуда спорт мекемелерінің басшылары мен ардагерлері өз сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі:

  • Облыста спорт саласын дамыту үшін барлық жағдай жасалуы керек. Әсіресе, аудан орталықтарында спорт ғимараттарын, алаңдарын көптеп салу керек. Бұл бағытта аудан әкімдіктері мен басқарма тығыз байланыста жұмыс жасап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуды ұйымдастыруы қажет. Сондай-ақ жаз айларында жазғы спорт түрлерін, қыс айларында қысқы спорт түрлерін дамытып, әртүрлі жарыстар өткізіп, жас спортшыларды, ауданның балаларын спортқа тарту керек. Ал футболға келсек, Ақтөбеде футбол бар және болады. Бірақ бұрынғыдай емес таза, шынайы футбол болуы керек. Біз «Ақтөбе» командасын қолдаймыз. Бәріміз бірігіп, ендігі уақытта облыстың спорт саласын дамытуымыз керек. Еліміздегі спорттың дамуына біз де өз үлесімізді қосуға тиіспіз, — деді.

Жиын соңында облыс басшысы алдағы уақытта облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен айналысуына жағдай жасау, Байғанин, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Хромтау аудандарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорт кешендерін салу, спорт нысандары жоқ ауылдарда «Туған жерге тағзым» акциясымен спорт алаңдарын, хоккей кордтарын салу, облыстық футбол клубының қаржы мәселесін түбегейлі шешу, жанкүйерлердің клубқа деген оң көзқарасын қалыптастыру, биылғы жылы шайбалы хоккейден облыстық жастар арасындағы құрама команданы жасақтау, сондай-ақ ауыл-аймақтарда бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру туралы басқарма басшысына, аудандық әкімдіктер мен спорт бөлімдерінің өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button