Жаңалықтар

Малдың шөптен уланғаны анықталды

Атам қазақ «Айдап салмен — мал өспейді» дегенде, мал бағудың қиындығын айтқан. Қандай малға да ерекше күтім керек. Ал мұхит асып, шеттен әкелінген асылтұқымды малдың бағымы тіпті ерекше болады екен. Жақында Хромтау ауданының Қопа ауылында орналасқан «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үбектеп бағып отырған асылтұқымды ірі қара малының 253 басы бір күнде қырылды. Жедел тексеру, зертханалық зерттеу жұмыстарын жүргізген арнаулы мамандар бұл малдардың шөптен уланғанын анықтады. Әйтсе де кейбір ақпарат құралдарында бұл оқиға жөніндегі алып-қашпа әңгімелер әлі де басылмай тұр. Осыған байланысты кеше Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау комитетінің өкілдері мен ветеринария саласының мамандары, аталған шаруашылықтың басшылары оқиға болған жерде болып, журналистерге жан-жақты түсінік берді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов қатысты. Бұл жолы да республикалық, облыстық деңгейдегі ветеринарлық мамандардың, шаруашылық жетекшілерінің сөздері малдың шөптен уланғанына нық бекіді. Мамандар қысқа қайырып айтқанда, былай дейді:

Арман Өтеғұлов, республикалық ветеринарлық зертхананың басшысы:

— Соңғы уақыттарда бұқаралық ақпарат құралдарында «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаруашылығында орын алған келеңсіз оқиға жөнінде мәліметтер беріліп жатыр. Соған байланысты әдейі келгенмін. Жанымда осы саланың мамандары бар. Жағдаймен толық таныстық. Қазіргі күнде шаруашылықтың жағдайы тұрақты. Өлген малдардың барлығы залалсыздандырып, жойылған. Малдың халық арасында есекмия аталатын шөптен уланғаны анық. Алдағы уақытта біз бұдан сабақ алып, жалпы еліміз бойынша малды азықтандыруда жемшөптің сапасын қадағалауға байланысты арнайы кеңестерімізді беретін боламыз.

Жалпы мұндай оқиғаны болдырмау үшін әрбір шаруашылықта малды азықтандыруды қадағалайтын, жемшөптің сапасын тексеріп отыратын арнаулы маман болуы қажет.

Сафиула Зарманов, республикалық ветеринарлық зертхананың Ақтөбе филиалының директоры:

— Зертхана жедел зертеу жұмыстарын жүргізді. Алғашқы кезекте аса қауіпті індетті мал ауруларына тексерілді. Алайда сынама ол жағынан таза болып шықты. Содан кейін малдың ішкі құрылысын зерттеу арқылы, улы шөптен уланғаны анықталды.

Қопадағы қожалықтың басшысы Оразақ Самұратов келген мамандар мен ақпарат құралдары өкілдеріне оқиға болған жердегі мал азығын көрсетіп, малдың шөптен уланғанына көздерін жеткізе түсті. Мұнымен бірге, оқиғаның қалай болғанын, оның ішінде малдың етінің жедел залалсыздандыру шарасы алынғанын айтып берді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button