Басты жаңалықтарДенсаулық

Гиннес рекордын жаңартуға жасалған қадам

Ақтөбедегі «Денсаулық» саябағында арнайы ұйымдастырылған шарада бір сағат уақыттың ішінде 4 мыңнан астам адамның қан қысымы өлшенді. Бұл — әлем бойынша рекордтық көрсеткіш. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы осы оқиғаны Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге тапсырыс беріп отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бір сағат уақыт ішінде қан қысымын өлшеткен адамдардың саны бойынша қазіргі рекордтық көрсеткіш 2015 жылы Үндістанда тіркелген. Ол көрсеткіш 3,6 мың адамды құрайды. Осы рекордты жаңарту мақсатындағы тапсырыс ақпан айында жіберіліпті және бұл іс-шара Астананың 20 жылдық мерейтойына орайластырып ұйымдастырылған. Жаңа рекордты тіркету мақсатында, өткізілген іс-шара бойынша тиісті құжаттар, сондай-ақ бейне, аудио және фотоматериалдар Лондондағы арнайы комиссияға жолданбақ. Ол жақтың жауабы екі апта ішінде жіберіледі.

Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданында орналасқан «Денсаулық» саябағы бұл күні лық толы болды. Акцияға, негізінен, 18 бен 60 жас аралығындағы жандар шақырылды. Қан қысымын тексертуге келгендер алдымен тіркеуден өтіп, соған сәйкес нөмірлер иеленді. Оларға медицина саласында еңбек етіп жүрген 500 адам қызмет көрсетті.  Шараны бастау уақытын ардагер спортшы Борис Романюк жария етті.

Қан қысымын өлшеткен жандардың арасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған облыс басшылығы да болды.

Медицина қызметкерлері кезекке тұрған жұрттың қан қысымын өлшеп қана қоймай, тонометрдегі көрсеткішке қарай әр адамға қажетті кеңестер жазылған парақшалар ұсынды. Парақшаларда қан қысымындағы ауытқушылықтарға немесе ол қалыпты болған жағдайда, гипертонияның алдын алуға байланысты, күнделікті күтім шаралары нақты көрсетілген.

— Біздің орталықтың 10 қызметкері осы шараға қатысып отыр. Сондай-ақ, жақындарымыз бен достарымыздың арасынан 110 адамды өз денсаулықтарын тексертуге шақырдық. Қан қысымын өлшету — денсаулық үшін өте маңызды шара, әрі қан қысымын қалыпты ұстау мақсатындағы дәрігерлер кеңесінің де пайдасы зор, — дейді облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Анна Касперова.

Расында, бұл күнгі акция үшін қан қысымын өлшеу тегіннен-тегін таңдап алынбаған. Жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары өлімге себепші дерттердің арасында «бірінші орында» тұрса, ал олардың ішінде ең көп кездесетін түрі — артериялық гипертония (қан қысымының жоғарылығы) екен. Сондықтан дәрігерлер осы мәселеге жұртшылық назарын аударуды көздеп отыр.

Акцияға екі бақылаушы мен 80 ерікті қатысты. Іс-шара жастардың флешмобына ұласып, соңынан аспанға жүрек пішіндес шарлар ұшырылды.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button